Осы жылдың қаңтар-тамыз аралығында елдегі жұмыртқа өндірісі 8 пайызға кеміді. Сондай-ақ экспортталатын өнім көлемі де едәуір қысқарды. Жұмыртқа бағасы 30 пайызға өсті. Бұл – Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының дерегі.
Қауымдастық басшысы Максим Божконың мәліметінше, 2018 жылы 560 млн жұмыртқа шетелге экспортталған. Бұл – жалпы жұмыртқа өндірісінің 10 пайызы. Былтыр экспорт көлемі 425 млн жұмыртқаны құраса, осы жылдың 8 айында 160 млн жұмыртқа сыртқа шығарылған. Яғни, көрсеткіш кеміп келеді. Әсіресе биыл ерекше құлдыраған. М.Божко мұның себебін жұмыртқа өндірісін субсидиялаудың тоқтатылуымен байланыстырады.
– Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда жеткілікті көлемде жұмыртқа өндіріледі деп, жұмыртқа өндірісін субсидиялауды тоқтатты. Біз мұның салдары өндіріс пен экспорт көлемін азайтып, бағаның қымбаттауына түрткі болатынын айттық. Айтқанымыз айнымай келді. Бизнес жұмыртқа өндірісінің көлемін азайтты. Себебі бұл саладағы табыстылық төмендеді. Мәселен, соңғы үш жылда бидай бағасы екі есе өсті. Бұл өз кезегінде жұмыртқаның өзіндік құнының қымбаттауына жол ашты. Ал соңғы үш жылда жұмыртқа бағасы небәрі 20 пайызға ғана өскен. Осылайша жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары мемлекет тарапынан берілетін субсидияға ғана арқа сүйеп келді. Ал субсидиясыз нарықтағы баға табыстылықты сақтауға мүмкіндік бермейді. Мұның өндіріске, экспортқа, бағаға кері әсер етіп отырғаны да сондықтан, – деді М.Божко.
Осы орайда мына бір жайтты анықтап алған жөн. Министрліктің жұмыртқа өндірісін субсидиялауды доғарғаны рас. Алайда ведомство осы жылдың сәуір айының соңында жұмыртқа өндірісіне субсидия беруді қайта жалғастыратынын мәлімдеді. Ондағы мақсат – пандемияға байланысты тығырыққа тіркелген кәсіпорындарды қолдау. Сөйтіп министрлік әуелде қабылдаған шешімін өзгертуге мәжбүр болды.
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» бағдарламасында 2020 жылдан бастап жұмыртқаға берілетін тауарлық субсидияны алып тастау қарастырылған. Бұл норма 2017 жылы мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәтте құс фабрикаларының басшыларымен, құс өндірушілердің салалық қауымдастығымен келісілген. Алайда COVID-19-дан кейін туындаған дағдарысқа байланысты 2020 жылы жұмыртқаның өзіндік құны күрт өсті. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқа өндірушілерді қолдауды және өнімнің бірлігіне субсидиялау нормасын 3 теңгеден 1,5 теңгеге дейін төмендете отырып, «азық-түлік жұмыртқаларын өндіруді субсидиялау» бағытын сақтауды ұсынды. Үкімет құс өсірушілерді қолдап, жұмыртқаның өзіндік құнын төмендету үшін 5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген қаржы алу мүмкіндігі берілмек», – деп хабарлаған еді сол кезде министрліктің баспасөз қызметі.
Осылайша жұмыртқаны субсидиялау екі есе қысқарды.
– Мемлекеттің агроөнеркәсіп секторына қатысты саясатының басты мақсаты – жұмыспен қамту, азық-түлік қауіпсіздігі, экспорттық табыс және халықты қолжетімді әрі сапалы өніммен қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, бұл жерде бизнес пен мемлекеттің мүддесі әрдайым сәйкес келе бермейді. Өйткені ашығын айту керек, бизнестің көздегені – табыс табу. Табыстылық жоғары болса, жұмыс жүреді. Кәсіпкер қыруар қаржы құяды. Ал табыс болмаса, бизнес тұралайды. Мұның соңы адамдарың жұмыссыз қалуына, бюджетке түсетін салықтың қысқаруына, өндірістің кемуіне алып келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалар бірінші кезекте бизнестің табыстылығына бағдарлануы керек, – деді қауымдастық басшысы өткен аптада «АӨК саласындағы ТОП-100 проблема және оларды шешу жолдары» атты ауқымды жиында.
Оның пікірінше, табыстылықты арттырудың түрлі жолы бар. Біріншіден, шығындарды азайту керек. Шығынды сапасыз өнім есебінен азайтуға болады. Бірақ бұл адамгершілік тұрғысынан дұрыс емес.
Екінші жол – жаңа технологияларды енгізу. Бізге керегі де осы. Бұл жағынан инвестициялық субсидия қарастырылған. Сол секілді өнімді тікелей субсидиялау тетігі керек. Мемлекет тарапынан бизнестің табыстылығын кепілдендіретін арнайы тетік болуы қажет. Сонда қаржы ұйымдарының ауыл шаруашылығы құрылымдарына деген сенімі артады.
Алайда М.Божконың айтуынша, қазір жұмыртқа өндірісі мемлекет қолдауынан толықтай тыс қалып отыр.
– Ішкі нарықты ретке келтіре алмай келеміз. Делдалдар мен сатушылар жұмыртқа өндірушілерге қарағанда көп пайда тауып отыр. Ресеймен, Беларусьпен бәсекеге түскіміз келеді. Алайда Беларусь елінде кәсіпорындардың бәрі мемлекеттің меншігінде, ал Ресейде түрлі деңгейде қолдау шаралары қарастырылған, – дейді ол.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жыл басындағы мәліметіне сүйенсек, соңғы он жылда жұмыртқа өндірушілерге 75 млрд теңге субсидия берілген. Осы аралықта құс фабрикаларының өндірісі 83 пайызға артып, көрсеткіш жылына 4,3 млрд жұмыртқаға дейін жеткен. Яғни, ішкі нарықтың қамтылуы 120 пайызды құраған. Сондықтан ведомство аталған секторды одан әрі қолдаудың қажеті жоқ деп санайды. Бұл ретте министрлік нарықтағы ойыншыларға жұмыртқа ұнтағын, меланж, ақуыз және басқа да өнімдер шығару арқылы нарықты кеңейтуді ұсынып отыр. Мұндай бағыттарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
«Субсидия беруді тоқтату, жұмыртқа шаруашылығына мемлекет тарапынан енді мүлдем көңіл бөлінбейді деп кесіп айту – қате. Құс фабрикалары үшін сыйақы мөлшері жеңілдетілген несие беру, сондай-ақ өндіріс қуатын көбейту үшін тартылған инвестициялық шығындарды субсидиялау шаралары жалғасады», деп жазылған министрліктің ресми хабарламасында.
Жығылған үстіне жұдырық демекші, биыл Қазақстанның бірнеше аймағында құс тұмауы тіркеліп, құс саны айтарлықтай қысқарды. Бұл жағдайдың салаға төтеден тиген соққы болғаны анық.
Еске сала кетейік, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында құстардың өлім-жітімі тіркелген еді. Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтарда жоғарғы патогенді құс тұмауының салдарынан 26 547 бас, үш құс фабрикасында 860 306 бас құс қырылды. Қазақстанда 46,7 млн құс бар екенін ескерсек, құс тұмауынан қырылған құстың үлесі 1,8 пайызды құрайды. Демек, құс санын қайта қалпына келтіру керек. Әйтпесе бұл жағдай құс еті мен жұмыртқа нарығына кері әсерін тигізуі ықтимал.
Атап өтерлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының деректері сәйкес келмейді. Мәселен, министрлік 2018 жылы 670 млн, 2019 жылы 1,5 млрд жұмыртқа экспортталды десе, қауымдастық 2018 жылы 565 млн, 2019 жылы 425 млн жұмыртқа шетелге шығарылды деген айырмашылық жер мен көктей деректі ұсынып отыр. Екі мекеме бір-бірінен бөлек әлемде өмір сүріп жатқандай...