ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев "Ауыл – Ел бесігі" жобасына ұлттық жоба мәртебесін беруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz
"Ең алдымен, ауылдық аумақтарды ммелекеттік басқарудың тиімді тетігін қалыптастыру қажет екені анық. Бүгін "Ауыл – Ел бесігі" жобасына ұлттық жоба мәртебесін беру туралы жақсы ұсыныс айтылды. Бұл бастаманы орынды деп қабылдаймыз. Ұлттық жоба осы бағыттағы мәселелерді кешенді түрде шешуге, ауылға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды жүйелеуге мүмкіндік береді. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасын естен шығармайық", деді М.Әшімбаев Сенаттағы ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі парламенттік тыңдауда.
Сонымен қатар ол бүгін ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру туралы сөз болғанын еске салды. Бұл осы салаға бөлінген ресурстарды бір үйлестіруші органға шоғырландыруға мүмкіндік береді және сенаторлар осы ұсынысты қолдап отыр.
"Ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттырудың негізгі факторы – сапалы инфрақұрылым қалыптастыру екені түсінікті. Ол дегеніміз – денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, баспана мәселелерін оңтайлы шешу деген сөз. Сондай-ақ, сапалы жол мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту. Сондықтан ауылды дамытуды қаржыландыру Республикалық бюджеттің басым бағыттарының бірі болуы керек деп есептейміз", деп атап өтті Сенат төрағасы.
Мәулен Әшімбаев ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және олардың табысын арттыру да ең өзекті мәселелердің бірі екенін айтты. Осы мақсатта ең алдымен, жұмыс орындарын ашу, ауылдық кәсіпкерлікті дамыту және қосымша мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру қажет екені аталып өтті. Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған парламенттік тыңдауда сенатор Ақылбек Күрішбаев ауылдық аймақтарды дамыту мәселелерін басқаруды Ұлттық экономика министрлігі қарамағынан алып Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керектігін ұсынды.