• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 27 Қазан, 2020

Қоғамдық кеңестер әлеуетін толық іске асыру керек

341 рет
көрсетілді

Қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтеріп, реформаларға бастамашы болып, халықтың талап-тілектерін билікке жеткізіп, соған сай ұсыныстар әзірлеуді мақсат еткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі бүгінде бірқатар түйткілдің түйінін тарқатып, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарды шешу жолында жұмыс істеп келеді.

 

Кеңес мүшелері бірнеше жұмыс тобына бөлініп, әрқай­сысы өзі жауапты бағытта ұсыныстар дайындап, бірқатар реформаға сеп болды. 10 қаң­тарға белгіленген Парламент Мә­жілісі мен мәслихаттар сай­лауы да жаңа форматта өтпек. Бұл да Ұлттық сенім ке­ңесі шеңберінде қолға алын­ған бас­тамалар негізінде іске асып отыр. Осы орайда «Қазақ­стан Азаматтық альянсы» ЗТБ пре­зиденті Асылбек Қожах­метов сайлау форматын өзгерту бо­йын­ша өз  пікірін білдірді. 

Оның айтуынша, елдегі сая­си жүйені ескере келе, аралас сай­лау жүйесіне көшу керек.

«Өзім мүше болған Саяси мәселелер бойынша жұмыс тобының құрамында бір мәсе­ленің басы-қасында болдым. Яғни сайлауды толықтай про­порционалды жүйеде өткіз­бей, аралас жүйеге қайтып келуді ұсындым. Әріптестерім біздегі саяси жүйенің дамығанын ескере келе, мажоритарлық жүйенің жарамайтынын алға тартады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Біздің Парламентте небәрі 3 пар­тия орын алған. Одан бөлек көрініп жүрген тағы 3 партия ғана бар. Бұл өте аз. Сондықтан пропорционалды жүйеге негіз беру дұрыс емес.

Партиялар саны аз болғаны­мен, азаматтық қоғам институттары көп. Ал пропорционалды сайлау жүйесіне азаматтық қоғам араласа алмайды. Оны ескерсек, шет қалатын институттар қаншама. Сондықтан Мәжіліс пен мәслихат сайлауы­на олардың да қатыса алуы­на жағдай жасау керек. Сол кезде ғана мемлекет пен халық ара­сында байланыс тереңдей түсе­ді. Ал азаматтық қоғам бұл ретте билік пен халықты байланыс­тырушы көпірге айналмақ.

Әу баста диалог алаңына айналуы мақсат етілген Ұлттық сенім кеңесі аясында азамат­тық қоғам мәселесін көтеріп жүрген Асылбек Қожахметов бұл ретте азаматтық қоғам партияларға қарағанда билікке ұмтылмайды деген ойды алға тартады.

«Азаматтық қоғам биліктің жұмысына бақылау жасай алатын болса, халықтың белсенділігі, өзін-өзі басқаруға деген ұмтылысы артар еді», деді ол. Оның айтуынша, Қоғамдық ке­ңестің жұмысындағы негіз­гі мәселелердің бірі – азамат­тық қоғамды дамытуға жәрдем­десу. Сонымен бірге қоғамдық кеңестер де азаматтық қоғам­ның айнымас бөлшегі екеніне тоқталып өтті.

«Шын мәнінде, азаматтық қоғам мен қоғамдық кеңестер бірін-бірі толықтырып тұруға негізделген құрылымдар. Сол уақытта қазақстандық қо­ғам әлдеқайда белсенді бола түседі. Мәселен, қазіргі уақытта ми­нистрліктер мен облыстық, аудан­дық әкімдіктер жанында 226 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның 75 пайы­зы азаматтық қоғам өкілдері. Өкі­ніш­тісі, министрліктер мен әкімдіктерде құрылған қоғам­дық кеңестер қызметінің маз­мұны оларға жүктелген мін­деттерге сай келе бермейді. Қоғам­дық кеңестер өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыра алмай жатыр», деді ол.

Асылбек Қожахметов өз сөзінде Ұлттық кеңес қоғамдық кеңестерді шоғырландырушы әрі ынталандырушы құрылым болғандықтан, оның құры­лымын әлі де дамыта түсу керек деген пікір білдірді.

«Жергілікті және аймақтық Қоғамдық кеңестерден сол өңірдегі әлеуметтік хал-ахуалды біліп отыру үшін Ұлттық кеңес­ке қоғамдық сараптамалар керек. Осындай әрекеттер Қоғам­дық кеңес жұмысын жақ­сартудың бір жолы болар еді. Ай­мақтың және салалық Қоғам­дық кеңестің өкілдерін Ұлт­тық кеңестің жұмысына және жұмысшы топтарына тарту керек деп ойлаймын», деді ол.

Сайлау мәселесіне қайтып оралсақ, биыл елімізде алғаш рет партияішілік сайлау, яғни праймериз өткізілді. Сонымен қатар биыл Парламент Сена­ты­ның  жалпы отырысында депу­таттар «Қазақстан Рес­пуб­ли­касындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қабылдап, нәтижесінде партиялардың сайлау тізімін­де әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық міндетті квота ұсынылды.