Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай РМК "Ғылым ордасы" Сирек кездесетін кітаптар музейі және ҚМҚК "Алматы қаласының музейлер бірлестігі" Алматы музейімен бірлесе ұйымдастырған "Әл-Фараби – руханият шыңы" тақырыбында дөңгелек үстел және "Ғасырлардың ғұламасы" экспозициялық көрмесін өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор. Ғалымның еңбектері ортағасырлық білімнің барлық салаларын қамтиды. Әл-Фараби Аристотель, Платон және басқа да ежелгі ойшылдардың шығармаларына көптеген түсіндірмелердің авторы ретінде танымал болды. "Әлемнің екінші ұстазы" атанған ұлы ойшыл еңбектерінің көпшілігі тақырып жағынан да, мазмұны жағынан да әр алуан. "Аристотельдің "Этика" кітабына кіріспе", "Ғылымдар классификациясы", "Ақыл кітабы", "Бақытты табу" және "Бақытқа жету жолдарын көрсету", "Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары" тағы басқа еңбектері соның куәсіндей. Әл-Фараби философиясы адамның ізгілігі мен парасатына деген шексіз сеніммен сусындаған. Сондықтан өз дәуіріндегі барлық даналықты бойына сіңірген әл-Фарабидің мұрасы ғылым мен мәдениет тарихында зор маңызға ие.
Дөңгелек үстелді филология ғылымдарының кандидаты Ә.Қайырбеков жүргізіп, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ә.Үмбеталиев, ҚазҰУ әл-Фараби орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Б.Мейірбаев, ҚазҰУ филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Атабаев, "Ғылым ордасы" РМК Бас директорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Сейдін сөз сөйлеп, "Ғасырлардың ғұламасы" экспозициялық көрмесі жәдігерлерімен Сирек кездесетін кітаптар музейінің қызметкері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD докторанты Ө.Тұяқбаев таныстырды.