Түркістан қаласында қазақтың ұлы ақыны Абайдың еңселі ескерткіші ашылды. Салтанатты рәсімге Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты.
Мүсіндер монументалды стильде жасалған. Шаһардағы «Оқушылар сарайы» ғимаратының алдына орнатылған ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ескерткіші тарихи тұлғаның бейнесін тереңінен аша білген. Ескерткіш авторы – мүсінші Гулфия Мелдештің көрерменге күшті эмоционалды әсер беруге тырысқаны байқалады. Ақынның шапаны мен жалпы бейнесін әсерлі бейнелеуге көп көңіл бөлінген.
Салатанатты рәсімде сөз алған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев киелі қаладағы іс-шараны ұлы даланың ұлағатты тұлғаларына тағзым ету мақсатында атқарылып жатқан игі іске балады. Ұлы Абайдың ел дамуындағы, бірлігімізді нығайтудағы рөлін атап өтті.
Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ұлы ақынның мерейтойын өткізуде өңірдің даңғаза шудан бөлек ілкімді істің жүзеге асуына мұрындық болғанын атап өтті.
"Бүгін рухани астанамыз Түркістанның көркіне көрік қосатын, заманның заңғары болған ақынға еңселі ескерткіш ашылып отыр", деді облыс басшысы.
Қоладан жасалған ескерткіштердің биіктігі 4 метр, салмағы 1,5 тонна. 3,5 метрлік тұғырға орнатылған. Яғни жалпы биіктігі 7,5 метрді құрайды.
Түркстан облысы