Жыл басынан бері әлемді әбігерге салған коронавирус індетінің салқыны азық-түліктің бағасына да кері әсерін тигізе бастады. Салдарынан кей өңірлерде алыпсатарлар бағаны негізсіз көтеріп, қара халықтың қалтасын қаға түсуде.
Індеттің екінші толқынына қарсы дайындық жұмыстары кезінде Шымкент қаласы әкімдігі осы мәселеге баса назар аударды. Бірінші кезекте дәрі-дәрмекпен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің де баға тепе-теңдігін ұстап тұру үшін ұтымды әдістер мен тиімді жобаларды қолға алды. Соның бірі – Шымшаһарда апта сайын ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері демалыс күндері өткізілетін. Енді аптаның ортасында жәрмеңке ұйымдастыру қолға алынып отыр.
Мәселен, бір ғана Еңбекші ауданында аптаның әр сәрсенбі күні ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жәрмеңкесі «Фосфоршылар» мәдениет сарайының алдындағы алаңда өтуде. Ауылшаруашылық жәрмеңкесі азаматтарды қолжетімді баға бойынша сапалы және әртүрлі өнімдермен қамтамасыз етуді көздейді.
«Індет салдарынан барлық салада инфляция жүріп жатыр. Азық-түлік бағасы да өсіп барады. Осындай қысылтаяң сәтте бағаны тұрақтандыру үшін қала әкімдігі әлеуметтік дүкендер мен арнайы жәрмеңкелерді көптеп ұйымдастыруда. Осыдан біраз ілгері ел ішінде «азық-түлік қоры жеткіліксіз» деген алып-қашпа әңгіме гулеген еді. Алайда шаһар басшысы қаладағы ірі қоймалар мен сауда орындарына зерттеу, зерделеу жүргізу арқылы Шымкентте азық-түлік қоры жеткілікті екенін жеткізді», дейді жәрмеңкеге келген тұрғын Әли Қожа.
Жәрмеңкеге келушілердің санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауын аудан әкімдігі қатаң бақылауда. Сондай-ақ ашық базарда тұтынушыларды бетперделік режімін, әлеуметтік қашықтықты сақтауды ескертіп келеді.
Қазіргі таңда қалада азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында 50 тауар өндіруші кәсіпорын, 18 қойма және 25 сауда нысанға зерделеу жұмыстары жүргізілген.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде қала аумағында егістік алқабынан 60 мың тоннаға жуық өнім жиналған. Демек, алтын күзде жиналған ауыл шаруашылығы өнімдері бірінші кезекте қаланың азық-түлік қорына құйылары айдан анық. Одан асып жатқаны өзге облыстар мен алыс-жақын шетелдерге сатылымға шығарылмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын экономиканың қозғаушы күші ретінде дамытуды тапсырған болатын. Осы мақсатта қалада ауыл шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар ауқымды жұмыс атқарылуда.
Биыл жоспарға сәйкес, 27 600 гектар аумаққа егістік егу жоспарланған. Қазіргі таңда 27 908,2 гектарға егіс егіліп, жоспардан 308,2 гектарға артық орындалып отыр. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 1 300 гектарға артық. Оның ішінде, дәнді дақылдардың егіс көлемі – 12 489,1 гектар, майлы дақылдар – 3 568,3 гектар, көкөніс пен бақша – 2 566,3 гектар, картоп –349,9 гектар, малға азық болар дақылдар 6 679,5 гектарды құрайды.
Сонымен қатар агро саланы дамыту бағытында қолға алынған бағдарламалар да өз нәтижесін беріп келеді. Шаруаларды жанар-жағармаймен, субсидиямен қамту ісінде де ілгерілеушілік бар. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кедергісіз өнім жинау жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен күзгі дала жұмыстарын жүргізуге мың тонна жанар-жағармай бөлінген (1 литр бағасы – 161 теңге). Ал шаруаларға 89,7 млн теңгеге 1 210 тонна тыңайтқыш субсидияланды.
Нәтижесінде, ағымдағы жоспарланған 72 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының 59,3 мың тоннасы бүгінгі таңда жиналды. Оның ішінде 14 мың тонна дәнді дақылдар, 2,4 мың тонна майлы дақылдар, 2,4 мың тонна картоп, 10,8 мың тонна мал азығы және 29,7 мың тонна ашық топырақтағы және жабық топырақтағы көкөністер мен бақша өнімдері бар.
Өңірдің өзінен шыққан өнімдердің бағасының негізсіз қымбаттап кетпеуін әкімдік жанынан құрылған арнайы мониторинг топ жіті қадағалауда. Аптаның екі күнінде қала тұрғындары ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінен тұрмысқа қажетті өнімдерін арзан бағада сатып алуда.
ШЫМКЕНТ