Көрнекті ғалым, танымал публицист, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан жоғары мектебі Ғылым академиясы мен Қазақстан Журналистика академиясының академигі Намазалы Омашевтың ғылымдағы жолы, ұлттық журналистика кадрларын даярлаудағы жетістіктері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінде ғалымның 70 жасқа толуына орай өткен "Ұлттық журналистика: зерттеу және білім беру мәселелері" тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференцияда кеңінен баяндалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Университеттегі Е.Шәймерденов атындағы аудиторияда өткен конференцияны журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы жүргізді. Бүгінде жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаздың мерейтойы бұдан бұрын Астанада аталып өткен болса, өзі ұзақ жылдар еңбек еткен төл шаңырағында аталуының маңызы ерекше.
Осы орайда алғашқы сөзді "Алашқа ортақ тойға Америка, Ұлыбритания, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, тағы басқа да елдерден көптеген ғалымдар жиналуы тиіс еді" деп бастаған ҚазҰУ бірінші проректоры Мұқаш Бүркітбаев ғалым ЮНЕСКО жанындағы бұқаралық коммуникация және журналистика бойынша дүниежүзілік ORBICOM ұйымының мүшесі Намазалы Омашұлы есімінің әлемге танымал екендігін ерекше назарға алып өтті. Ғибратты ұстаздың ғылымдағы жолын қазақ радиосында еңбек еткен жылдарымен байланыстыра келе Мұқаш Мырзабайұлы "Н.Омашұлы университетте ғалымға бет бұрып, ассисенттіктен профессорлыққа, кафедра меңгерушілігінен проректорлық қызметке дейін биіктеді. Бүгінде жүздеген шәкірттерінің алды қоғам және мемлекет қайраткерлері, айтулы қаламгерлер, журналистер болып еселі еңбек етіп келеді. Ғалымның қазақ радиосының 1912 жылдан басталатын тарихын нақты айғақтармен дәлелдеп шығуы, көптеген ғылыми мақалалары мен монографиялары, сондай-ақ Алаш тарихнамасын жүйелеп беруі заманның сөзін сөйлеген қайраткер-журналист, ұшқыр ойлы публицистің аңғарымпаз ұстаз екендігін көрсетеді" деп атап өтті. Намазалы Омашұлының қайраткерлігінің тағы бір көрінісі журналистика мамандығы бойынша диссертациялық кеңес ашып, талай таланттардың жолын ашуымен тығыз байланысты. Ал халықаралық байланыстарды жолға қоюы ғалым еңбегінің тағы бір қыры іспетті.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымының докторы, профессор Бауыржан Жақып "Қазақ журналистикасы тарихын, теориясын, тәжрибесін зерттеген ғалымдар туралы сөз қозғағанда өз ғылыми мектебі бар санаулы тұлғалар қатарында Қазақстан жоғары мектеп академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің игері Н.Омашұлының есімі алдымен ауызға ілігеді" деп атап өтті. Баяндамасын қара шаңырақта өткен студенттік жылдардың естеліктерімен жалғаған Б.Жақып ұстазбен алғаш таныстықтан кейінгі қырық жыл ішіндегі естеліктерді, ұстаздың шәкірттеріне деген әкелік қамқорлығы мен еңбекке баулудағы тәжірбиелеріне тоқтала келе, мұндай жанашырлық пен қамқорлық ешқашан ұмытылмайды", - деді ол.
1992 жылы республикада тұңғыш рет журналистика мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғайтын диссертациялық кеңес ашылды. Бұрын Мәскеуде ғана қорғалатындықтан, ол жылдарда ғылыми дәрежесі бар ғалымдар аз еді. Төрағасы Н.Омашұлы болып табылатын осы кеңестің ашылуының арқасында 70-ке тарта кандидат шықты. Бүгінде осы ғалымдар Астана, Қарағанды, Семей, Қызылорда, Түркістан, Қостанайда журналист мамандарды тәрбиелеуге атсалысып жүр. Ал ҚазҰУ журналистка факультетіндегі оқытушылардың басым көпшілігі сол кезде диссертация қорғағандар. Бұл тұтас ғылыми мектеп деп айтуға негіз бар. Студенттердің күшімен дайындалатын республикалық "Сана" радио-тележурналының жарыққа шығуы болашақ журналистер үшін естен кетпейтін іс" деп атап өтті Б.Жақып. Ұстаз Н.Омашұлының халықаралық байланыстарды жолға қоя отырып, Америка, Франция, Канада, Түркия, Оңтүстік Корея, Филипиннің журналистік мектептерімен алғаш қарым-қатынатарды жолға қоюдағы тәжірибесі, зерттеушілік-ғалымдық жолы да баяндамашының назарынан тыс қалмады. Осы орайда Б.Жақып ғалымның қаламынан туған "Толқындағы тотияын", "Қазақ радиожурналистикасы", "Белестер", "Жол үстінде журналист" сияқты зерттеу кітаптарына, "Алаш көсемсөзі" он томдығы мен "Егемен Қазақстан" газетінің тарихынан сыр шертетін үш томдығына, басқа да хрестоматиялық еңбектері мен монографияларын ерекше атап өтті. Ғалымның екі жүзден астам ғылыми мақалалары қазақ журналистикасының тарихы мен теориясы хақында сөз қозғайды. Әсіресе, радиожурналистика саласын терең зерттегендігінің нәтижесінде ғылыми айналымға көптеген тың деректер мен тұжырымдар енді. Мәселен, қазақ радиожурналистикасы дамуының тарихи кезеңдері, жанрлары, пішімдері, бағдарламалары нақтыланды. Жекелеген хабарларға байыпты баға берілді. Радиодағы әдебиет мәселелері, сатира және юмор туралы салиқалы ойлар қорытты.
Н.Омашұлы жайындағы жүрекжарды пікірін ортаға салған тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаев ғалымның шәкірт атанып, оқуға түскен кездеріне қатысты естеліктермен бөлісіп, мерейлі мереке иесіне құттықтау тілегін білдірді.
Одан кейін сөз алған «Қазақ елі» журналының редакциялық кеңес төрағасы жəне жауапты шығарушы редакторы Түркие Ертолқын Гайреиуллаһ, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Əбдіуақап Қара, Колумбия университетінің профессоры Гүлнар Кендірбай, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Медиакоммуникация жəне Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Аязби Бейсенқұлов, т.б. басқа да ғалымдар Н.Омашевтың ғылымдағы жетістерімен қатар бүгінгі журналистика саласындағы өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбітті.
Конференция барысында Намазалы Омашұлы осы жиынды ұйымдастырып отырған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басшылығына, шәкірттеріне алғысын білдірді. "Журналистика мамандығын таңдауда қателеспедім. Осы жолдағы еңбек жолымды тек мақтанышпен ғана еске аламын" деген ұстаз еңбек жолының азды-көпті бағаланып жатқандығына ризашылығын білдірді. Киелі шаңырақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі, дамуы, аудиториялардың заманауи жарақталуына қатысты ойларын ортаға сала отырып, қазақтың көптеген маңдайалды тұлғаларын тәрбиелеген білім ордасында әлі де талай мәртебесі жоғары мамандар тәрбиеленіп шығатындығына зор сенім білдірді. Осы орайда ғалымның жұбайы Клара Хамзақызы да өз ойларын ортаға салып, рахметін айтты.
Жетпіске толған мерейлі ұстазға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ "Ерен еңбегі үшін" медалі табыс етіліп, шапан жабылды. Сонымен бірге университеттің қолдауымен жарыққа шыққан "Өнегелі өмір" сериясы аясында Намазалы Омашұлына арналған кітаптың тұсаускесері өтіп, ғалым еңбектерінің арнайы көрмесі, фото-көрме ұйымдастырылды.