Аты жаман індеттің әлі де азаймай тұрғанына байланысты Шығыс Қазақстан облысында қосымша шектеу шаралары енгізілген болатын. Оның үстіне болуы ықтимал COVID-19 вирусының екінші толқынына да дайындық шаралары күшейтілген. Бірақ кейбір мекемелер санитарлық талаптарды орындамай отырған көрінеді.
Жуықта ғана Өскеменде облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандарының ұйымдастыруымен адам аяғы көп басады-ау деген сауда нысандарына және дәмханаларға мониторингтік топ пен құзырлы органдар рейд жасады. Мониторингтік топтың мақсаты – адамдар арасында карантиндік және шектеу ережелерін сақтауды қадағалау, коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу еді.
Осы мақсатта жұмыстарын жалғастырған топ Өскемендегі сауда нысандарын аралай келе «Браво» дәмханасына кірген. Сауда орындарында санитарлық талаптар сақталғанымен, аталған дәмханада әлеуметтік қашықтықты көрсететін сызықтар жоқ, кіреберістегі санитарлық кілемшелері кеуіп қалған, қолды зарарсыздандыратын құралдары көрінбейтін жерде тұр. Ал қызметкерлері резеңке қолғап, медициналық маска тақпаған. Сондай-ақ мониторингтік топ тексерген сұлулық салондарында да маскалық режім сақталмаған.
Халық вирустың алғашқы толқынынан сабақ алу керек еді. Қаншама адам төсекке таңылды, қаншамасы қайтыс болды?! Ауруханалардан орын жетпей, ем-дәрі таппай сандалғандар да аз емес еді. Қарапайым ғана санитарлық талаптарды сақтамай жүрген азаматтар жаздағы жағдайды бір сәт ұмытып кеткен сияқты.
Рейдтік шаралар кезінде әр нысандағы орындалмай жатқан талаптарға байланысты учаскелік полиция қызметкері хаттама толтырып, мекеме әкімшілігінен түсініктеме алды. Орын алған олқылықтар фотоға түсірілді. Енді осы негізде санитарлық-эпидемиялық қызмет мамандары тиісті шара қолданады.
Мониторингтік топтардың жаңартылған кестесі бойынша құрамында жергілікті полиция қызметкерлері мен санитарлық-эпидемиялық қызметтің мамандары да жұмыс істейді. Олар 1-21 қазан аралығында облыс бойынша 493 рейд жүргізіп, 6 091 нысан қамтылды. Оның ішінде қоғамдық көлік және көлікті дезинфекциялау пункттерінде тексеру жұмыстары жүргізілді. Санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтамағандарға Әкімшілік кодекстің 425-бабы, 1-бөлігі бойынша 137 айыппұл салынды.
Осыған орай облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары қолданыстағы санитарлық ережелер мен республикалық және облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулыларының барлық талаптарын сақтауды сұрайды. Халық белгіленген шектеулерді, оның ішінде әлеуметтік қашықтықты және маска режімін сақтауы тиіс. Көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шараларды ұйымдастыруға шектеу қойылған. Мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлер міндетті түрде сақтық шараларын сақтағандары жөн. Яғни, маска және медициналық қорғаныш қолғабын киіп жүру керек. Объектілерде күшейтілген дезинфекциялау режімін сақтау, нұсқаулыққа сәйкес дезинфекциялау құралдарын қолдану міндетті. Кіреберісте антисептиктер, санитайзерлер, дезинфекциялық кілемшелер және байланыссыз термометрлер болуы тиіс.
Егер аталған санитарлық талаптар сақталмаса, Әкімшілік кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша жеке тұлғалар үшін – 30 АЕК немесе 83 340 теңге, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 230 АЕК немесе 638 940 теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК немесе 861 180 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 600 АЕК немесе 4 444 800 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Ал рейдтік шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Шығыс Қазақстан облысы