Еске алсақ, қане, өзге де ерен жандарды
Қазақ өлеңінде өзіндік өрнегі бар ақын Әділбек Абайділданов еді. Сол ақынға арналған кеш Қазақстан Жазушылар одағының Астана бөлімшесінің ұйымдастыруымен елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті. Алғашқы сөзді бөлімше басшысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы алып, таяуда ғана жарық көрген ақынның таңдамалы жинағы туралы ой толғады. Бұл еңбек өзге емес, артында қалған қызы Ботагөз бен күйеу баласы Жүнісбектің талпынысымен жарық көргенін тілге тиек етті.

Белгілі ақын Серік Тұрғынбеков ұмыт қалып бара жатқан ақынның артында қалған мұрасын жинақтап шығарған ұрпағына шынайы алғысын білдіріп, Әділбек Абайділдановтың өлеңдері мен поэмаларына талдау жасады. Әсіресе, бостандық жолында мерт болған «Қыран» поэмасындағы қыран тұлғасына ерекше тоқталды. Одан кейін «Жарысқа жаратылған жарау аттай», деп «Әділбек туралы әуен» атты өлеңін оқыды. Қарымды қаламгер, көркемсөз шебері Сұлтан Оразалы «Әділбекті ес жиып еске түсіріп жатқанымыз игілікті іс. Әділбек сияқты замандастарымыз ұмыт қалып, тарихқа айналып бара жатқанда елгезектік танытқан мына қадам қай-қайсымызды да ойландыруы тиіс. Әділбек кескінді де, келбетті, сұлу торыдай сымбатты жігіттің төресі еді. Ол бар болғаны 44 жыл өмір сүрді. Бірақ артына қалдырған мұрасы мол. Мен осы арада ақынның небір айтулы тұстастары болғанын, олардың қатарында: Ізтай Мәмбетов, Бекен Әбдіразақов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Шәміл Мұхамеджанов, Еркеш Ибраһим, тағы басқалар бар еді. Соларды да осылай еске түсіріп, кеш өткізсек, кейінгі ұрпаққа таныстырсақ, азаматтық парызымызды адал атқарған болар едік», деп сөз аяғын түйді.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қойшығара Салғараұлы Әділбек Абайділдановтың сыршыл жырларына, әсіресе, ел мен жерді толғаған поэмаларына ерекше назар аударды. Режиссер Сәулебек Асылхан ақын өлеңдерінен үзінділер оқып, қаламгер Мәткәрім Әкімжанов кейіпкерлерге кеңінен тоқталды.
Кеш әнмен өрнектеліп, күймен көмкеріліп отырды.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».