• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Үкімет 30 Қазан, 2020

Асқар Мамин Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды

228 рет
көрсетілді

Асқар Мамин Ақмола облысына жұмыс сапары аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Степногорск қаласында Үкімет басшысы агроөнеркәсіптік сектор, химия өнеркәсібі және тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарына – "Қазақстанның жылыжай технологиялары", "Степногорск" ЕМК" мойынтірек зауытына, пестицидтерді шығаратын "Астана-Нан Chemicals" зауытына, "Степногорск тау-кен химия комбинатына", "Қазақалтын Technology" және "Ақсу Technology" кәсіпорындарына барды.Көкшетау қаласында Премьер-Министр 200 төсек орнына арналған модульді жұқпалы аурулар ауруханасын, өңірге жеткізілген елімізде құрастырылған жылжымалы медициналық кешендерді, жедел жәрдем машиналарын қарап шықты. Үкімет басшысына өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық шаралары туралы баяндалды.

А. Мамин қаланың әлеуметтік, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымы объектілерінің салыну барысымен, іске асырылып жатқан және перспективалы инвестициялық жобалармен, сондай-ақ осы жылғы қараша айында өтетін ҚР мен РФ аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық жұмыстарымен танысты.

Көкшетау қаласы экономикасының қала құраушы салалары — машина жасау, құрылыс индустриясы, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, көлік-логистика қызметтері. 2020 жылдың 10 айында қалада өнеркәсіптік өндіріс көлемі 41,4%-ға – 108,1 млрд теңгеге дейін, инвестициялар көлемі 1,7 есе – 49,8 млрд теңгеге дейін, құрылыс жұмыстары 1,9 есе – 25,9 млрд теңгеге дейін өсті. Бурабай ауданының Щучинск қаласында Премьер-Министр "IQanat High School of Burabay" мектебіне барып, Бурабай к. туристік инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Үкімет басшысы Щучинск – Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған жоспары аясында көзделген барлық іс-шараларды аяқтау, сонымен қатар Туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.2020 жылдың 10 айында Ақмола облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 18,1%-ға – 509,7 млрд теңгеге дейін, өнеркәсіптік өндіріс 6,8%-ға –  732 млрд теңгеге дейін, негізгі капиталға салынған инвестициялар 23%-ға – 297,6 млрд теңгеге дейін артты.