• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 27 Қазан, 2020

Үкімет басшысы кәріздік су жүйесіне қатысты бірқатар тапсырма жүктеді

162 рет
көрсетілді

Сумен жабдықтау және су бұру жобаларын іске асыру кезінде жобалау-сметалық құжаттаманың типтік жобаларын, отандық өндірушілердің материалдарын пайдалану қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

"Тағы бір маңызды міндет кәріздік тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту болып табылады. Бұл мәселені шешудің тәсілдері бар, қаржыландыру көздері анықталды, жобалау құжаттамасы дайындалып жатыр. Осы жұмыстарды жылдам аяқтап, жобаларды іске асыруға кірісу керек. Сумен жабдықтау және су бұру жобаларын іске асыру кезінде жобалау-сметалық құжаттаманың типтік жобаларын, отандық өндірушілердің материалдарын пайдалану қажет. Бұл жобалардың шығындарын қысқартып қана қоймай, жергілікті қамтуды дамытуға мүмкіндік береді", деді Асқар Мамин.

Осы орайда Үкімет басшысы жалпы мемлекеттік органдар қабылдап жатқан шараларды қолдауға болады деп есептейтінін айта келе бірқатар мәселеге назар аудартты.

"Бірінші. Индустрия министрлігіне әкімдермен бірлесіп, осы жылдың қорытындысы бойынша қалалар мен ауылдарда орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша жоспарланған көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын.

Екінші. Экология министрлігі топтық су құбырларын басқару жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар қабылдап, оларды салу және реконструкциялау жобаларын уақтылы іске асыруды қамтамасыз етсін. 2021 жылдың соңына дейін 197 мың тұрғыны бар 38 елді мекенге су жүргізуді көздейтін, ұзаққа созылған үш жобаның құрылысын аяқтау қажет.

Үшінші. Индустрия, Ұлттық экономика, Қаржы, Экология, Денсаулық сақтау министрліктері халық үшін тарифтердің артуына жол бермеу үшін кәріздік тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жобаларын іске асыру тетігін заң жүзінде бекітуді қамтамасыз етсін, қарыздарға қызмет көрсету мен өтеуді ескеру қажет", деді Премьер-Министр.