Әлемді кезген індеттің аты қайта атала бастағалы сақтық шараларын барынша күшейтуге басымдық беріліп жатыр. Осы ретте Шымкентте де емдеу, алдын алу жұмыстары мықтап қолға алынуда. Күні кеше қаланың ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов коронавирустың ықтималдығы жоғары екінші толқынына қарсы дайындық жұмыстары жөнінде айтып берді.
«Қала тұрғындарына қызмет көрсететін 9 ПТР зертханасы ашылған. Олар күніне 3,5 мыңға жуық тест қабылдау мүмкіндігіне ие. Бүгінде тəулігіне 1,5-2 мың арасында тест қабылдауда. Яғни осы күнге дейін 116 591 ПТР-тесті өткізілген. Қалада 1 060 төсектік орын бар. Оның 560-ы жұқпалы ауруларға, 500-і карантиндік ауруларға арналған. Қазіргі таңда жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 156 науқас ем алуда», деді Бақытжан Жолдасбекұлы.
Бас дәрігердің айтуынша, үшінші мегаполисте эпидемиялық ахуал үнемі бақылауда және коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында көптеген жұмыс атқарылып жатыр.
Қалада 2020 жылдың 24 наурызынан 29 қазанына дейін коронавирус инфекциясының 5 231 жағдайы тіркелген. Оның 2 662-сі симптомды болса, 2 569-ы – симптомсыз. Олардың ішінде 5 152 науқас емделіп шыққан. Ал осы жылдың 1 тамызы мен 29 қазан аралығында COVID-19 белгілері мен вирусты пневмонияның 985 жағдайы тіркелген.
Сондай-ақ індетпен күреске дайындық барысында қаладағы үш ауруханаға компьютерлік томография аппараты орнатылған.
«Шаһарда коронавирус инфекциясы мен пневмонияны анықтау мақсатында қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына, №2 және №3 қалалық ауруханаларға заманауи үлгідегі компьютерлік томография аппараты орнатылды. Олар бір апта көлемінде толық іске қосылады. Яғни бүгінде ақ желеңділер арнайы оқудан өтуде. Аталған аппараттар ықтимал коронавирус инфекциясы кезінде көп көмегін тигізеді. Бұл құрылғылар Сovid-19 вирусын анықтауға ғана арналмаған, ауруханаға түскен науқастарды жан-жақты тексеруге пайдасы мол», деді Б.Позилов.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, медициналық ұйымдарда 612 өкпені жасанды желдету аппараты дайын. Олардың әрбірі реанимациялық төсектік орын басында орналасқан. Одан бөлек реанимациялық төсектерді жабдықтау мақсатында 314 функционалды кереует, 381 дозатор, 266 реанимациялық монитор және 381 медициналық сорғыш қондырғы орнатылған. Ал стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмек жəне бұйымдармен қамтамасыз ету мəселесі шешілген.
Биыл қала тұрғындары маусымдық тұмауға қарсы екпені белсенді түрде салдыруда. Бұл көрсеткіш 99,7 пайызды құрайды. Ал вакцинадан өтуі тиіс белгілі бір топқа жататын азаматтарға 100 пайыз егілген.
Өкініштісі, індет іргемізге келсе де бірқатар кәсіпкерлік нысан өз жұмыстарын тоқтатар емес. Осы жағдайды ескерген қала әкімдігі карантиндік талаптардың сақталуын қатаң бақылауға алды.
Шымкент қаласында мобильдік топтың өкілдері күндізгі және кешкі уақыттарда карантин режімі мен санитарлық-эпидемиялық талаптардың сақталуы бойынша тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізуде.
Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері, жергілікті полиция кызметі, прокуратура, сондай-ақ аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау бөлімі және «Атамекен» ҰКП-ы мамандары бірлесе кезекті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды.
Іс-шара барысында аудан аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандарда карантин талабын бұзған азаматтар анықталып, оларға әкімшілік хаттама толтырылды.
Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында Шымкент қаласы бас санитариялық дәрігерінің қаулысына өзгерістер енгізілген болатын. Ендігіде қала билігі талаптар мен ережелерді сақтамаған сауда орындарын әкімшілік жауапқа тартатынын ескертеді. Дәрігерлер тұрғындарды көпшілік жиі шоғырланатын орындарда санитарлық талаптарды сақтап, маска тағу режімін сақтауға шақырады.
Тіпті қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес қаладағы медициналық ұйымдар алдында коронавирустан сақтану шаралары жазылған баннерлер ілінуде. Осылайша медицина мамандары инфекциялық аурудан сақтану жолдары туралы тұрғындар арасында кеңінен насихаттамақ. Біріншіден, бұл тұрғындар арасында инфекцияның кең таралып кетуіне тосқауыл болса, екіншіден, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу» керек екенін ескертеді.
Тұрғындар мазасызданған немесе ЖРВИ ауруының белгілері байқалған жағдайда 103-ке қоңырау шалуға болады. Бүгінгі таңда қаладағы коронавирус инфекциясы, эпидемиялық ахуал туралы ресми және сенімді ақпарат алу үшін www.covid19shymkent.kz бірыңғай ақпараттық порталы іске қосылды. Азаматтарды коронавирусқа қатысты жедел әрі сенімді мәліметтермен ақпараттандыру, індетке қатысты туындаған сауалдарға осы интернет ресурс толық ақпарат бере алады. Бұл ресурста коронавирустың белгілері және онымен күресу жолдары, қала бойынша сырқаттанғандар саны, барлық медициналық мекемелердің тізімі мен телефон нөмірлері, ауруханадағы бос төсектік орындар саны жайындағы ақпараттар толық жинақталып көрсетілген.
ШЫМКЕНТ