Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Чех Республикасы Сенаты Төрағасының орынбасары, палатаның бұрынғы төрағасы Пршемысл Соботка бастаған чехиялық парламентшілер делегациясымен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Чех Республикасы Сенаты Төрағасының орынбасары, палатаның бұрынғы төрағасы Пршемысл Соботка бастаған чехиялық парламентшілер делегациясымен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Чех делегациясы парламентаралық байланыстарды ілгерілету, заң шығару қызметі бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік салаларында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Қазақстанға сапармен келген болатын.
Кездесу барысында Қазақстан мен Чехияның өзара тиімді іс-қимылының ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасылды. Қ.Тоқаев екіжақты түрде де, Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптестік аясында да Чехиямен ынтымақтастықты дамыту Қазақстан үшін маңызды екенін атап өтті.
Оның пікірінше, екі елдің заң шығару органдары, әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы қазан айында Прагаға барған ресми сапары барысында қол жеткен келісімдер мен уағдаластықтар тұрғысында өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге белсенді түрде атсалысып келеді. Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы өзара іс-қимылға ерекше маңыз беріп, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде сайлануға Қазақстанның кандидатурасын қолдауға өтініш білдірді.
П.Соботка Қазақстан Чех Республикасының басымдыққа ие әріптестерінің бірі екенін атап өтті. Парламентші Астанадағы Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне Чехияның белсенді түрде қатысуға ниеттеніп отырғанын жеткізді.
Сенаттың Экономикалық даму және кәсіпкерлік, Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту, сондай-ақ, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комитеттер мүшелері мен чех депутаттарының кездесулерінде парламентаралық байланыстардың келешегі туралы жан-жақты әңгіме болды.
Сапар барысында Чехия Сенатының делегациясы Индустрия және жаңа технологиялар, Ауыл шаруашылығы, Көлік және коммуникация министрліктерінің, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының басшылығымен кездеседі. Сондай-ақ, делегация Чехияның Пльзен аймағымен белсенді ынтымақтастық орнатқан Шығыс Қазақстан облысына барады.