Бұл күні Семей қаласына қарасты Қайнар ауылының балалары алақайлап қуанды. Қуанбағанда, орталықтан жырақ жатқан ауылда заман талабына сай «street workout» ашылды. Қарапайым тілмен айтсақ, ашық аспан астындағы спорт алаңы.
Жер-жерлерде бұқаралық спортты дамыту туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет» деген еді.
Ал Қайнар ауылының балаларына қуаныш сыйлаған абралылық соғыс ардагері Қайролла Базілбекұлының ұрпақтары еді. Олар «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жас өрендерге саламатты өмір салтын ұстансын деген ниетпен спорт алаңын салып беруге үлкен үлестерін қосты.
– Ауылымызға қаладағыдай «street workout» салынғанына ризамыз. Балалар уақыттарын тиімді өткізу үшін жасалып жатқан мүмкіндік бұл. Бәрімізге қуаныш сыйлаған демеушілер әулетіне рақметімді айтамын, – дейді мектеп оқушысы Нафиса Серікқалиева.
Қайнар ауылының орталық көшесінен ашылған спорт алаңына теннис үстелі, түрлі турниктер қойылды. Келесі жылдары «street workout» әлі де кеңейе түсетін көрінеді. 337 үйлі ауылда сонымен қатар футбол алаңы, мәдениет үйінің ішінде тренажер залы бар. Волейбол, баскетбол жақсы дамып келеді. Жас жаттықтырушы Ернұр Алымжанұлы баскетболдан үйірме ұйымдастырып, келешек спортшыларды шынықтырып жүр. Алдағы уақытта күрестен де секция ашылуы мүмкін.
Шығыс Қазақстан облысы
Қайнар ауылы