Кейбір адамдардың санасына «қоқыс шашпа» деген екі-ақ сөздің сіңбей-ақ қойғаны. Табиғатқа деген жанашырлық болса, Өскемендегі Ертістің, Ұлан ауданындағы Дұбығалының, Алтай жақтағы Бұқтырма су қоймасының жағалауларынан жүздеген қап қоқыс шығар ма еді?!
Желмен ұшқан целофан пакеттер, аяқтың астында шашылып жатқан полиэтилен бөтелкелердің шірімей, экологияны ғасырлап улап жататынын жақсы білеміз. Біле тұра қоқыс шашуды қоя алмай келеміз. Ол дегеніміз, адамдар арасындағы мәдениеттің төмендігі шығар бәлкім, кім білсін?!
Керісінше, өңірімізде қоршаған ортаға жанашырлық танытып жүрген азаматтар да аз емес. Аз емес деймін, негізінен айналаны ластап жүргендер аз емес. Ал өзен-көлдердің маңайын тазалауға шыққан он-жиырма азамат шашылған қоқысты түгелдей дерлік тазалап кетулері мүмкін емес, сайып келгенде міндетті де емес. Олар өз айналамызға пайдамыз тисін деген ниетте ұйымдасып, игі істің басы-қасында жүрген еріктілер. Еріктілердің қатарына қызығушылық танытқан кез келген тұрғын қосыла алады.
Жуырда волонтерлер қатары «Аблакетканың таза жағалауы» атты тағы бір топпен толықты. Оны құруға мұрындық болған Аблакетка шағын ауданының тұрғыны Светлана Корошко еді. Ертіс жағалауында жиі серуендейтін ол демалушылардың тастап кеткен қалдықтарын шамасы келгенше, қоқыс контейнеріне апарып салып жүретін. Бірақ жағалауда жайрап жатқан қоқыс азаяр емес. Сөйтіп ол жалғыз өзінің жағалауды тазартып шығуға мүмкіндігі жоқ екенін сезіп, әлеуметтік желіде топ құрған.
– Мен Аблакеткада тұрамын. Біздің аудан үлкен емес. Жағалауды қоқыстан тазартуға атсалысып жүрген басқа да тұрғындар бар. Бірақ қатарымыз көбейсе екен деп әлеуметтік желіде топ құрып, қала тұрғындарын құлағдар еттім, – дейді Светлана Корошко.
Жоспар жүзеге асып, волонтерлер қатары көбейе берді. Өз аумақтарын тазартқан соң волонтерлер тобы орталық жаққа ойысқан. Қала ішіндегі Астана көшесі бойымен Үлбі жағалауымен жүріп өткен. Бір жүріп өткенде-ақ 111 қап қоқыс жинаған.
– Қатарымыз уақыт өткен сайын көбейіп отырды. Келесі жолында біздің топты Бұқтырма су қоймасы мен Дұбығалы көлінің жағалауларын тазалауға шақырды. Жалпы, төрт рейд барысында біз 300 қаптан аса қоқыс жинадық, – дейді волонтерлер тобын құрған Светлана.
Волонтерлердің айтуынша, тазалық жұмыстарын жүргізетін аумақ алдын ала жоспарланады. Олар жинақталған қалдықтардың қоқыс полигонына уақтлы шығарылуы үшін қоқыс шығаратын ұйымдармен келіседі. Содан соң уақыттары мен орынды таңдап, іске кіріседі.
Ұйымдастырушылар басталған игі іске мүмкіндігінше көп адам тартуды жоспарлап отыр. Ол үшін олар көрнекі құралдарын дайындап, табиғаттың қалай өзгеретінін көрсеткісі келеді. «Таза жағалау» тобына қосылғысы келетін немесе қап, қолғап сатып алуға көмектескісі келетіндердің барлығы 8 705 530 17 67 телефонына хабарласа алады.
Өскемен