Талдықорған қаласында Болат Назарбаевтың "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорының қаражатына салынған жаңа мешіттің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Құрылыс 2018 жылы Талдықорған қаласының үшінші бөлімінің аумағында басталды. Екі жылдан соң көлемі 2 000 шаршы метр болатын жаңа мешіт жамағат игілігі үшін есігін айқара ашты.
"Тәубе" қалалық мешіті үш мыңға жуық адамды қабылдай алады. Заманауи архитектуралық шешімдер қабылданған мешіттің құрылысы ерекше салынған.
Екі қабаттан тұратын "Тәубе" мешітінде биіктігі 40 метр болатын екі мұнара бар. Күмбездің диаметрі – 18 метр, биіктігі – 10 метр. Ашылу салтанатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы бастап, тұрғындарды қаланың сәні мен ізгіліктің нышанына айналатын жаңа сәулетті ғимараттың құрылысының аяқталуымен құттықтады: "Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан және өзімнің атымнан дінді дамытуға елеулі үлес қосқан қорға алғысымды білдіргім келеді. Олардың көмегімен ғасырлар бойы біздің сенімімізді ұрпақтарға тарататын мешіт пен медресе салынды".
Мешітте намаз оқу үшін қолайлы жағдай жасалған. Ғимаратта кондициялау жүйесі қолданылып, барлық намаз оқу залдарында "жылы еден" жүйесі енгізілген. Қауіпсіздікті сақтап, респираторлық инфекциясының таралуының алдын-алу мақсатында мешітте санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталған.
«Мешіт – қаланың дамуының айқын үлгісі. Мешіттің ашылу рәсіміне дейін студенттерге арналған жатақхананы араладық. Барлық жағдай жасалған. Жастар – еліміздің болашағы. Сонымен қатар, жастар орталығына барып, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдерімен кездестік. Бұл жақта ұлтаралық және дінаралық келісімге үлкен мән берілген», - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы.
Ермек Келемсейіт, Алматы облысының ардаргерлер кеңесінің төрағасы: - Біріншіден, бұл маңда 600 отбасы отырады. Жастары бар, басқасы бар. Сол балаларға осындай мешітке деген мұқтаждық болуы мүмкін еді. Бұл нағыз Жетісу халқына, Талдықорған жұртшылығына үлкен құрмет, жақсы сый болды.
«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры діндар және мұқтаж жандарға ерекше көңіл бөледі. Қорды 2016 жылы Болат Назарбаев құрған еді.
Осы уақытқа дейін оның қолдауымен Алматы облысында 350 орынға арналған мешіт, Алматы қаласында 1 000 адамға арналған мешіт салынды.
2020 жылы қор коронавирусқа қарсы күрес үшін 150 миллион теңге бөлді.
Түркістан облысының Мақтарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жиырма үй салып берді. Алғашқы күні-ақ жапа шеккен жандарға 20 тонна гуманитарлық жүк жеткізді. Аз қамтылған отбасылардың 20 баласы жазғы лагерьде демалды.
Сонымен қатар, Алматы қаласы мен Алматы облысының аз қамтылған отбасылардың оқушыларын қолдау мақсатында жеке қаражатынан қашықтан білім алу үшін 1 000 ноутбук үлестірді.