Байтақ даламыздың басты ордасы жыл сайын жаңарып келе жатыр. Құлпырған құтты қаламыздың қарыштап қадам басуына түрлі қызметтер түрткі болуда. Соның бірі – Smart Astana жобасы. Бағдарлама тұрғындардың өмір сапасын және әл-ауқатын арттыру, елорданың инфрақұрылымын, қоғамдық қауіпсіздігі деңгейін жақсартуға, жаңғыртуға бағытталған.
Smart Astana қосымшасы 80-нен аса қызметті қамтиды
Бүгінде әлем халқының саны 7,6 млрд-қа жетіп жығылды. Соның 55 пайызы қалаларда тұрады. БҰҰ-ның болжамы бойынша 2050 жылы жер бетіндегі қала халқының үлесі 68 пайызды құрайды. Мұның салдарынан қалалық қызметтерге деген сұраныс одан сайын артады, кедергілер мен қысымдар ұлғая түседі. Экономистер қалаларда әлемдік экономиканың 70 пайызы шоғырланғанын айтып отыр. Бұл көрсеткіш неғұрлым артатын болса, ірі салаларды басқару соғұрлым қиындайды. Осы кезде ақылды қалалар дамыған елдерге әкімшілік істерін басқаруға жәрдемдеспек.
Smart қалаларға тоқталмас бұрын «ақылды қала деп нені айтамыз? деген сауалға тоқталып өтейік. Әдетте ақылды қалалардың экономикасы жоғары, басқару жүйесі жүйеленген, инфрақұрылымы жетілген, барлық талапқа сай болады. Тұрғындары да цифрлы тұрғыдан сауатты әрі жаңашылдыққа бейім келеді. Критерийлері – 4G мобильді байланысы, Wi-Fi-ға кіретін нүктелер, ақылды паркинг, жол қозғалысының оңтайландырылған жүйесі, мемлекеттік қызметтердің онлайн форматта қолжетімділігі, тұрғындардың азаматтық позициясы, қоқыс қалдықтарын өңдейтін аппараттар сияқты игіліктер.
«Ақылды» қалалардың жаһандық рейтингіне Қазақстан қалаларынан 2 мегаполис еніп отыр. Бұл – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Нұр-Сұлтан қаласы 2018 жылы «IDC Smart City» деп аталатын әлемдік ақылды қаланың жетілуін бағалайтын модельде 2,48 балды алды. Бұл көрсеткіш бойынша ең цифрлы мемлекет саналатын Сингапурдың өзі 4,4 балды алған. Әлемдегі ең жайлы әрі әдемі қала – Дубай, 3,6 балды иемденген. Ал көршілес Мәскеу 3,6 балға ие болған.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы ретінде цифрландырудың өзекті мәселелерін уақтылы қозғады. Бұл ретте елорда әкімдігі цифрлы сервистер мен инновацияларды өмірдің барлық саласында пайдалануға, сондай-ақ «Ақылды қала» жүйесін енгізуге назар аударып келеді.
«Біз қала басшылығының, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жақсы қолдауын көріп отырмыз. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қаланы цифрландырудың 6 негізгі бағыты бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл қала тіршілігінің негізгі аспектілері – әкімдік, тұрғындар және жеке бизнес арасындағы тығыз ынтымақтастықты қамтиды. Оның ішінде қауіпсіздік, ТКШ, білім, денсаулық сақтау, көлік, тұрғындар үшін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бар», деді Нұр-Сұлтан қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек.
Бүгінде елорданың инновациялық жобаларын жүзеге асыруды қала әкімдігі цифрландыру басқармасы және «Астана Innovations» АҚ, мемлекеттік кәсіпорындар мен жеке сектор жүзеге асырады. «Астана Innovations» – қала билігінің, ғылыми және бизнес қоғамдастығының күш-жігерін біріктіре отырып, инновациялық экожүйенің интеграторы болып отыр.
«Астана Innovations» АҚ қызметін реттейтін маңызды құжаттардың бірі – ақылды қалалардың еуропалық моделі негізінде әзірленген және Нұр-Сұлтан қаласының инфрақұрылымы мен басқару әдістерін жетілдіру арқылы оны «ақылды қалаға» айналдыруға бағытталған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаулысымен бекітілген Smart Astana тұжырымдамасы.
Бұған қоса Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бірыңғай бренді болып табылатын Smart Astana мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Smart Astana мобильді қосымшасы 10 санат бойынша қалалық қызметтер, медицина, білім беру, белсенді тұрғын, көлік сияқты 80-нен аса сервис пен қызметті қамтиды. Бұл қосымша 10 мыңнан аса рет жүктеліп, белсенді пайдаланушылардың саны айына 25 мыңнан асып, 9,3 млн-нан аса push-хабарлама таратты. Бұл – аттестациядан және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруден сәтті өткен жалғыз қалалық мобильді қосымша. Өткен жылы мобильді қосымша өнеркәсіптік пайдалануға берілді.
Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік көрсеткіштерін арттыру бөлігінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 2017 жылы өз бетінше бастама көтеріп, қазіргі уақытта МЖӘ-нің «Сергек» фото және бейнетіркеу кешенінің жобасын толық көлемде іске асырды. «Сергек» жобасы енгізілгелі бері қылмыс санының тіркелуі айтарлықтай төмендегені байқалады. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы саны 32%-ға (421-ден 285-ке дейін), оның салдарынан жарақат алу 41%-ға (543-тен 320-ға дейін) азайды.
ІТ-стартаптарға қолдау көрсетіледі
Әкімдік елорданың инновациялық экожүйесін дамытуға ерекше назар аударуда. Жүйелі түрде қаланың стартап-жобалары мен кәсіпкерлердің қалалық шешімдерін қолдау шаралары өткізіледі.
Жыл сайын 2 мыңға жуық қатысушы жаңа стартап жобаларын ұсынады. Бұл бастамалар білім беру бағдарламаларын, инвестициялық және қанатқақты жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
«Стартаптар – инновация қозғалтқышы. Енді алдымызда экожүйені дамыту және белсенді жастарға өз идеяларын жүзеге асыруға көмектесу міндеті тұр. Бір ғана ойдың тұтас бизнес құра алатындығын көрсетуіміз керек», дейді Б.Қасабек.
Сондай стартаперлердің бірі Дінмұхамед Жүнісов осы мүмкіндікті пайдаланып, өз идеясын іске асырды. Оның командасы «Astana Innovations Challenge» марафонының Okoo (Оқу) Seedstars инновациялық платформасы негізінде бірқатар жеделдету бағдарламасын сәтті өткізіп, идеясын Нұр-Сұлтан қаласының мектептерімен бірге жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Бүгінде Okoo жобасы бағдарламалауды үйренуге арналған онлайн-білім беру платформасын ұсынады. Бұл Қазақстанның басқа қалаларында да қолға алына бастады.
Жақында елордада қала әкімінің төрағалығымен ІТ кеңес құрылды, оның барысында қатысушылар өздерінің ІТ-жобаларын ұсынады. ІТ қоғамдастық шеңберінде қала тұрғындарының, бизнес қауымдастықтың және ғылыми ортаның пікірін ескере отырып, қаланы цифрландырудың бірыңғай саясаты қалыптасады.
iKomek орталығына 1 млн-нан аса өтініш түскен
Елімізде карантин енгізілгеннен кейін елордалық iKomek орталығына 1 млн-нан аса өтініш келіп түскен. Елордалықтарды көбіне коронавирусқа, Денсаулық сақтау жүйесі мен қоғамдық көлік жұмысына қатысты мәселелер толғандырды.
«Карантин кезеңінде iKOMEK орталығына 1 073 094 өтініш келіп түсті, оның ішінде кеңес алу үшін – 902 171, алғыс білдіргендер – 2 159, ұсыныстар – 2 626. Өтініштердің ең көп саны коронавирусқа қатысты – 334 672 (31,19%), денсаулық сақтау бойынша – 231 979 (21,62%), қоғамдық көлік жұмысы мәселелері бойынша – 145 873 (13,59%), қаланы электрмен жабдықтау жөнінде – 52 956 (4,93%), бірыңғай төлем құжаты бойынша 38 858 (3,62%) өтініш тіркелген», делінген iKomek орталығының хабарламасында.
Қоғамдағы мәселелер бойынша өтініштердің 71,3%-ы коммуналдық қызметтер мен қалалық басқармалардың барлық Caal-орталықтарына 109 қысқа нөмірмен біріктіретін iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы келіп түседі. Бұл сервис – 24/7 режімде халықпен байланысатын оңтайлы құрал. Оның көмегімен тұрғындар сұрақтарының 85,3%-ы бірінші қоңыраудан кейін шешіледі, қалғандары жеті күн ішінде пысықталады.
«Күн сайын бізге 7 мыңнан 29 мыңға дейін өтініш түседі. Оның көп бөлігі қайталанады. Жұмыстың 99%-ы өңделеді. Күн сайын коммуналдық кәсіпорындар мен әкімдік басқармаларының жұмысында 6 мыңға жуық өтініш бар. Бұл ретте 1 800-ден аса қызмет бойынша оператор бірінші қоңыраудан бастап 16 секунд ішінде жауап бере алады. Егер өтініш әлеуметтік желілерге түссе, онда реакция 10 минут ішінде беріледі. Мәселені қарауға және жауап беруге жеті күнге дейін уақыт кетеді», деп нақтылады орталықта.
ББО қызметіне әртүрлі тәсілдермен жүгінуге болады. Бүгінде өтініштерді берудің тоғыз арнасы жұмыс істейді. Олар – ұялы және қалалық телефондар арқылы тегін 109 нөмірі арқылы, тelegram-бот, қала әкімдігінің сайты, iKOMEK109 мобильді қосымшасы, Smart Astana мобильді қосымшасы, сайт, электронды мекенжай арқылы, Instagram, Facebook сияқты әлеуметтік желілер.
Айта кету керек, iKOMEK109 мобильді қосымшасы жылына 50 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл – қала басшылығының инциденттер туралы СМС-хабарламалардан бас тартып, осы сервис арқылы push-хабарламаларға ауысуының нәтижесі.
Сондай-ақ iKomek орталығында мониторингтің Ахуалдық орталығы жұмыс істейді, онда 16 530 бейнебақылау камерасы бар. Олардың көмегімен елорда көшелеріндегі және халық көп жиналатын орындардағы жағдай қадағаланады.
Сонымен қатар барлық ақпарат iKOMEK талдау орталығына жіберіледі. Бұл бөлімде қаланың ең өзекті және жүйелі мәселелерін көруге мүмкіндік беретін мәліметтер базасы құрылады. Осы арқылы әртүрлі оқиғалардың түпкі себептері анықталады. Бұл жүйелі және қайталанатын мәселелерді шешудің ең сенімді шешімдерін қабылдауға мүмкіндік береді.
Аулаларға ақылды шлагбаумдар орнатылып жатыр
Ақылды қалаға айналуды мақсат тұтқан астанада тағы бір жоба сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл – ауладағы қауіпсіз көлік қозғалысына жағдай жасайтын ақылды шлагбаум жобасы.
Індет қос бүйірден қысқан қысылтаяң кезеңде ақылды шлагбаумдар жедел жәрдем көліктерінің аулаларда кедергісіз жүруіне мүмкіндік берді. Жаңа технологиялар арқылы тұрғын үй кешендерінің аулалары айтарлықтай реттеліп қалды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram-дағы парақшасында осындай ақжолтай хабар таратып, тұрғындарды қуантып қойды.
«Елорданың тұрғын үй кешендерінде smart шлагбаумдарды енгізу жобасы мен автокөліктердің мемлекеттік нөмірлерін анықтау жүйесі қолға алынды. Бұл технология жедел жәрдем көліктерінің үйлердің аулаларына кедергісіз кіруіне мүмкіндік береді. Арнайы мәліметтер базасына енгізілген көліктер smart технологияның көмегімен шлагбаумнан өтіп, аулаға кіре алады. Сонымен қатар тізімді қажет болған жағдайда толықтыруға болады. Бұған қоса барлық кіріп-шыққан автокөлік тізімі журналға тіркеледі. Жыл соңына дейін біз тұрғын үйлердің 30%-на дейін smart шлагбаумдармен жабдықтауды жоспарлап отырмыз», деді А.Көлгінов.
Сондай-ақ «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша аулалардың аумағында камералар орнату жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік деңгейін арттыруға септігін тигізеді. Айталық осы игіліктің нәтижесінде ұрлық жасау, бөтеннің мүлкіне зиян келтіру және басқа құқықбұзушылықтар саны азаяды деген үміт бар.