• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Қазан, 2020

Жетісу университеті ірі кәсіпорындармен келісімге отырды

620 рет
көрсетілді

Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті – өңірдегі маңдайалды оқу орны. Жоғары білім беру ісінде көп жылдық тәжірибесі бар қара шаңырақтағы оқу сапасы жыл сайын жақсарып келеді.

2018-2019 оқу жы­лы­н­да еліміздегі оқу орындары ара­сын­дағы бәсекеге қабі­лет­­тілік бойынша Жетісу уни­вер­ситеті 10-орыннан көрінсе, 2019-2020 оқу жылында бұл көр­сеткіш оң бағытта өзгеріп, бір сатыға жоғарылаған екен. Яғни IQAA-Ranking тәуелсіз зерттеулер агенттігінің дерегі бойынша жетісулық білім ордасы отандық 18 университеттің арасында сегізінші орында тұр. Сонымен қатар Жетісу уни­вер­ситеті Academic Ranking of World Universities – European Standard халықаралық жоғары оқу орындары рейтингіне де қатысып, оқыту сапасы бойынша «А» категориясын иеленген. Яғни дәл осы өлшем бойынша Қазақстандағы 94 жоғары оқу орны қатысқан халықаралық бә­се­кеде Талдықорғандағы уни­верситеттің 7-орынға көтерілгенін айта кеткен жөн. Жалпы, университет түлектерінің жұмыспен қамтылуы да жолға қойылған. Мәселен, өткен жылдары университетті бітірген 781 түлектің 78 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Жақында І.Жансүгіров атын­дағы Жетісу университеті оқу про­цесін жетілдіру жолында оқы­тушылар мен студенттер­ге қолайлы жағдай жасау үшін Алматы облысындағы ірі кәсіп­орын­дармен төрт тарапты консорциалды келісім жасады. Қол қойылған келісімнің негізінде Алматы облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасы университет қызметкерлерінің жалпы білімі мен біліктілік деңгейін арттыруға арналған теориялық және практикалық шеберлік сыныптарын, семинар, тренингтерді бірлесіп ұйымдастыруды іске асыратын болады.

Сондай-ақ университеттің жас ғалымдары мен студенттерінің стартаптар мен ғылыми жобаларын қолдау үшін инвесторларды, яғни демеушілерді іздейді. Мұнан бөлек, Алматы облысының өңір­лік дамыту орталығы ғылыми іс-шараларды ұйымдастыруға көмектесіп, ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын жүргізуде кеңес бе­ре­ді. Ал «Алатау» технопаркі ЖШС – «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының бас­қа­рушы компаниясы» келісім­ге қатысушы мамандарды даяр­лау­ды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруға жәрдемдесуге, мамандарды әртүрлі форматта оқытуға көмектесуді міндетіне алып отыр.

 – Жалпы, білім сапасын арттыру мен түлектерді жұмыспен қамту мақсатында І.Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік уни­верситеті кешенді жұмыс атқа­рып келеді. Алматы облысы аг­рарлық аймақ болғандықтан, өңірге қажетті мамандықтарды зер­делеп, алдағы 4 жылда қан­дай мамандар даярлау қажет, қандай білім бағдарламаларына басымдық беру керек екенін анықтап, сол бойынша оқу бағдарламасын жасауды қолға алдық. Сонымен қатар жыл бойы облыстағы барлық мекемемен тығыз байланыс жасап, бос орындарды анықтаймыз. Бұл бойынша түлектерге мағлұмат беріп, мекеме басшыларымен кездесу ұйым­дастырамыз. Өз білім­гер­ле­рін тұрақты жұмыспен қамту мақсатында Жетісу уни­вер­ситеті жаңа бастаманы қолға алды. Бұл бастама бойынша, егер студент өндірістік тәжірибеден өтуге барған мекемеде өзінің білімі мен қабілетін дәлелдеп, жұмысқа орна­ласуға мүмкіндік туса, білім­гер­ге соңғы курсты қашық­тан оқуға мүмкіндік береміз. Бұл әдіс өз кезегінде, түлекті жұмыспен қамтып қана қоймай, өз кәсібі бойынша тәжірибе жинауына жол ашады, – дейді І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры Қуат Баймырзаев.

 

Алматы облысы