• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
21 Қараша, 2013

Одаққа дақ түсіртпеу – басты міндет

261 рет
көрсетілді

Өткенде Мәскеудегі ірі көкөніс сататын базардың жабылуы мен сол маңда пәтерлерде тұрып жатқан көптеген еңбек мигранттарының ұсталуы көп жайтты аңғартқандай болды. Оның үстіне «Ресей тек орыс­тар үшін» деген ұрандардың өрши түсуі соңғы жылдары орыс жерінде еңбек мигранттарының қатары артып, олардың ықпалы барған сайын күшейіп келе жатқандығымен түсіндірілсе керек.

2015 жылдың 1 қыркүйегінен Еуразиялық одақ жұмысын бастайды деп күтілуде. Кеден одағының заңды жалғасы болып табылатын бұл экономикалық ұйым ТМД аумағындағы 170 миллион адамды қамтыған рынокта елдер тауарларының еркін қозғалуы үшін жағдайлар жасауға бағытталған. Алайда, соңғы саммит барысы шешімін таппаған түйткілдердің жеткілікті екенін байқатты.

Парламент палаталарының бір­лескен отырысында сөйлеген сөзін­де Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев депу­таттар алдында Біртұтас эконо­микалық кеңістікті дамыту жөнінде үлкен шаруалар тұрғандығын айт­қан-ды. Әрине, бұл жерде Елбасы Еуразиялық экономикалық одақты меңзегені белгілі. Қазақстан осылайша интеграциялық үдерістерден шет қалмайтынын тағы бір рет қуаттап берді. Еуразияшылық идеясын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу Мемлекеттік уни­верситеті қабырғасында 90-шы жылдардың басында жария етке­ні белгілі. Содан бері де біраз уақыт өтті. 1995 жылы ЕурАзЭҚ құ­рылса, 2000 жылы ол Ресей Феде­ра­циясының ұсынысымен қайта құрылымданып, оның қатарына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қыр­ғыз­стан және Тәжікстан кірді. 2007 жыл­дың 6 қазанында Қазақстан, Бела­русь және Ресей Кеден одағын құру туралы келісімге қол қойса, ол 2010 жылдың 1 қаңтарынан жүзеге асты. Сол кезден мүше мемлекеттер аумағында біртұтас кедендік тариф енгізіліп, компенсациялық, демпингке қарсы, әлеуметтік қорғаулардан өзге экономикалық тұрғыдағы кедер­гілер мен кедендік алымдар қолда­нылмайтын болды.

Алайда, Кеден одағы еліміз кә­сіп­керлері үшін өзіндік ауырт­па­лықтарын ала келді. Қазақстандық конфет, алкоголь, ет өнімдері сияқты тауарлар Ресейдің ішкі талаптарына сай емес деген желеумен немесе әртүрлі басқа да себептермен нарыққа жіберілмеді. Отандық кәсіпкерлер шағымдана бастады. Сондай кездесулердің бірінде Елбасы: «Егер Кеден одағында Ресей мен Беларусьтен бәсекелестікте жеңілер болсақ, онда БСҰ-ға кіргенде не істейміз?» деген сауалын төтесінен қойды. Сол кезде де Одақтың керек­тігін, қиындықтардың боларын бұ­ған дейін ескерткенін, сондықтан бәсекелестікке бейімделе беру қа­жеттігін атап көрсетті. Статистика мә­ліметтері көрсеткендей, 2013 жыл­дың алғашқы 2 айында еліміздің Кеден одағы аумағындағы сауда айналымы 23,5 пайызға артып, 4 миллиард долларға жетті. Негізінен, Қа­зақстан металдарды, минералдарды және химиялық өнімдерді экспортқа шығарып келеді. Ал сырттан мәшине жасау, мал және өсімдік өнімдерін әкеліп жүр.

Өткен жылы Ресейден Қа­зақ­станға 46 миллион долларға күшті спирттік ішімдіктер алып келінсе, керісінше, ол жаққа 0,5 миллион долларлық спирттік өнім сауда­ланыпты. Бір ғана сүт өнімдері бойынша сырттан жылына 1 миллион тонна тасымалданады екен. Сондай-ақ, сырттан арзан ет сатып алынатыны да жасырын емес. Бұл ретте, Қазақстан солтүстік көршіміз нарығына 60 мың тонна ет шығарады деп межеленген еді. Өкінішке қарай, бұл міндет үдесінен шыға алмай келеміз.

Елбасы Минскіде өткен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде мемлекет интеграциялық үдерістерге ең алдымен жалғыз өзі тарқата алмайтын түйткілдерді шешу үшін қатысатынын баса атап кетті. «Үс­ті­міздегі жылдың тек жеті айының өзінде Ресейден Қазақстанға алып келінген өнім экспортталғаннан үш есе көп, ал Беларусьпен бұл айыр­машылық сегіз есе» деді Нұр­сұлтан Әбішұлы әріптестеріне қаратып. Ресей тарапы Елбасының бұл айтқандарымен келіскендей болды және әртүрлі кедергілерді алып тастауға көнгендей кейіп танытты. Осы ретте, Қазақстан Пре­зиденті Одаққа мүше елдер ара­сындағы сауда қатынастарының тең­герімін қалыптастыру үшін бір­лескен кәсіпорындар құру қа­жеттігіне ерекше назар аудартты. Жалпы, Қазақстан, Ресей және Беларусь мүшесі болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылдан бастап жұмысына кіріссе, ТМД-ның жалпы өнімін қосқандағы ІЖӨ-нің 85 пайызын құрайтын әрі ортақ кедендік аумағы бар бұл Одақ экономикалық интеграцияның үлгісін көрсетуі тиіс. Қазірдің өзін­де Ресей пре­зиденті В.Путиннің мәліметіне жүгінсек, КО-ның сырт­қы нарықпен сау­да айналымы үстіміздегі жылдың сегіз айында 604 мың долларды көрсеткен. Және де үстіміздегі жылдың бірінші жартысында ІЖӨ 1,7 пайызға өсіп, өзара сауда айналымы қаңтар-тамызда 2 пайызға артқан.

Бір қарағанда, барлығы дұрыс секілді. Осы орайда, В.Путиннің «Известия» газетінде жарияланған мақаласына назар аударатын болсақ, онда ол былай дейді: «Біз серпіні жағынан Азия-Тынық мұхиты өңірі мен Еуропа арасын тиімді «жалғаушы» рөлін атқаратын және де қазіргі заманның бір полюсі бола алатын қуатты ұлттық мүддеден жоғары тұратын бірлестікті ұсынып отырмыз. Соның ішінде осы жайт Кеден одағы мен БЭК базасында толыққанды экономикалық одақ құрып, валюта саясатымен және экономикалық үйлестірумен тығыз байланысқа көшуіміз керек дегенді білдіреді». Ресей басшы­сының «ұлттық мүддеден жоғары тұратын» деген сөзінің астарында зіл болмауы да мүмкін, бірақ бұл мәселеге тағы бір белгілі сая­сат­кердің үн қатуы жағдайға басқа­ша қарауға мәжбүрлегені белгілі. Ол – Мемдума спикері Сергей На­рышкиннің өткен жылы ұлттық мүддеден жоғары ЕурАзЭҚ Пар­ламенттік Ассамблеясын құрайық деген ұсынысы. Әйтпесе, Путиннің: «Қазақтар не ұсынса да, жаман нәрсе ұсынбайды», дегенін де құлақ шалғаны бар.

Жалпы, солтүстіктегі көршіміз саясаткерлерінің сөздері мен істеріне қарап, сарапшылар өз ойларын айтып та қойған. Сондықтан оған тоқталмай-ақ қояйық. Басты мақсат – экономикасы 15 есе үлкен Ресейдің елімізге ықпалы қаншалықты немесе сыртқы күштердің «үштік» одаққа деген көзқарасы қандай деген сұрақтарға жауап іздеу. Аспан-асты елі Орталық Азия елдерін қар­жылық құйылымдары арқылы (Қазақстанмен – 30, ал Өзбекстанмен 15 миллиард долларлық келісімге қол қойылғаны белгілі) өзін тартымды етіп, алыстан бақылауды жөн көріп отырған сыңайлы. Батысты айтқанда, ең алдымен ауызға Ұлыбритания мен АҚШ түседі. АҚШ-тың бұрынғы мемхатшысы Х.Клинтон Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуына қарсы екендігін білдіруі Батыстың көзқарасымен қабысып жатыр десек, қателеспейміз. АҚШ пен ЕО еуразиялық кеңістікте өздері­мен тең сөйлесе алатын тағы бір ықпалды күштің пайда болғанын қаламайтынын уақыт көрсетіп те, дәлелдеп те берді. Бұл елдермен Солтүстік альянс арқылы одақтасатын Түркияны Кеден одағы мүшелігіне қабылдауды ұсынған Қазақстан Президентінің ұсынысын Ресейге теңгерімді күшті қалайтынының белгісі ретінде қарастыруға болар. Оның үстіне, соңғы 10 жылда Түркия мен Ресей арасындағы сауда айналымы алты есе өсіп, 2012 жылы 33,3 миллиард АҚШ долларына же­тіп­ті. Екі ел сауда-саттықты 2023 жы­лы 100 миллиардтан асырамыз деп отыр.

Соңғы жылдары Ресейден мил­лиардтаған долларға қару-жарақ сатып алып жүрген Үндістан да өз өнімдерін өткізетін нарыққа мүдделі екенін байқатып жүр. В.Путиннің Үндістан мен Кеден одағы арасында еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қоюға қызығушылық танытуын Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысы барысында жеткізуі осы сөзіміздің бір айғағы болса керек. Қазіргі таңда Қырғызстан мен Тәжікстанның да Кеден одағына мүше болып кіруіне қатысты келіссөздер жүргі­зі­луде. Әрине, бұл елдердің Одақ­қа берері шамалы. Бұл жаңа үміт­керлерді сарапшылар Беларусь сияқты қаржылық құйылымға дәмелі елдер санатына жатқызып жүр. Саясаттанушы Досым Сәтбаев осы ретте Одақты жаңа мүшелермен кеңейтуге асығыстық соңы үлкен проблемаларға алып келерін, сон­дықтан талаптардың қатаң болуы қажеттігін атап көрсетті. Бұдан басқа, Кеден одағына мүшелікке Сирия, Вьетнам, Жаңа Зеландия, Израиль сияқты елдер де сұранып отырғандай. Ресей Кеден одағы құрамында Армения мен Украинаны және Молдованы көргісі келетінін жасырмайды.

Украинаның Кеден одағына мү­­ше бо­ла алмайтыны әуелден бел­гілі жайт. Леонид Кучманың «Ук­раина» президенттік қоры жа­нын­дағы Стратегиялық бағалау­лар институтының директоры Павел Гайдуцкий Украи­наның Кеден одағындағы мүшелігі бұл елдің БСҰ алдындағы міндеттерімен, сон­дай-ақ, ЕО-мен арадағы терең әрі ау­қымды еркін сауда аймағын құруымен үйлеспейді, өйткені, КО сыртқы сауда саясаты мен өзіндік интеграцияны жүргізетін құқы, органы (КО комиссия­сы) бар құрылым дегенді айтыпты. Ал 45 миллион тұрғыны бар Украинаның қазіргі басшысы Виктор Янукович Кеден одағымен арадағы сауда 65 миллиард доллар екенін тілге тиек ете келіп, өз елінің халықаралық міндеттемелерін бұзбай, ынтымақтастықтың жаңа моделін іздестіре береріне сендірген. Үстіміздегі жылдың тамызында Ресей өз аумағына украиналық импортқа шектеу қоя отырып, кедендік тексерістерді күшейтті. Бір аптадан кейін бұл шектеулер алынып тасталды. Бірақ В.Путиннің экономика мәселелері жөніндегі кеңесшісі Сергей Глазьев егер Украина Еуро­па­лық Одақпен келісімге қол қой­са, онда мұндай кедергілер жиі қайта­лануы мүмкіндігін де ескерткен еді.

Армения президенті Серж Сарг­сян Мәскеуге келген сапарында өз елінің Кеден одағына мүше болып кіретіндігін мәлімдегенмен, Ереванда орын алған мыңдаған адам қатысқан қарсылықтар тұрғындардың Одаққа кіруді қош көрмейтінін байқатып қалды. Арменияның Кеден одағына мүшелікке алынуына қатысты сұ­раққа жауабында Беларусь пре­зиденті Александр Лукашенко Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевқа сілтеме жасай отырып, бұл елдің Әзербайжанмен арадағы шешімін таппаған аумақ бойынша кикілжіңі барлығын, ал Еуропа мұндай елдерді өз қатарларына қосуға ұм­тылмайтынын ерекше атапты. Әйт­се де қауіпсіздік мәселесі жөні­нен Ре­сейге тәуелді ел оның ырқынан шы­ға қоймайды деп түюге негіз бар. Мол­дованың шараптарына, Литваның сүт және сүт өнімдеріне кедендік тек­се­ріс­терді күшейткенімен, Мәскеу оларға өз ықпалын жүргізе алмай келеді. Тіп­ті, соңғысының Еуропалық Одақтың мү­шесі екені белгілі.

Өткенде Мәскеудегі ірі көкөніс сататын базардың жабылуы мен сол маңда пәтерлерде тұрып жатқан көптеген еңбек мигранттарының ұсталуы көп жайтты аңғартқандай болды. Оның үстіне «Ресей тек орыстар үшін» деген ұрандардың өрши түсуі соңғы жылдары орыс жерінде еңбек мигранттарының қатары артып, олардың ықпалы барған сайын күшейіп келе жатқандығымен түсіндірілсе керек. Ресей Орта­лық банкінің мәліметтеріне қара­ғанда, осы елден Орталық Азия­ға жөнелтіліп жатқан ақша аударылымдарының көлемі – 11,7 миллиард долларға жеткен көрінеді. Өзбекстандық азаматтардың өз елдеріне аударған қаржысы 2012 жылы 33 пайызға өсіп, 5,7 миллиард долларды құрапты. Бұдан басқа, Қырғызстанға 1 миллиард 859 миллион, Тәжікстанға 3 миллиард 651 миллион және де Түркіменстанға 37 миллион доллар аударылғаны мәлім болған. Қазақстанға аударылған қаржы өткен жылы 461 миллион долларды құрапты. Жалпы, Ресей Федералды миграциялық қызметінің мәліметіне қарағанда, 2012 жылы осы елде 10 миллион 300 мың шетелдік тіркелген. Соның басым бөлігі еңбек мигранттары екенін, оның 2 миллион 333 мың 244-ін Өзбекстаннан келгендер құрағанын ескерсек, Мәскеудің мұндай әрекетін түсінуге болатындай.

Еуразиялық экономикалық ко­мис­сияның қызметкерлеріне қа­тысты айтқанда, оның басым бөлі­гін ресейліктер құрайтыны мәлім. Штаттық қызметкерлердің 84 пайыз­ға жуығы Ресей азаматтары бол­са, Қазақстанға тиесілісі – 10, ал Беларусьтікі 6 пайызды құрайды. Тіпті, кейбір кезде ресейліктер 88 пайызды құрайды деген мәліметтер де келтіріліп жүр. Жалпы, солтүстік көршіміздің нарығы үлкен болғандықтан, оның баж салығындағы үлесі де қомақты. Сондай-ақ, Комиссия аппаратын қаржыландырудағы үлесі де басым, сондықтан ресейліктердің де ықпалы жоғары деуге негіз бар. Бұл ретте Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздердің кәсіби төмен деңгейде өткендігін қатты сынға алуы да орынды. Еуропа Қайта құру және даму банкінің сарапшылары Кеден одағына мүше Қазақстан мен Беларусьтің Қытаймен және Еуропалық Одақпен сауда айналымы сәл де болса төмендегенін айта келіп, бірыңғай кедендік тарифтің қызығын тек Ресей ғана сезініп отырғандығын көлденең тартады. Осы жерде аталған банк экономистері болашақта Еуразиялық экономикалық одақтың ұлттық органдарынан жоғары тұратын құрылымдарды құру кезінде бірқатар күрделі жағдай қалыптасуы ықтимал екенін де ескертіп отыр.

Бұдан шығатын қорытынды Қазақ­стан үшін интеграцияға ең ыңғайлы ұйым әзірге Кеден одағы ғана болып тұр. Орталық Азия елдері экономикасының ық­шамдығы мен дамымағандығы, ал Қытайдың тым алыптығы экономикалық жағынан одақтасуға еш мүмкіндік бермек емес. Еліміздің Кеден одағы базасында заман талаптарына жауап бере алатын жаңа одақ құруға ұмтылуы да сондықтан. Олай болса, Одаққа дақ түсіртпеу басты міндет болып қала бермек.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар