Біздің еліміздегі сот жүйесінің дамуы тәуелсіз Қазақстанның жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, өркениетті және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуымен тығыз байланысты дейміз. Бұл орайда осы конституциялық заңдылықтардың орындалуы үшін адам құқын қорғау саласында мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалынып келеді. Енді, міне, атқарылған жұмыстарды қорытындылайтын, алда тұрған міндеттерді белгілейтін Қазақстан судьяларының VI съезі де өтеді.
Осы орайда біз сот жүйесінің қалыптасу кезеңдеріне байланысты сот саласында ұзақ уақыт жемісті қызмет еткен, тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің елордасы атанған Астана қаласы сотының алғашқы төрағасы болған, Жоғарғы Сот судьясы қызметін атқарған Сансызбек РАЙЫМБАЕВҚА жолығып, сот жүйесінің ел тәуелсіздігінен кейінгі жылдардағы даму үдерістері туралы әңгімелескен едік.
Біздің еліміздегі сот жүйесінің дамуы тәуелсіз Қазақстанның жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, өркениетті және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуымен тығыз байланысты дейміз. Бұл орайда осы конституциялық заңдылықтардың орындалуы үшін адам құқын қорғау саласында мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалынып келеді. Енді, міне, атқарылған жұмыстарды қорытындылайтын, алда тұрған міндеттерді белгілейтін Қазақстан судьяларының VI съезі де өтеді.
Осы орайда біз сот жүйесінің қалыптасу кезеңдеріне байланысты сот саласында ұзақ уақыт жемісті қызмет еткен, тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің елордасы атанған Астана қаласы сотының алғашқы төрағасы болған, Жоғарғы Сот судьясы қызметін атқарған Сансызбек РАЙЫМБАЕВҚА жолығып, сот жүйесінің ел тәуелсіздігінен кейінгі жылдардағы даму үдерістері туралы әңгімелескен едік.
– Сансызбек Ілиясұлы, өзіңіз сот саласында ұзақ уақыт қызмет атқарған судья ретінде бүгінгі таңдағы сот жүйесінің ахуалы қандай деп ойлайсыз? Жалпы, еліміздегі көп жылғы сот-құқықтық реформа не берді?
– Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары барлық салада жаппай қарышты дамыған еліміз секілді сот жүйесі де дамып, қалыптасып, жаңа биіктерге көтерілді. Ал осы сот жүйесінің сапалы өзгерістерінің бастауларына Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы, ел Президентінің Конституциялық заңды күші бар1995 жылғы 20 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Жарлығы және өзіңіз айтқандай, оған сот-құқық реформасының мемлекеттік бағдарламасы жатады. Аталған заңнамалық актілердің негіздерін тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың бейтарап және әділ сот, құқықтық мемлекеттегі соттың басты рөлі, сот төрелігінің халыққа қолжетімділігі, сот жүйесінің ашықтығы мен транспаренттілігі, сот қызметкерлерінің жоғары мәртебесі жөніндегі құқықтық идеялары мен көзқарастары құрайды. Бұл идеяларды жүзеге асыруға белгілі заңгерлер Н.Шайкеновтің, И.Роговтың, Ю.Кимнің, М.Нәрікбаевтің, Қ.Мәмидің, Қ.Сүлейменовтің қосқан үлестері елеулі.
– Сот құрылысы мен сот өндірісі саласындағы жүргізілген реформалар туралы айтып өтсеңіз.
– Сот құрылысы мен сот өндірісі саласындағы жүргізілген реформалардың өткір пікірталастар мен дауларға да ұласқан кездері болды. Оларға әдетте, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдар қатысатын. Мысалы, соттарды тағайындау жөніндегі мәселелер Президент Н.Назарбаевтың тікелей қатысуымен 1994 жылғы маусымдағы Заңгерлер одағының конференциясында талқыланды.Еліміздің сот корпусы өкілдерінің судьяларды Қазақстан Президентінің тағайындауы жөніндегі пікірлері мемлекет құрылымының парламенттік немесе президенттік модельдері жөніндегі пікірталаста Президенттік басқару нысаны судьялардың тарапынан кеңінен қолдау тапқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, судьялар жалпы және аралық соттарды біріктіру және біртұтас сот жүйесін құру идеясын жақтады. Бұл Н.Назарбаевтың әртүрлі сот жүйелерін біріктірудің артықшылықтарын бағалаудағы көрегендігінің айғағы. Сот билігін бір органда шоғырландыру барлық істер санаттары бойынша бірегей сот тәжірибесін, сот өндірісінің стандарттарын, әлеуметтік және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің көптеген мәселелерін шешуге деген талпыныстарды жұмылдыруға мүмкіндік берді. Батыс елдерінде мамандандыру істердің жеке санаттарын қарау үшін дербес сот жүйелерін құруға тірелсе, Қазақстанда мамандандырылған салық, ювеналдық, әкімшілік, қаржылық соттар тұтас сот жүйесі шеңберінде құрылды.
– Соттарға кейде қысым жасалатынын өзіңіз де жақсы білесіз. Осы орайда жоғары шенділердің соттың іс жүргізу үдерістеріне әсер ету жолдарын бөгеудің және судьялардың тәуелсіздігін қорғаудың қандай амалдары қарастырылуда?
– 2000 жылғы кадрлар саласындағы және бірқатар басқа да өкілеттіктерді Әділет министрлігінен Жоғарғы Сот пен жаңадан құрылған Соттарды ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету комитетіне беру арқылы сот билігін атқарушы биліктен бөлу жөніндегі шешім судьялардың тәуелсіздігін қорғау қажеттігінен туындады. Осы амал арқылы кейбір шенділердің сот төрелігін жүргізу процесіне процессуалдық емес әсер етуге деген талпыныстарына тосқауыл қойылды. Бұл тұрғыдан алғанда кейінгі жылдары Жоғарғы Сот пен оның төрағасы Қ.Мәмидің сот билігін нығайтуға қосқан үлесі елеулі болды. Бұрын-соңды болмаған өте көп іс тындырылды. Сот төрелігін жүргізуге алқабилертартылды, қамауға рұқсат беру прокуратурадан сотқа ауысты, кейіннен сот төрелігі институты болып қайта құрылған, басты мақсаты екі жылда болашақ судьяларды әзірлеу болып табылатын Сот академиясы ашылды.
Әрине, өткен жылдар ішінде бұдан басқа да қомақты жұмыстар жүргізілді. Соның бірі ретінде сот актілеріне шағымдану сатыларын жөнге келтіру, яғни артық сот инстанциялары қысқартылды, ал істерді бірінші инстанция ретінде қарау аудандық және оған теңестірілген соттардың айрықша құзыретіне жатқызылды. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, қадағалау инстанцияларының өкілеттілігі елеулі қысқартылды, прокуратураның азаматтық процеске ықпалы азайтылды.
Қылмыстық және азаматтық істер бойынша толыққанды апелляцияны кіргізу қоғам өміріндегі маңызды оқиғаға айналды. Апелляциялық инстанциялар дәстүрлі тексерушілік өкілеттіктерден аластатылды, аудандық соттардың жіберген қателіктері мен кемшіліктерін істі қайта қарауға жібермей-ақ белсенді түрде тікелей түзете бастады. Бұл істі қарауды орынсыз созбалауға тосқауыл қойып, оны түбегейлі шешуді тездетті. Апелляциялық шағымдар мен наразылықтар бойынша істерді облыстық соттардың судьяларының жеке қарауы, олардың қаралған істің сапасына жауапкершілігін арттырумен қатар, өздерінің процессуалдық құзыреттерін белсенді пайдалануына мүмкіншілік туғызды. Апелляциялық сотқа аудандық соттың дәлелдемелерді зерделеу мен бағалау кезіндегі барлық өкілеттілігін беру, сот актісінің сапасын апелляция инстанцияларымен қамтамасыз етуге жол ашты.
– Мұндай талаптардан кейін сот жүйесінде қандай өзгерістер болды?
– Әрине, осыған орай кейінгі жылдары Қазақстанда соттар азаматтардың құқықтар мен заңды мүдделерін қорғаудың шынайы институттарына айналды. Соттар үшін жабық тақырыптар жоғалды. Әлеуметтік, іскерлік салалардағы, шарттық және еңбек қатынастарындағы сан алуан даулар мен шиеленістер сот процедуралары шеңберінде шешіле бастады. Мысалы, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында әлеуметтік тебіреністі және шиеленісті қоздыруға қарағандылық шахтерлардың ереуілдері, территориялық тұтастықты және егемендікті бұзуға бағытталған Жетісу, Орал, солтүстік казактарының және белгілі саяси партиялар мен бірлестіктердің әрекеттері елеулі әсер етті. Аталған әрбір шиеленіс тәуелсіз мемлекеттің тағдырына қатер туғызды. Тек қана, заңды, дәлелді, нанымды сот шешімдері ғана олардың көбіне нүкте қоюға мүмкіншілік берді. Сондықтан, сот жүйесі Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен нығаюына өз үлесін қосты деп айтуға толық негіз бар деп санаймыз.
– Ал мына мамандандырылған экономикалық соттар жүйесін құру елімізге қандай нәтижелер әкелді?
– Мамандандырылған экономикалық соттардың жүйесін құру елімізде шаруашылықаралық байланыстарды нығайтуға мүмкіншілік туғызды. Экономикалық соттардың заңнамаларды қолдану тәжірибелері, соттық прецеденттері, шаруашылық субъектілерінің азаматтық, салық, жер, кеден және банк заңдарының нормаларын біркелкі түсінуіне, шарттық міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін қалыптастыруға оң ықпал етті. Бұған қоса тағы бір айтарым, шетелдік инвесторлар өз қаржыларын, олардың капиталдарын сақтауды қамтамасыз етуге және оларға қол сұқтырмауға қабілетті елдерге ғана әкелетіндері жалпыға мәлім. Осы мақсатта судьялары ағылшын тілін игерген, халықаралық құқықты білетін және кез келген инвестициялық дауды қарауға мүмкіндігі зор Алматы қаласының қаржылық орталығының мамандандырылған соты құрылды. Осылайша, Қазақстан Республикасының шетелдік инвестицияларды тартудан көшбасшы болуы елімізде заманауи халықаралық талаптар мен стандарттарға сай тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасқандығының дәлелі дейміз.
– Жалпы, судьялардың жұмысына наразылық, қанағаттанбаушылық бар екені де жасырын емес. Мұндай келеңсіздікке бұрынғы тәжірибелі судья ретінде не айта аласыз?
– Иә, дұрыс айтасыз, соттарға барлық жағдай жасалынып жатса да, соған қарамастан, халықтың сенімін ақтауға, соттардың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған көп мәселе бар десек артық айтқандық емес. Сот жүйесінің алдындағы міндеттері туралы Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Сот төрелігін жүргізу процесін ықшамдау, оны артық бюрократиялық процедуралардан арылтып, болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттан тыс тәртіппен қаралатын тетікті қарастыру қажет» делінді. Сот өндірісін ықшамдаудың қажеттілігі Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдардағы кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында да көрсетілді. Бюрократиялық сатылардан арылу судьялардың жұмысын жеңілдетіп, соттың процеске қатысушылармен арақатынасын үндестіріп, сот жүйесіне жұмсалатын мемлекеттік қаржыларды үнемдеуге жол ашады.
Мысалы, коммуналдық төлемдерге байланысты қарыздарды сот мәжілісін өткізбей және тараптарды шақырмай-ақ, яғни бұйрықтық тәртіпте қарау толғағы жеткен мәселе. Соттардың сылбырлығынан және сотқа дейінгі дайындықтың нашарлығынан істерді кейінге қалдыруға тыйым салу қажет. Мысалы, Еуропа елдерінде кез келген азаматтық іс бойынша екеуден артық сот мәжілісіне жол берілмейді. «Электрондық сот төрелігі» идеясын процеске қатысушыларға хабар алмасумен қатар, электрондық режімде жеке процессуалдық әрекеттер жасауға рұқсат бере отырып жүзеге асыратын уақыт келді.
– Демек, соттардың тәуелсіздігі мен дербестігін нығайту олардың өз жұмыстарының нәтижесі үшін жауапкершілікті көтерумен қатар жүруі қажет дейсіз ғой.
– Иә, соңғы жылдарда судьялыққа кандидаттар мен қызметтегі судьяларға да қойылатын талаптардың күрт өскенін ешкім теріске шығара алмайды. Оларға моральдық принциптер мен этикалық нормаларды сақтауға байланысты шектеулер енгізілді. Өйткені, қазіргі жағдайда судьялық қызметтің жауапкершілігі мен күрделілігі арта түсуде. Бұл жағдайлар кезекті судья қатарларын тазарту компанияларында толық ескерілмейді. Дегенмен, мыңдаған адал, сатылмайтын әділ сот қызметкерлері, өздерінің халыққа заңның үстемдігі үшін қызмет етуін мақтан тұтады. Тәуелсіз, кәсіби сот төрелігінің маңызды кепіліне Елбасының сот корпусын қолдауы жататыны сөзсіз. Ал мұндай қолдау ешуақытта сот жүйесіндегі кемшіліктерге жол бермейтіндігі анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».