Өңір елдерінің уәкілетті органдарының жетекшілері, Израиль мен Эстонияның халықаралық сарапшылары және БҰҰ-ның жетекші мамандарымен бірлесіп, электронды үкіметті дамытудағы заманауи инновациялық шешімдерді ұсынды. Халықаралық конференцияға Еуропа, Азия және Американың 20 елінен мемлекеттік органдар мен электронды үкіметті дамыту саласындағы және халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ университеттердің 100-ден астам өкілдері қатысты.
«БҰҰ-ның электронды үкімет жөніндегі зерттеуі аясындағы өңір елдерінде электронды үкіметтің дамуындағы жетістіктер мен сын-тегеуріндер» атты онлайн-конференцияны Астана мемлекеттік қызмет хабы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті, «Зерде» холдингі бірлесіп ұйымдастырды.
Конференция барысында қатысушылар өзара әрекеттесу келешегі және осы мәселе бойынша жаһандық және өңірлік ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін талқылады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин конференцияны аша отырып: «Пандемия мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді ұсынудың дәстүрлі тәсілдерінің әлсіз жақтарын айқындап қана қоймай, көптеген сын-қатерге жауап беруде цифрлы технологиялардың маңызды екенін көрсетті», деп атап өтті.
Сонымен бірге министр БҰҰ-ның зерттеу нәтижелері цифрлы трансформация жолында мемлекеттердің айтарлықтай ілгері қадам жасап жатқанын айтты.
Осы орайда Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов: «COVID-19 пандемиясы сенімнің әлеуметтік құндылық қана емес, кез келген стратегияны, соның ішінде электронды үкімет стратегиясын іске асыруға ауадай қажет екенін әрі тиімді әкімшілік капитал ретіндегі маңыздылығын көрсетті. Жаңа технологияларды қолдануда кез келген асыра сілтеушілікке жол бермей, шешім қабылдауда ашықтық және жариялылық қатар жүру керек. Тәжірибе алмасу заманауи технологияларды қолдануға да, жаңа жағдайда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға да қатысты болуы өте маңызды», деді.
БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті (UN DESA) Электронды үкімет басқармасы жетекшісі Винченцо Акуароның айтуынша, электронды үкіметке жасаған шолу бойынша мемлекеттік сектордағы цифрлы трансформацияны жеделдетуге деген сұраныс соңғы айларда күрт өскен.
«Бұған қоса пандемияның ықпалы үкімет пен қоғамды дағдарысқа қысқа мерзімде жауап беру, орта мерзімде соның салдарын жою және ұзақ мерзімде стратегиялық шешімдер мен құралдарды әзірлеу үшін цифрлы технологияларға жүгінуге мәжбүр етті. Бізге осы серпілісті әрі қарай күшейтіп, цифрлы прогрессті одан әрі ілгерілетіп, цифрлы алшақтықты еңсеру қажеттігін естен шығармай, елдің ішінде де, мемлекеттер арасында да ешкімді назардан тыс қалдырмауымыз керек», деді Винченцо Акуаро.
UN DESA сарапшысы Арпине Корекян өз баяндамасында БҰҰ-ның 2020 жыл бойынша электронды үкіметтің даму деңгейіне қатысты зерттеудің шешуші нәтижелері мен трендтерін таныстырды. Соған сәйкес БҰҰ-ға мүше 193 мемлекет арасында 126 мемлекетте электронды үкіметтің даму деңгейі жоғары және өте тиімді деп анықталған.
Солардың арасында Дания, Оңтүстік Корея және Эстония елдері көш бастап тұр. Ал ТМД елдерінің арасында Қазақстан үкіметтің ашық деректері, онлайн-қызметтер даму деңгейі индексі және теңізге шыға алмайтын елдер ішіндегі индексі бойынша алдыңғы орынға шыққан.
Израильдің Ұлттық цифрлы министрлігіне қарасты мемлекеттік АКТ басқармасы бас атқарушы директорының міндетін атқарушы Шахар Браха, БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы АКТ және апаттар қаупін азайту жөніндегі департамент директоры Тициана Бонапаче, Эстонияның электронды басқару академиясы атқарушы директоры және басқарма төрағасы Ханнес Асток коронавирус пандемиясы кезінде мемлекеттік қызметтерді тиімді ұсыну бойынша озық тәжірибелерімен, сондай-ақ бірегей инновациялық шешімдерімен бөлісті.
Осы қатарда Қырғыз Республикасының Ақпараттық технологиялар және байланыс мемлекеттік комитетінің төрағасы Алтынбек Исмаилов, Беларусь елінің Байланыс және ақпараттандыру министрінің бірінші орынбасары Павел Ткач, Өзбекстанның Ақпараттық технологиялар және коммуникациялар министрінің бірінші орынбасары Олег Пекось, сондай-ақ Әзербайжанның Электронды үкіметті дамыту орталығы директоры Фариз Джафаров, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов және тағы басқалары электронды үкіметті дамытудағы өз жетістіктері мен жаңа міндеттерді таныстырды.
Жалпы, Астана Мемлекеттік қызмет хабының миссиясы − аймақ және басқа елдер үкіметтерінің институционалдық және адами әлеуетін күшейтудегі күш-жігерін қолдау арқылы мемлекеттік қызмет тиімділігін арттыруға үлес қосу.
Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасы бастамасы аясында 2013 жылы құрылған Астана хабы бүгінгі таңда 42 қатысушы ел мен 70 институционалдық әріптестерін қамтып отыр.