• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
20 Қараша, 2013

«Әншілік тағдырыма ризамын»

496 рет
көрсетілді

Қамар сұлу, Ажар, Қыз Жібек, Қарлығаш, сол сияқты, Татьяна, Дездемона, София, Мими, Чио-Чио-сан партияларын орындап жүрген Роза Нұркей – елордадағы К.Байсе­йіт­­­­ова атындағы опера және балет театрының әншісі. Жақында ол Түркияда өткен халық­аралық байқауда жеңімпаз атанды. Біздің әншімен әңгімеміз осы байқаудан өрбіген еді.

 

Қамар сұлу, Ажар, Қыз Жібек, Қарлығаш, сол сияқты, Татьяна, Дездемона, София, Мими, Чио-Чио-сан партияларын орындап жүрген Роза Нұркей – елордадағы К.Байсе­йіт­­­­ова атындағы опера және балет театрының әншісі. Жақында ол Түркияда өткен халық­аралық байқауда жеңімпаз атанды. Біздің әншімен әңгімеміз осы байқаудан өрбіген еді.

– Былтыр Ереванда өткен үлкен халық­аралық байқауда бағым жанып, 1-ші орынды иеленген болатынмын, – деп бастады әңгімесін Роза Нұркей. Содан Тбилиси консерваториясының дирижері Баадура Самадашвилидің көзіне түсіп, Түркияға шақырған сол болатын. Біз Түркияға екі әнші бардық. Әріптесім Гүлжанат Сапақова екеуміз де лауреат атанып, жақсы көңіл-күймен қайттық. Байқауды түріктер мен грузиндер ұйымдастырды. Скрипка, пианино және әншілік аталымы бойынша 100 шақты өнерпаз қатыстық. Кез келген байқаудың деңгейін қазылар құрамы анықтайды емес пе? Бұл жерде Баадура Самадашвили (Грузия), Нино Катамадзе (Түркия), Давида Бер (АҚШ), Ширель Дашевский (Израиль) сынды әрқайсысы өз саласында әлемдік деңгейде танымалдыққа қол жеткізген тұлғалар қазылық жасады.

Әншілерге тек қана үлкен-үлкен арияларды орындау керек деген талап қойылды. «Мадам Баттерфляй» операсынан Чио-Чио-сан, «Богемадан» Мими, «Эрнани» опе­расынан Эльвира, «Паяцы» операсынан Недда балладаларын орындадым. Мұндай үлкен дүниелерді орындау үшін үлкен дайындық керек. Жақсы көңіл-күймен оралуымыздың тағы бір сыры – Иерусалимде өтетін халықаралық байқауға шақыру алдық.

– Сөзіңізге қарағанда, байқауларға жиі қатысатын сияқтысыз...

– Осы уақытқа дейін он бес шақты байқауға қатыстым. Байқау дегеніміз сын ғой, сыннан сүрінген, 1-ші кезеңнен өте алмай қалған кездер де болды. Бірақ тауым шағылып, жасыған емеспін. Өйткені, театрда жұмыс көп. Ай сайын өтетін спектакльдер бар. Партияларды жаттаймыз. Соған дайындалу керек. Соңғы жылдары жеке концерттер беріп жүрмін. Қазақстандағы Ресей елшілігінде бес рет – Пушкинге, Чайковскийдің екі жүз жылдығына, неаполитандық әндерге, италяндық әндерге және 37 жылы атылып кеткен композиторларға арнап жеке концерттер өткіздім. Өскеменде ән салдым, егемендіктің 20 жылдығына арналған жеке ән кешім өтті. Оған қоса ара-арасында театрдың да гастрольдік сапарлары бар. Ел ішін аралаймыз, сирек болса да ТМД мемлекеттеріне гастрольдік сапарға шығамыз. Әнші осының бәріне дайындалуы керек. Уақыт таппай қиналып жатамыз. Сондайда байқаулар туралы ойлауға мұршаң болмайды. Ал кейде қазылардың бұра тартып кететін кездері де болады. Мысалы, 2007 жылы Неапольде өткен байқауда үш кезеңнен ойдағыдай өттім. Бірақ, өзімді жүлдегерлер арасынан таппай қалдым. «Неге бұлай болды?» деп және сұраған жоқпын. Өз-өзіңді дамыту, кәсіби тұрғыдан шыңдалу ауадай қажет әншіге.

– Театр сахнасындағы репер­туарыңыз туралы айта кетсеңіз.

– «Мадам Баттерфляйдан» – Чио-Чио-сан, «Богема» операсынан – Мими, «Отелла» операсынан – Дездемона, «Евге­ний Онегиннен» – Татьяна, «Вер­терден» – София, «Фига­роның үйленуінен» – Гра­финя, оған қоса отандық опералардан Қамар сұлу, Ажар, Қыз Жібек, Қарлығаш, Дүрия рөлдерін ойнаймын. К.Байсейітова атын­дағы опера және балет театрын­да еңбек еткен он үш жылда сомдаған рөлдерім осылар. Бұ­лардың бәрі де жаныма жақын бейнелер. Әйтсе де соның ішінде маған ең жақын бейне – Чио-Чио-сан. Осы образды өзімше сомдаймын деген ниетпен көп тер төктім. 2007 жылы Италияға барып тағылымдамадан өттім. Сол кезде бұл партияны дамыттым, жаңарттым десем болады. Жапонияда «Мадам Баттерфляй» атты байқау бар. Соның кезекші концертмейстері Ричард Баркер деген кісіні Италияда оқып жүргенімізде шеберлік сыныбын өткізуге шақырды. Мен өз партиямды сол кісіге тыңдаттым. Ла Скаланың концерт­­мейстеріне де тыңдаттым. Осы партия бойын­ша сол кісілермен көп жұмыс істедім. Астанаға келген соң бұл партияны «Метро­политеннің» дирижері Кэролайн Уилсонмен бірге орындадым. Яғни, операға сол дирижерлік жасады. Чио-Чио-сан – операдағы бағындыруың керек үлкен бір белес сынды партия. Үш сағат бойы тікесінен тік тұрып ән шырқауың керек. Ол үшін тек өнер тұрғысындағы дайындық қана емес, физикалық та дайындығың жақсы болуы қажет. Шынын айтқанда, осы партияны жаңарту барысында өзімнің де өнерге деген көзқарасым түбірінен өзгеріп кетті. Өнерден, әннен шабыт алудың, өзгеге қуаныш сыйлаудың мән-мағынасын терең түсіндім деп есептеймін.

– Әнші болу балалық арма­ныңыз ба еді? Операға қалай келдіңіз?

– Расын айтқанда, Кеңес Одағы тұсында тәрбиеленген, білім алған оқушылардың барлығы да сабақтан тыс уақыттарын босқа өткізбейтін, түрлі үйірмелерге қатысып, бойларындағы қабілет­терін шыңдайтын. Мен хорда ән айтатынмын. Бала жастан әнге жақын болғаныммен, Арқалық музыка училищесін дирижер мамандығы бойынша бітірдім. Сол училищеде Виктор Петрович Айрих деген ұстазымыз болды. Өзі менің даусымды жақсы бағалап, «сенің опера айтатын даусың бар. Дирижерлікті тас­та. Алматыға консерваторияға бар», деп ақыл берді. Оқуды тас­тап кеткем жоқ. Бірақ, бітіріп, қолыма дипломды алған соң, Алматыдағы консерваторияға түсуге бел байладым. Сөйтіп, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның «жеке ән салу» факультетіне оқуға түс­тім. Ұстазым – Шахмардан Әбілов. Ән айтудың қыр-сырын сол кісіден үйрендік. Студент кезім­де Құрманғазы атындағы оркестрмен ән айтып жүрдім. Дирижері Айтқали Жайымов еді. Ол кісі «балам даусың жақсы екен» деп талай концерттерге қосты. Қазір ойлап отырсам, сол сәттерді бағалай білмеппін. Мен оқу оқыған 1993-99 жылдар нарықтың ең бір қиын кезеңдері еді. Мақсатымыз – қайтсек те диплом алу. Сол кездерде анам өмірден өтті. Қатты қиналдым. 2000-ші жылы консерватория­ны бітіргенде «қайда барамын» деген сұрақ тұрды алдымда. Ұстазым Шахмардан аға «Астанада жаңадан Байсейітова атында театр ашылып жатыр. Елің ғой, сол жаққа бар», – деді. Ақыры не керек, осында келіп, театрға жұмысқа орналас­тым, бір жағынан Музыкалық академияның ассистентурасында оқыдым. Бұл жерде аға ретінде де, ұстаз ретінде де көп көмектескен, білмегенімді үйреткен кісі – Кенжеғали Мыржықбаев. Міне, осы он үш жылдан бері опера және балет театрында еңбек етіп келемін. Осы күндерде адам өзінің жанына жақын нәрседен бәрібір қашықтай алмайды екен деп ойлаймын. Мен де айналып келіп әншілік өнермен табыстым.

– Театр қабырғасында жүр­геніме он үш жыл болды дедіңіз. Бұл көп уақыт емес, аз деуге де келмейді. Ал тындырған істе­ріңізбен өлшесек...

– Әрбір опера әншісінің арманы – Италияға барып оқу. Өйткені, Италия операның отаны. Мүмкін, қазіргі кезде Италияда оқу таңсық емес шығар? Бірақ біз консерваторияда оқып жүрген 70-жылдары Жұлдыз Баймолдина мен Амангелді Сембиннің, 80-ші жылдары Жәмила Баспақованың Италияда оқығанын естігенбіз. Сондай санаулы адамдар ғана Италияға баруға мүмкіндік алған. Сол кезде «шіркін-ай, біз де барсақ қой» деп армандаушы едік. Менің бұл арманым 2007 жылы орындалды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша Италияға екі ай оқуға бардық. Италияндықтар өздері келіп, дауыстарымызды тыңдап көріп, 10 әншіні таңдап алды. Оның жетеуі ер дауысты, үшеуі әйел дауысты әншілер еді. Сол уақытта әлемнің алдыңғы қатарлы концертмейстерлерінен, педагогтарынан, дем мұғалімдері мен дикция мұғалімдерінен дәріс алдық. Бұл менің өмірімдегі ең бір айшықты кезең болды десем, артық айтқандық емес. Көптеген ариялармен жұ­мыс істедім. Олар дауысқа кір­пияз­дықпен, асқан талғаммен қарайды. Дауысты аялай біледі. Қазақстаннан әншілер барғанда «дауыстары қандай керемет» деп таңғалғандарын көрдік. Бірақ бізге көп үйрену керек. Өйткені, тілге, вокалдық техникаға байланысты көп айырмашылықтар бар. Осы екі ай керемет табысқа жеткізбесе де, «ары қарай қалай айту керек» деген тұрғыда үлкен ой салды. Жеке маған қатысты айтқанда өз-өзіме деген сенім пайда болды. Кейбір партияларды жақсарту, дұрыс айту керек деген пікір қалыптасты. Өнерге деген көзқарасым түбірімен өзгерді. Ең үлкен жетістігім осы.

– Бір партияны алып шығу үшін қанша уақыт дайындаласыз?

– Бізге жарты жыл бұрын айтады. Ноталарды береді. «Осындай уақытта режиссер келеді, соған дейін дайын болыңдар» деген талап қойылады. Өзім бір партияны алып шығу үшін үш айдан жарты жылға дейін дайындаламын. Біздегі 20 шақты қойылымның еуропалық жартысын қойған әлемдік деңгейдегі атақты режиссер Юрий Александров. «Тоска», «Аида», «Фигароның үйленуі», «Мадам Баттерфляй» сынды үлкен дүниелердің барлығы осы кісінің қойылымымен жарық­қа шықты. Мысалы, Александров бір спектакльді қою үшін үш аптаға келеді. Бізге таңертеңнен қара кешке дейін бір рет те үзіліс бермейді. Есесіне оның қо­йы­­­лымдарын көрермен өте жақсы қа­был­­дайды. Біз бұл режиссермен театр ашыл­ғаннан бері бірге жұмыс істегенбіз. Театрдың ендігі жағдайы бізді қатты алаңдатады...

– Расында да елордадан жа­ңа опера және балет теат­ры ашылған соң он үш жыл­­­­­­­­дық тарихына қарамай көне ме­кемеге айналып шыға келген К.Байсейітова атындағы театрдың қазіргі ахуалы қан­­дай? Қойылымға дайындық, партия жаттау, концерт беру сын­ды жұмыстар тоқырап қал­ған жоқ па?

– Иә, солай деуге болады. Бізден біраз адам жаңа театрға ауысып кетті. Дегенмен, 230 адам әрі-сәрі күй кешіп жүр. Олар театр ашылғаннан келе жатқан мамандар. Қыркүйек айында қалған он әншінің төртеуін қайтадан тыңдап, студент ретінде жұмысқа қабылданасыңдар деген. Соның ішінде мен де бармын.

– Студентті жұмысқа қабыл­даушы ма еді?

– Оны өзіміз де түсінбедік. Әлі ешқандай келісімшартқа қол қойған жоқпыз. Бір түсінгеніміз – біз әлі оқуымыз керек екен. Осы жағдай тіптен қызық болды. «Студент» атанған біздер «Тос­ка», «Аида», Чио-Чио-сан сын­­­ды ең үлкен партияларды ай­тып жүр­ген әншілерміз. Ал ескі театр­да спектакльдерге қатыс­паған, есесіне концерттерде бірді-екілі попурри айтып көзге түсіп қалған кейбір әншілер жаңа театр­­дың бас әншілері болып шыға келді. Осы жағы бізге түсі­нік­сіз.

– Сірә, К.Байсейітова атын­дағы опера және балет театры жабылатын болғаны ғой.

– Оны өзіміз де білмейміз. Бірақ, ашылғаннан бастап осы театрдың ыстығына күйіп, суы­ғына тоңып жүрген адам ре­тін­де театрдың жабылмауын, Кү­ләш апайымыздың аты-жөні ха­лықтың санасынан өшпеуін қа­лаймын. Біз бұл ойымызды министр Мұхтар Құл-Мұхаммедке де жет­кізгенбіз. Сондай-ақ, жер­гілікті көрер­мендердің де жоғары билікке осын­дай өтініш жолдағанынан хабардармыз. Жазда келгенде атақты режиссер Юрий Александров та біздің театрдың тағдырына алаңдайтынын білдірген. Ол кісі жаңа театрда «Біржан-Сараны» қоюға келгенде бізбен кездесті. Сонда: «Өздеріңді он үш жыл бойы тәрбиелеп едім. Сендерге қанша күш жұмсадым, білгенімді үйреттім. Сендердің партиядан партияға өскендеріңді көріп, қуандым. Енді не болды?» деп қынжылыс білдірді.

– Қалай ойлайсыз, осы уақытқа дейін әнші ретінде өз мүмкіндігіңізді толық аша алдыңыз ба?

– Шығармашылық ізденісте шек жоқ қой. Көп нәрсе қаражатқа, денсаулыққа, ұйымдастыру жағына, түрлі қарым-қаты­­настарға тәуелді. Жалғыз өзің еңбектенсең, кәсіби жағынан мықты болғаныңмен, бүкіл ел танитын әнші атана алмауың мүмкін. Әншінің жолы жеңіл емес. Содан да шығар, соңғы кездері мені әр опера әншісінің өз педагогы, өз дирижері, өз пианисі болып, өзара бір-біріне қолдау көрсетіп жұмыс істесе, қайтарымы мол болар еді-ау деген ой жиі мазалайды. Өз басым ең алдымен, әншінің репертуары бай болуы керек деп есептеймін. Репертуарды байытуды, ізденісті ешуақытта тоқтатқан емеспін. Спектакльдегі партияларды орындау бір бөлек те, романс­тар айтудың жөні басқа. Соңғы жылдары осыған қатты көңіл бөліп, романстармен де айналыстым. Қазір репертуарымда жүзден астам романс бар.

Өнер адамы үшін ең бастысы – көрерменнің көңілінен шығу, халықтың құрметіне бө­лену. Ондай сәттер өз басымда да болды. Тіпті бірде алдыңғы қатарда отырған бір қарт әженің қолындағы жүзігін шешіп: «Балам, риза болдым, өнерің өрге жүзе берсін», деп маған ұсынғаны бар. Осыдан артық өнерге қандай баға керек.

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА.

Соңғы жаңалықтар