Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру мәселесі қаралды. Бұл мәселе жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақов, Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Г.Нұрмұхамбетова баяндама жасады.
Халықты сумен жабдықтау 92,6%-ға дейін жеткізілді
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың мәліметінше, елімізде 2000 жылдардан бастап халықты ауыз сумен және су бұру қызметімен қамтамасыз ету бойынша мақсатты саясат жүргізіліп келеді. 20 жыл ішінде «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында 48,2 мың шақырым инженерлік желі салынды. Нәтижесінде халықты сумен жабдықтау деңгейі 92,6%-ға жетті.
«Биыл 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға кірістік. Бағдарлама аясында 2025 жылға қарай халықты толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр» деді Б.Атамқұлов.
Елбасының кезінде берген тапсырмасына сай ауылдарды сумен жабдықтау жүйесін дамытуға жыл сайын кемінде 100 млрд теңге қаражат бөлінуде. Биыл қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру желілерін дамытуға республикалық бюджеттен 113,6 млрд теңге бөлінді, 303 жоба іске асырылуда.
Ведомство басшысының айтуынша, сумен қамтамасыз етудің әлеуметтік маңызы зор. Мемлекет басшысы таза ауыз суға қол жеткізу деңгейін барлық өңірде теңестіру қажеттігін бірнеше рет атап көрсетті. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауылдарды сапалы және қажетті мөлшерде сумен жабдықтау қызметімен кезең-кезеңімен қамту жөнінде жоспар әзірленді. Сондықтан өңірлер халықты сумен қамтамасыз ету үшін осы жоспарды кейінге қалдырмай, тиімді шаралар қабылдауы керек. Елбасының бастамасымен қазіргі таңда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске асырылуда. Ауылдарды сумен жабдықтау жүйесін дамыту аталған бағдарламамен үйлестірілген.
«Қазір республика бойынша барлығы 6 341 ауыл бар. Оның ішінде 4 078 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталған, 279 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. 1 146 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі салынып жатыр. Халық саны аз ауылдарда (200-ден аз адам тұратын 838 ауылда) өз елімізде өндірілген су тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылады» деп хабарлады Б.Атамқұлов.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында барлық қаржыландыру көзінен сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға 934 млрд теңге көзделген.
«Ауылдардың сумен жабдықталуына мониторинг жүргізу мақсатында интерактивті карта әзірлеп, іске қостық. Онда көптеген параметр бойынша нақты жағдай көрсетілген. Орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы қызмет пен құзыреттілікті бөлу бойынша заң жобасы әзірленді. Жергілікті атқарушы органдарға берілген ауыз судың 1 текше метрі үшін төлем мөлшерін әзірлеу жөніндегі нормаларды, сондай-ақ Тізбені бекіту жөніндегі қызметті беру жоспарланып отыр» деп түсіндірді министр.
Заң жобасында көрсетілген шараларды іске асыру мынадай мүмкіндіктер береді: Салынған оқшау жүйелерді тізімге енгізуді жеделдетеді; өңірлерге ауыз сумен жабдықтауға арналған субсидия бөлу мен алуды тездетеді; облыс бойынша орташа тариф пен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, 1 текше метр ауыз су үшін халықтың төлемін реттейді.
«Тапсырмаға сәйкес еліміздің 53 қаласында кәріздік-тазарту қондырғыларын салу және жаңғырту жобаларын іске асыру үшін дайындық жүргізіп жатырмыз. Халықаралық қаржы ұйымдарымен (Азия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі) шамамен 330 млрд теңге мөлшерінде бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша келісімге келдік» деді министр.
Бес қалада (Балқаш, Жаңатас, Жезқазған, Сәтпаев, Степногорск) кәріздік-тазарту қондырғыларын салу мен реконструкциялау бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Сараптама оң қорытындысын берді. Бұл жобаларды шамамен 40 млрд теңге мөлшерінде Азия даму банкі қарызы есебінен іске асыру жоспарланған.
«Алты қала (Ақтөбе, Аягөз, Қапшағай, Қарағанды, Пришахтинск, Риддер) бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, сараптамаға жіберілді. Құны шамамен 90 млрд теңге болатын бұл жобаларды Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен іске асыру жоспарланған. Әлемдегі пандемияға байланысты жобаларды іске асыру 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына ауыстырылды» деп түйіндеді министр.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қазіргі уақытта республика бойынша жалпы ұзындығы 15,5 мың шақырым болатын 74 топтық су құбырлары бар екенін айтты. Оның ішінде республикалық меншікте 13 мың шақырымды құрайтын 37 топтық су құбырлары тіркелген. Бұлар жалпы 1,1 млн адамы бар 608 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде.
Министрдің айтуынша, 2019-2020 жылдар аралығында тиісті қаржы бөлініп, әлеуметтік маңызы бар бірқатар топтық су құбырлары бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Атап айтсақ, 2019 жылы Павлодар облысындағы Май, Беловод және Қарағанды облысындағы Жәйрем-Қаражал топтық су құбырлары пайдалануға берілді. Ал 2020 жылы Алматы облысындағы Қаскелең, Қызылорда облысындағы Талап және Жиделі, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов (екінші кезегі), Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты топтық су құбырлары бойынша барлық жұмыстар ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін болады.
«Нәтижесінде бұған дейін сапалы суы болмаған 37 ауылдық елді мекен бойынша жаңадан су құбырлары салынып, 46 мыңға жуық тұрғын таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі» деді министр.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Премьер-Министр атап өткендей, бүгінгі таңда орталықтандырылған сумен жабдықтау қалаларда – 97,2%, ауылдарда – 86,4%-ды құрайды. 100% орталықтандырылған сумен жабдықтау Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында, ауылдар бойынша Алматы (98,8%), Атырау (98,4%) және Қызылорда (97,2%) облыстарында қамтамасыз етіледі. Орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік бойынша төмен көрсеткіштер Қостанай (61,1%), Жамбыл (72,6%) және Павлодар (73,3%) облыстарында байқалады.
53 қалада кәріздік тазарту құрылыстарын салу, реконструкциялау және жаңғырту бойынша жұмыс жүргізілуде, қаржыландыру көздері (АДБ және ЕҚДБ займдары) айқындалды, жобалық құжаттаманы дайындау жүргізілуде. «Халықты таза ауыз сумен жабдықтау мәселесі Үкіметтің стратегиялық міндеті және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Әр әкімдіктің елді мекендерге тиісті инфрақұрылымды жеткізу бойынша нақты жоспары болуы керек» деді А.Мамин.
Үкімет басшысы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындысы бойынша 2025 жылға қарай халықтың 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Осы мәселедегі маңыздысы, топтық су құбырларының инфрақұрылымын жасау және ауылдардың шекарасына дейін жеткізу керек. Бұл жұмыс желілерді елді мекендердің ішінде тартумен үйлесімді жүргізілуі қажет. Премьер-Министр жобалардың шығындарын қысқартып, жергілікті қамтуды дамыту мақсатында сумен жабдықтау және су бұру жобаларын іске асыру кезінде жобалау-сметалық құжаттаманың типтік жобаларын, сондай-ақ отандық өндірушілердің материалдарын пайдалануды тапсырды.
Экология министрлігіне топтық су құбырларын басқару жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар қабылдап, оларды салу және реконструкциялау жобаларын уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл ретте 2021 жылдың соңына дейін 197 мың тұрғыны бар 38 елді мекенге су жүргізуді көздейтін, ұзаққа созылған үш жобаның құрылысын аяқтау қажет екені атап өтілді. Индустрия, Ұлттық экономика, Қаржы, Экология, Денсаулық сақтау министрліктеріне халық үшін тарифтердің артуына жол бермеу мақсатында қызмет көрсетуді және қарызды өтеуді ескерумен кәріздік тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жобаларын іске асыру тетігін заң жүзінде бекітуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Жұмыспен қамтудың жол картасы жаңартылады
Сондай-ақ Үкімет отырысында Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру барысы қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов және Қызылорда облысының әкімі Г.Әбдіқалықова баяндама жасады.
«Биыл дағдарысқа қарсы қабылданған шараларды іске асыру халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауға ықпал етті. Жұмыспен қамтудың жол картасы қазақстандықтардың жұмысы мен табысын сақтауға септігін тигізді, елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділігін көрсетті» деді А.Мамин.
Жұмыспен қамтудың жол картасының шеңберінде шамамен 6 600 әлеуметтік, коммуналдық және көліктік инфрақұрылым объектісі салынып жатыр. Жобалар аяқталған соң, сабақтас салаларда 100 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. Жол картасының жобаларын іске асыру үшін қажетті тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің шамамен 90%-ы отандық өндірушілерден сатып алынды. 19 мыңға жуық бизнес субъектісі 488 млрд теңгеге тапсырыс алды, кемінде 114 мың жұмыс орны сақталды.
Премьер-Министр жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жоғары екенін атап өтті. Үкімет басшысы әкімдіктерге Жол картасының жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін 2021 жылға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасын жаңарту және онда тұрақты жұмыс орындарын құруға баса мән беру міндеттелді. Бұл ретте жобалардың басым бөлігі аяқталғандықтан, жұмысынан босап қалатын адамдарды жұмыспен қамту қажеттігі атап өтілді. Осыған орай Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық мемлекеттік бағдарламалардың жұмыс орындарын құру бойынша индикаторларын жаңарту, тиісті статистикалық есепке алу жүйесін енгізу, сондай-ақ жұмыс орындарын құрудың өңірлік карталарын әзірлеп, бекіту тапсырылды.
2021 жылға арналған заң жобалау жұмыстары
Үкімет отырысында Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспары қаралды. Бұл мәселе жөнінде Әділет министрі М.Бекетаев баяндама жасады. Жоспар биржалық сауданы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды, жер қатынастарын, көлікті, құқық қорғау қызметі мен геодезияны, картографияны, волонтерлік қызмет пен қайырымдылықты, биологиялық қауіпсіздікті нығайтуды және басқа да мәселелерді қамтиды.
Марат Бекетаев айтып өткендей, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспар жобасы Президент пен мемлекеттің стратегиялық құжаттарында айқындалған міндеттер негізінде әзірленген. Жоспар 19 заң жобасын әзірлеуді көздейді.
«Олар сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын реттеуге, биржалық сауда, көлік, жер қатынастары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, құқық қорғау қызметі, геодезия, картография және кеңістіктік деректер, волонтерлер қызметі және қайырымдылық, инновациялық және ғылыми-техникалық даму, биологиялық қауіпсіздік және басқа да салаларды одан әрі дамытуға бағытталған» деді министр.
2021 жылы үш жаңа заң жобасын әзірлеу көзделіп отыр. Олар «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы», «Әскери полиция органдары туралы» және «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобалары. Сондай-ақ алдағы жылы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарынан туындайтын екі заң жобасы Парламентке енгізіледі. Олар «Қазақстан Республикасының биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары. Жоспар жобасында көзделген 19 заң жобасының ішінен Парламентке 2021 жылдың І жартыжылдығында 5, ал ІІ жартыжылдығында 14 заң жобасын енгізу жоспарланып отыр. «Құқықтық актілер туралы» Заңға сәйкес Жоспар жобасы Мемлекет басшысымен келісілуі тиіс. Осыған орай Жоспар жобасын Президент Әкімшілігіне енгізу ұсынылады» деді министр.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Келесі жылы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан туындаған екі заң жобасын Парламентке енгізуіміз қажет. Бұл – биржалық сауданы дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобалары. 2021 жылдың жоспарына сондай-ақ үш жаңа заң жобасы енгізілді. Бұл геодезия, биологиялық қауіпсіздік және әскери полиция туралы заң жобалары» деді А.Мамин осы мәселеге орай.
Премьер-Министр мүдделі мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына заң жобаларының сапасына және олардың Үкімет пен Парламентке уақтылы енгізілуіне ерекше назар аударуды тапсырды.