• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
21 Қараша, 2013

Былық пен шылық «тендерді» төңіректейді

320 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың төрағалығымен өткен, биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы сараланған Үкімет отырысы халықтың арасында кең талқыға түсуде. Өйткені, мәселеге тура көзбен қараған Елбасы өрлеу, өркендеуімізді тежеп отырған негізгі кемшіліктерді өткір сынға алды. Биік лауазымына қарамастан Үкімет мүшелерін орнынан көтеріп, жауапкершілік сұрады.

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың төрағалығымен өткен, биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы сараланған Үкімет отырысы халықтың арасында кең талқыға түсуде. Өйткені, мәселеге тура көзбен қараған Елбасы өрлеу, өркендеуімізді тежеп отырған негізгі кемшіліктерді өткір сынға алды. Биік лауазымына қарамастан Үкімет мүшелерін орнынан көтеріп, жауапкершілік сұрады.

Президентіміздің бұл әрекеті халықтың көкейіндегісін дөп басты деп айтуға толық негіз бар. Мысалы, «Бағдарламалардың бағдары қандай?» дегенге көз жүгіртсек, мынаған кезігеміз.

Елбасы құрылысты жүргізетін мердігерді табу ісіндегі жымқыру жолдарын да біліп отырғанын жеткізді. Алдымен конкурсқа түскен 2 мердігердің жеңілгені сотқа береді, ол процесс аяқталғанша ешқандай жұмыс жүрмейді, одан әрі келесі конкурс болып, бұл жолы да алғашқы оқиға қайталанып, ақыр соңында «өздерінің» ақша бөлісетін «бір көз» атты мердігері ғана қалады. «Мұндай істерді қарайтын судьяларды да сыбайлас жемқорлардың арасында жүр деп санауға болады, – деді Елбасы. – Сондықтан да үлкен мердігерлерді табу ісіне облыстың бірінші басшылары жауапты болсын, ал біз оларды түрлі, орынсыз шағымдардан қорғауымыз керек».

Бөлінген қаржының игерілмеуі, сапасыз құрылыстар осы «тендер» деген пәленің айналасында өршіп тұрғаны анық. «Тендер» «бөлісіп жеңдер» деп тұрғандай. О заманда бұ заман бірнеше қабатты үйлердің салынғанына арада 2-3 жыл өтпей жатып іргетасы отырып, қабырғасы ырсиып жарылып кететінін кім көрген? Бұл қазір қай жерде жоқ? Мұның себебі де жұртшылыққа кеңінен мәлім болуда. Айталық, бір мектепті ауылдық жерде тұрғызуды Астанадан жеңіп алды делік. Ол жеңімпаз «шапкасын» алады екен де, Алматы, иә басқа қаладағы біреулерге беретін көрінеді. Олар «жейдесін» шешіп алған соң облыс орталығындағы біреулерге ұсынады. Сөйтіп, қолдан-қолға өтіп, ауылға келеді бір күні. Қу қаңқасы жеткен қаржыға құрылыс салынады. Мұнда да құрылысты жүргізушілер мен оның қожайындары, яғни қабылдаушылар арасында астыртын келіссөз басталады. Нәтижесінде құрылысты жүргізушілерге «мынау неге бұлай» деп қарсы келуге болмайтын жағдай туындайды. Өйткені, біріне өтіп кетті, екіншісінің өткізіп қойғаны бар. Әне, ақыр соңында сырты жылтыр, ертеңі күмәнді құрылыстар «игілігімізге» беріледі.

Біздің Құрманғазы аталатын ауданда да «ғасыр ғажайыбы» дейтіндей емхана тұрғызылды. Жергілікті жерден қара жұмысына адамдар алынып, іс басталды. Прорабы етіп осы ауданда бірнеше мектептер, балабақшалар, тұрғын үйлер салған, ұзақ жылдар «ПМК-5» аталатын әйгілі мекемені басқарған ағамызды бекітіпті. Қуандық.

Арада аз күн өткенде әлгі ағамыз салпақтап бос жүр.

– Оу, аға, жұмысқа кірмеп пе едің?

– Ой, құрысын, «боссың» деп есеп айырысты.

– Не болды?

– Не болғаны сол, іргетастың астына сызба (чертеж) бойынша 30 см. қиыршық тас салынуы керек. Бұлар себелеп қана өт дейді. Келіспедік. Ертең құрылыс отырып, қабырғасы жарылып кетсе кінәлі мен боламын ғой. Сосын жұрттың бетіне қалай қараймын, – болды ағамыздың айтқаны.

Бұл – көпшілік құрылыс жүргізуші жеңімпаздарға ортақ жағдай. Сапасыз құрылыстар осындайдан шығып жатыр. Ақшаның игерілмеуі де Елбасы дөп басып айтқан оның айналасындағылардың алдымен өз құлқынын ойлауларынан болып отырған жағдай.

Қысқасы, осы «тендер» «бөлісіп жеңдерге» айналып кеткеннен басқа қаржы игерудің жолы жоқ па? Мысалы, «комиссия мына нысанды тұрғызуға мынадай мөлшерде қаржыны есептеп қойды, келіссең ал да тұрғыз» деп өзін дәлелдеген фирма, я компаниялардың біріне алдын ала құрылған комиссияның ұсынғаны тиімдірек-ау деген ой келеді.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.

Атырау облысы,

Құрманғазы ауданы.

___________________________________

Суретті салған Айдарбек ҒАЗИЗОВ.

Соңғы жаңалықтар