Ел тәуелсіздігінің отыз жылдығы жақындап келеді. Бұл қастерлі дата саяси және әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан түбегейлі өзгерістер әкелгені дәлелдеуді қажет етпейді. Тәуелсіздік еңсесін тіктеген сайын ел аумақтарының да ажары ашыла түсті. Соның бірі – Ақтөбе облысының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Әйтеке би ауданы. Аталған әкімшілік құрылым егемендіктің алғашқы бес жылдығы аралығында бұған дейінгі Қарабұтақ пен Комсомол аудандарының таратылуы нәтижесінде құрылған. Оның жері мен шекарасы аумағы жөнінен республика өңірлері арасында ең алдыңғы орындардың бірінде тұрған Ақтөбе облысы территориясының 12 пайызға жуығын құрайды.
Тәуелсіздіктің таңсәрі тұсында сол кездегі республика Жоғары Кеңесінің шешіміне сәйкес ауданға есімі Төле, Қазыбекпен қатар аталатын қазақтың үш биінің бірі Әйтеке есімінің берілуі – жетпіс жылдан астам уақыт бойы коммунистік-тоталитарлық режім қыспағында болып келген ел-жұрттың еңсесін бір көтеріп тастаған еді. Бұл жөнінде жергілікті тұрғындардың арасында төмендегідей сыршыл өлең шумақтары жиі айтылып жүргенін естідік. «Астығы апталатын алуан таудан, Ырысы, ырыздығы алуан-алуан. Шығыста біртұтас ел қанат қақты, Есімін Әйтекенің алған аудан». Егін егіп, мал бағуды төл кәсіптеріне айналдырған өңірде 2000 жылдардың бас кезінде индустриялық леп соға бастаған еді.
Бұл кезеңді сол тұста ғасыр және тәуелсіздік құрылысы атанған, ұзындығы 400 шақырымнан асатын Хромтау – Алтынсарин темір жол магистралы құрылысының салынуымен байланыстыруға әбден болады. Соның нәтижесінде Әйтеке би теміржол бойында орналасқан аудан мәртебесіне ие болып, бұл жайт тұрғындардың өмір сүруі мен еңбек ету дағдысына өрелі өзгерістер енгізе бастады. Бұдан соң жым-жырт жатқан жапан далада локомотивтердің гуілі мен темір жол рельстерінің солқылы жиі естілетін болды. Ал тұтастай алғанда, еліміздің солтүстігі мен батыс бөліктері арасында темір жол қатынасын жалғастырған жаңа құрылыс бұған дейінгі шойын жолды 1,5 мың шақырымға қысқартқаны айтуға ғана жеңіл болса керек. Сонымен бірге Хромтау – Алтынсарин темір жолының пайдалануға берілуі Ақтау теңіз порты арқылы экспортқа шығарылатын өнімдерді тасымалдау қашықтығын 2 мың шақырымға кемітті.
О баста екі жыл алты айға есептелген ғасыр құрылысының небәрі бір жыл екі айдың ішінде аяқталғаны ел болып жұмыла білсек, алынбайтын қамал болмайтынын әрі тәуелсіздігіміз де соғұрлым тұғырлы бола түсетінін айқын аңғартты. Бұған қоса, жоба аясында 13 темір жол бекеті және 11 жаңа көпір салынып, тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында ел игілігіне берілгені бұл құрылыстың аса ауқымды екенін көрсетеді. Аталған темір жол бекеттерінің ең сәулеттісі Әйтеке би ауданының орталығында бой көтерген еді. Осы арқылы жергілікті тұрғындар бұған дейін беттесіп көрмеген жаңа кәсіп – темір жол саласының қыры мен сырына қаныға бастады.
Әйтсе де, бүгінгі күні аудан экономикасының басты негізін егін шаруашылығы құрап отырғанын айтуға тиіспіз. Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе секілді еліміздің батыс бөлігіндегі іргелі облыста астық өсіру жөніндегі ахуалды айқындап отырған ауданда тұтастай облыстағы дәнді дақылдар егістігінің 45 пайыздық көлемі бар екен. Бұл өз кезегінде 220 мыңға жуық астық алқабы деген сөз. Суармалы егіс Ақтөбе облысы ғана емес, тұтастай елімізде жоққа тән екені аян. Сондықтан да көп жағдайда астықтың шығымдылығы табиғи факторларға, соның ішінде ылғалдың жеткілікті болуына байланысты екені талас туғызбайды.
Дегенмен бұл фактордың өзі астықты ауданда қуаңшылық жылдары егіннен мүлдем өнім алынбайды немесе шығымдылығы ылғи да төмен болады деген ұғымды білдірмейді. Рас, өңірде 2-3 жылдың ішінде ылғалдың аз түсуі қыс кезінде тоң қабаттарының түзілмеуі, жаңбырдың жаумауы салдарынан егістік алқаптарынан алынатын дәнді дақылдар өнімі тым азайып кеткенін жоққа шығару қиын-ақ. Соған қарамастан астық өсіру технологиясын мұқият сақтап, егіс салудың тиімді тәсілдерін жүйелі түрде қолданатын агроқұрылымдарда астық шығымы бітік болмаса да орташа деңгейде шығып жүргенін білдік.
Солардың бірі, тіпті бірі емес-ау бірегейі егін және мал өсіру ісімен қатар шұғылданып жүрген «Құмқұдық» ЖШС-ның жай-күйімен танысқан едік. Агробірлестіктің жетекшісі Александр Чемоданов қаржы институттары тарапынан алынған несиелік қаражаттар ауа райының қолайсыздығына байланысты тиісті қайтарым бермей жүргеніне қарамастан, қолда барды ұқсата білуге және бірді екі етуге ұмтылып жүргеніне көз жеткіздік. Осынау қиын сыни кезеңде ол серіктестіктің айналмалы қаражатының есебінен шаруашылықты шайқалтпай ұстай білгені бөлек бір әңгімеге арқау бола алады.
Мұнда «Саратовская-70» деп аталатын бидайдың осы өңірге жерсіндірілген түрі өсіріледі екен. Әйтеке би ауданының әкімі Дархан Ермағанбетовтің айтуынша, негізінен нартәуекелдік тәсілге арқа сүйейтін Әйтеке би ауданы аумағында өсірілетін астықтың сапасы мен оның қамырлылық деңгейі өте жоғары. Бұл оң көрсеткіш тиісті зертханалық зерттеулер нәтижесінің қортындысында анықталған. Осы орайда Құмқұдықтағы егістік алқаптарында өсірілген бидайдың орны айрықша. Аталған агроқұрылымда 150 адам қызмет етеді. Оларға төленетін орташа жалақының мөлшеріне ешкім өкпе айта алмайды. Серіктестіктің жетекшісі А.Чемодановтың тікелей қолдауы арқылы құрылған еңбекақы қорының көлемі 160 млн теңгеден асып түседі.
– Біз егістік пен мал өсіру ісін қатар дамыту арқылы қолда бар мүмкіндіктердің бәрін пайдалануға баса назар аударып келеміз. Соның ішінде гектар берекесін көтеру әрі малды жайылымда және бордақылау алаңында бағып-күту жөніндегі жұмыстардың тиісті нәтижелері жоқ емес. Солай бола тұрса да соңғы жылдары аумағымызда қуаңшылық пен құрғақшылық жылдарының жиі қайталануы адымымызды аштырмай келеді. Табиғи тепе-теңдіктің бұзылуының басты себебі – Арал теңізінің толықтай қалпына келмегенінде. Бұл бағыттағы жобалардың жартылай жолда қалып қойғанынан деп есептеймін. Аталған іс толықтай шешімін таппайынша, қатқыл катаклизмдер одан әрі жалғаса береді, – дейді іскер жетекші, «Құмқұдық» ЖШС басшысы А.Чемоданов.
Сондай-ақ оның ой тұжырымынша, ресейліктер жалға алған Байқоңыр ғарыш айлағында жүргізілетін зымыран сынақтары да ауа райының қатқылдана түсуіне әсерін тигізіп жүрген көрінеді. Ендеше, бұл мәселеге қатысты қосымша оңтайлы мемлекетаралық келісімдер жасалса, қордаланып қалған экологиялық проблемалар біртіндеп шешімін табар еді деп түйін жасады ол одан әрі. Несі бар, бұл ой-пікірлері құптауға да, қолдауға да әбден лайық.
Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік тұсында түлеген Әйтеке би ауданында тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін көтеру ісінде бірқатар іс қолға алынғаны журналистік іссапар барысында айқын аңғарылды. Соның ішінде өзіміз куә болған шалғайдағы Құмқұдық және Жабасақ ауылдарына ауыз су құбырлары тартылған. Солай бола тұрса да, аталған іргелі елді мекендердің тұрғындары мен осы аумақтағы әлеуметтік-тұрмыстық мекемелер әлі күнге дейін қи, көмір жағып әуреге түсіп отырғаны қынжылтпай қоймайды. Мұның сыртында тұтастай алғанда Әйтеке би ауданы бойынша табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 2019 жылы небәрі 22,2 пайызды құрағаны төмен көрсеткіш екені анық. Тек биыл Еңбекту, Жамбыл, Талдысай елді мекендеріне газ құбырларын жүргізу арқылы аталған пайыздық мөлшер 30 пайызға жеткізілген. Мұның өзін де биік нәтиже деп айтуға келмейді.
Халық ауыз әдебиетінде айтылғандай, естігенімді айтайын ба, әлде көргенімді айтайын ба дегендей, егер көргенімізді айтар болсақ, жолымыз түскен Құмқұдық және Жабасақ ауылдық округтеріне қарасты ірі елді мекендерді газдандыру ісі басталмағанын баса айтуға тура келеді. Рас, аудан орталығы Темірбек Жүргенов кентінен Құмқұдық ауылына дейін газ құбырын тарту жөнінде арнайы жоба жасалып, оның мемлекеттік сараптамасы өткізіліпті. Бұл жоба Ақтөбе облыстық әкімдігі тарапынан да қолдау тапты. Егер жоғарыда аталған әкімшілік құрылымдардың аралығы 85 шақырымды құрайтынын ескерсек, алдағы уақытта тартылатын газ құбырының ұзындығы да осыншама қашықтық өлшемін құрайтыны айтпаса да түсінікті.
Бұл үшін 3 млрд 200 млн теңге мөлшерінде қаражат қажет. Егер бұл сома республикалық бюджеттен қарастырылып, Қаржы министрлігі жобаның қаржыландырылуына қолдау көрсетсе, ел-жұрттың қуанышында шек болмас еді. Аудан әкімі Дархан Ермағанбетовтің айтуынша Құмқұдық ауылына газ құбыры тартылса, осы бөліктегі қалған елді мекендерге көгілдір отын жеткізу аса қиынға түспейді.
Біз Әйтеке би ауданының қазіргі ахуалы мен бүгінгі жай-күйіне арналған материалымызды тәуелсіздік талаптарына байланысты атқарылған істерден бастаған едік. Сондықтан мақаламыздың соңында да бұл топырақта тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында оның өршіл рухына сәйкес тағы бір өрелі өзгеріс жасалғанын айта кеткенді жөн көреміз. Яғни биылғы 5 маусымда Ақтөбе облыстық әкімдігі мен мәслихатының бірлескен қаулысы мен шешімі бойынша бұған дейін Комсомол деп аталып келген аудан орталығына әрі осы аттас округке халқымыздың мақтан тұтар ұлдарының бірі Темірбек Жүргеновтің есімі берілді.
Ақтөбе облысы,
Әйтеке би ауданы