• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қазан, 2020

«Алтын қаламға» Төлеуовтер ие болды

239 рет
көрсетілді

Алматыдағы Ұлттық кітапхана қабырғасында «Алтын қалам – 2020» әдеби жүлдесінің қорытындысы жарияланып, жеңімпаздардың есімдері таныстырылды. Дәстүрлі әдеби байқауға биыл Қазақстан, Ресей, Украина, АҚШ, Израиль, Беларусь елдерінен, сонымен қатар тұңғыш рет Моңғолия және Орталық Африка республикасынан барлығы 408 автор қатысты.

«Алтын қалам» әдеби жүл­десінің жеңімпаздарын марапаттау шарасы биыл алғаш рет жабық есік жағдайында ұйым­дастырылып, салтанатты жиынға тек жеңімпаздар мен жоба се­рік­тестері және журналистер ша­қы­рылды. Наурыз айының 15-нен қыркүйектің 15-не дейін қа­былданған 600-ге жуық шы­ғарма байқаудың akalam.kz рес­ми сайтында жарияланып, оқыр­мандар мен қазылардың сарап­тауынан өткен. 19 қазанда жарияланған байқаудың қысқа тізіміне әр жанр бойынша жеті шығармадан енгізілген еді. Қа­зылар шешімімен солардың ішін­дегі ең үздік бір шығарма ғана марапатталды.

Белгілі жазушы Төлен Әб­дік «Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» марапатқа ие болды. Ал Бауыржан Оспа­нов тағайындаған Есенқұл Ма­манов атындағы бас жүлде –

1 млн теңгені алматылық За­ман Төлеуов жеңіп алды. Жазу­шы­ның «Қарақуыс» романы «Үздік қазақ романы» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды.

Тағы бір басты сыйлық –

1 000 000 теңгені балалар шы­­ғар­­машылығына арналған «Да­рабоз» байқауында өзгеден оза шапқан павлодарлық қалам­гер Алпысбай Хонж иеленді.

– Биылғы бәйгеде бақ сына­ғандар қатары былтырғыдан өскен және олардың арасында танымал авторлар, қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардан жүл­де алған кәсіби деңгейі жо­ғары қаламгерлер көп болды. Бір атап өтерлігі, биыл akalam.kz сайтына кіріп, байқауға ұсынылған шығармалармен танысып, пікір білдіргендер қарасы қалың. Соң­ғы төрт күнде 1 млн-нан аса адам конкурстың ресми сайтын ашып оқыған, – дейді «Алтын қалам» әдеби жүлдесін ұйымдастыру коми­тетінің директоры Кенже Жұ­манұлы.

Айтулы байқаудың түрлі аталымында үздік деп танылған авторлар төмендегідей. «Жылдың үздік поэзиясы» Макинара Хай­румға, «Жылдың үздік проза­сы» Ертай Айғалиұлына, «Жыл­дың үздік сатирасы» Ал­пыс­бай Хонжға, «Жылдың үздік ки­но­сценарийі және драматургиясы» Қуандық Түменбайға, «Жыл­дың үздік фантастикасы және детектив шығармасы» Сай­­лау Төлеуовке, «Дарабоз» ба­лаларға арналған үздік шы­ғар­ма Алпысбай Хонжға, «Үздік қазақ романы» Заман Төлеуовке бұйырды.

«Алтын қалам» әдеби жүлдесі 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқаудың ерекшелігі сол – жоба ұйымдастырушыларының әдебиетке қатысы жоқ, тек кітап оқығанды ұнататын оқырмандар. Алғашқы кезеңде шығармалар akalam.kz веб-сайтында іріктелді. Онлайн дауыс беру 6 ай бойы жалғасқан болатын.

 

АЛМАТЫ