Өскеменде жаңадан салынған жекпе-жек сарайында дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Оның ашылу салтанатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ел біріншілігіне қатысушыларды чемпионаттың ашылуымен құттықтап, жаңа спорт кешені құрылысының бір жылға жетер-жетпес уақытта бой көтергенін, оны халықтың асар әдісімен салғандарын жеткізді.
Өскеменде жаңадан салынған жекпе-жек сарайында дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Оның ашылу салтанатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ел біріншілігіне қатысушыларды чемпионаттың ашылуымен құттықтап, жаңа спорт кешені құрылысының бір жылға жетер-жетпес уақытта бой көтергенін, оны халықтың асар әдісімен салғандарын жеткізді.
– Айта кету керек, кезекті ел чемпионатына барлық облыстардан 400-ден астам дзюдошылар қатысуда. Жарыс ерлер мен әйелдер арасында, командалық есепте төрт күнге созылмақ. Жаңа спорт сарайында саңлақтарға барлық жағдай жасалған. Киініп-шешінетін жер, жуынатын бөлмелер әзір, – дейді Шығыс Қазақстан облыстық спорт және дене тәрбиесі басқармасының бастығы, Шығыста спорттың өркендеуіне көп үлес қосып келе жатқан Әбіл Дөңбаев.
Бұл жолы Әлем кубогының иегері Гүлжан Исанова жарақатына байланысты жарысқа қатыса алмады. Бір бұрышта мұңайып тұрған жерлесімізді жұбатуға тура келді. Жарыстың бірінші күні аса ауыр салмақта тараздық Руза Доқтырбаева павлодарлық Зарина Байбатинаны жеңді. Рузамен сөйлескенімізде, ол өзін Самат Өмірәлиев жаттықтыратынын, жастар арасында әлем чемпионатында 7-орын алғанын, жеңісті күндердің әлі алда екенін айтты.
Шеберлікте шек жоқ екені белгілі. 100 килоға дейінгі салмақта күрескен әлем чемпионы Максим Раков қарсыластарын шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Қызылордалық Руслан Әбдіразақов күмісті місе тұтты. Әйелдер арасында 75 килоға дейінгі салмақта сайыстар тартысты өтті. Финалда Зәмзәгүл Файзоллақызы мен Қалжан Тайжанова белдесіп, соңғысы ел чемпионы деген атаққа жетті. Зере Бектасқызы мен Динара Қодарова қола медальді қанағат тұтты.
Жарыстың екінші және үшінші күндерінде мыналар чемпиондық атаққа ие болды. Ерлер: 66 кило – Жансай Смағұлов (Қарағанды облысы),73 кило – Дастан Ықыбаев (ШҚО), 81 кило – Әзиз Қалқаманұлы (Жамбыл облысы), 90 кило – Болат Тимур (Астана). Әйелдер: 52 кило – Олеся Куценко (Маңғыстау облысы), 57 кило – Нәзгүл Құбашева (Атырау), 65 кило – Мәриям Ордабаева (Алматы қаласы), 78 кило – Альбина Амангелдиева (ОҚО).
Бүгін абсолютті және командалық есепте жеңімпаздар анықталмақ.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.
––––––––––––––
Суретте: дзюдодан ел чемпионы тараздық Руза Доқтырбаева.
Суретті түсірген автор.