• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Қараша, 2020

Жол тәртібін бұзбаған жүргізуші

293 рет
көрсетілді

Бүгінде көпшілік үшін жол ережесін бұзбай жүрудің таңсық көрінетіні рас. Бір жағынан қазіргідей көліктің молайған, темір тұлпар тізгіндегендердің көбейген уақытында бұл мүмкін емес сияқты. Қала көшелерінен күнде бір-бірінің жолын кес-кестеген, асығып бара жатқан көлік жүргізушілерін көп кездестіреміз. Жол ережесін бұзған бір адамның екінші біреудің жол тәртібін бұзуына да себепкер болуы ықтимал. Дегенмен, ел ішінде тәртіпті жүргізушілер де бар. Олар қай кезде де айналасына үлгі болмақ.

Тараз қаласының 85 жастағы тұрғыны Лидия Сидоренко өзі көлік жүргізген 61 жылдың ішінде бір­де-бір рет те жол ережесін бұз­ба­ған екен. Тәжірибелі жүр­гі­зу­ші ертеде «Москвич-вось­мерка» және «Москвич-2140» көліктерін тізгіндеген болса, 1990 жылы оны «ВАЗ-2106» темір тұлпарына алмастырған. Ал «Волга» ГАЗ-24 машинасын 2011 жылдан бері әлі күнге дейін басқарып келеді. Ол жүргізуші куәлігін 1959 жылы сол кездегі Жамбыл қаласынан алып­ты. Бір қызығы, ол бірақ ешбір көлік ұйымында жұмыс істе­меген, ұзақ жылдар бойы облыс бойынша тұтынушылар одағында еңбек етіпті. Тәжірибелі жүргізуші, әсіресе жастарды жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауға, өзінен басқа адамдарды да қадірлеуге шақырады. «Сонда ғана тәртіп орнап, жол-көлік оқи­ға­лары мен қайғылы оқиғалар аз бол­мақ», дейді ол.

Әулиеата жеріндегі ең тәр­тіпті жүргізушімен жуырда ғана Жамбыл облыстық Полиция де­партаментінің бастығы, генерал-майор Жанат Сүлейменов кездескен болатын. Кездесуде «Волга», «Москвич», «Жигули» сияқты жеті түрлі ретромашина­лар қатарласып, бой түзеді. Олардың кейбірін Лидия Сидоренко жеке өзі басқарып, жас полицейлерге көлік басқару шеберлігін көрсеткен еді. Тіпті әрбір көліктің ерекшеліктері туралы да айтып берді. Бұл ретте өңірдің бас полицейі оған талай жыл бойы тәртіпке бағынып, жол ережесін бұзбағаны үшін алғыс айтып, Алғыс хат, гүл шоқтарын және бағалы сыйлық табыстады. Жасы сексеннің бел ортасына келсе де Лидия Сидоренко көлік жүргізуден шаршаған емес. Қайта Тараз көшелерінде көпшілікке үлгі көрсетіп жүр.

 

Жамбыл облысы