Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мемлекеттік органдардың отырыстарының онлайн режимде өткізілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz
"Біздің министрлікке қатысты айтар болсам, дөңгелек үстел мен отырыстың бәрі де әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирден көрсетіледі. Менің ойымша басқа да мемлекеттік органдар өз жұмысын онлайн-режимде өткізуге тырысып жүр. Сол секілді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы да онлайн трансляция арқылы берілді. Осы үлгі бойынша басқа да мемлекеттік органдар жұмыс жүргізер деген ойдамын", деді Аида Балаева ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министрге баспасөз мәслихаты барысында тілшілер мәслихаттардың отырыстарына қатысты сұрақ қойды. Тілшілердің бірінің айтуынша Алматы қаласының мәслихаты онлайн-трансляция жүргізбейді, сессияларға журналистерді кіргізбейді.
"Мен бұл мәселемен таныспын. Осыған байланысты мен де Алматы қаласының әкімдігінің аппаратына жүгінгім келеді. Әлбетте бұған жол берілмеуі тиіс. Себебі дәл қазіргі уақыт ашықтық пен конструктивті диалогты талап етеді", деді ол.