Бүгін Парижде өткен екінші жазғы Олимпия ойындарының аяқталғанына тура 120 жыл толып отыр.
1900 жылы өткен айтулы доданың алауы 14 мамырда тұтанып, 28 қазанда сөнді. Бұл жарыста 24 мемлекеттен келген 997 спортшы бақ сынады. Олар спорттың 20 түрі бойынша 95 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Жалпы-командалық есепте Франция құрамасына тең келер ешкім табылмады. Жарыс қожайындары 101 (26 алтын+41 күміс+34 қола) жүлде алды. Екінші және үшінші орындарды АҚШ (19+14+14) пен Ұлыбритания (15+6+9) иеленді. Сондай-ақ Швеция (6+2+1) мен Бельгия (5+5+5) үздік бестіктің қатарынан көрінді.
Жекелеген спортшылар арасында АҚШ-тың екі жеңіл атлеті Ирвинг Бакстер мен Джон Тьюксеридің әрқайсысы бес жүлдеден олжалады.