• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Қараша, 2020

Ірілік пен ізгілік

430 рет
көрсетілді

Газет пен гаджет бетпе-бет тұрған бұл өтпелі кезеңді өлара шақ десек болады. Жалпы, келешекте нағыз журналист маманды майшаммен іздеуіміз де мүмкін. Кім біледі, бәлкім бәрі керісінше. Не десек те газетке жан-тәнімен ғашық, өнегелі өмірін тек газетке сарп еткен майталман газетшілердің қатары осы сирегені сиреген. Кейде тіпті кешегі алыптардың көзін көрген, көшелі сөзін сақтап қалған сол тарландардың орнын кім басады деп те ойлаймыз.

Біз айтып отырған  буынның белді өкілі болған, қазақ көсем­сөзінің қажырлы қара нарындай қалам иесі Мағауия аға Сембай еді. Журналистика саласына 43 жыл ғұмырын сыйлап, оның 22 жылында облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы болған сөз сардары туралы өткен шақта сөз бастауымыз әрине, өкінішті... Бірақ соңына өшпес із қалдырған, іргетасы ірі мектеп қалаған жан ретінде бұл есім өте бақытты өнеге иесі дер едік. Журналистикаға бозбала шағында келіп, самайын боз қырау шалғанша осы саладан табан аудар­маған таудай азамат жайлы көп айтуға болады. Әңгімемізді Әмірбектің Көпені берген бағадан бастағымыз келеді. Сатира сардары Көпен ағамыз: – Мағаштың бірнеше ерлігін айтуға болады, соның ішіндегі ең бір ерекшесі – жасы 16-ға толмай жатып, туу туралы куәлікпен жоғарғы оқу ор­нына қабылданғаны-тұғын. Қарымды да дарынды болған соң ғой, Шерағаңның шекпенінен шынығып шыққандардың бірі болды. Кейіннен өзі де мектеп қалыптастырды. Не керек, заманында паспортсыз оқуға түс­кен Ма­ғаш, міне, бүгін қазақ журна­лис­тика­сының паспортына айналды! – деген еді.

Жалпы қазақ журналистикасы­ның қабырғалы буынын қалыптас­т­ырып, қайраткер редактор бола білген Мағауия Сембай тұлғасы туралы қалай айтсақ та жарасады.

Әлбетте «Egemen»-нен кейінгі екінші газет деген бейресми ата­ғы бар айбынды басылымның бас редакторы болған Мағауия Слан­бекұлының азаматтық болмысын бір мақалаға сыйғызуға кел­­­мес. Десек те шарапатын көр­­­­ген шығар­машыл шәкірті ре­тін­де газетімізде бірер сөз арна­ғанды жөн санадық. Оның ар жағында «Egemen»-дік екенін ескерсек, бұл басы­лымға оның есімі ерекше таныс.

Мағауия Сембай тек  редактор, «Ortalyq Qazaqstan» тек ре­дак­ция емес, біреуі – ұстаз, біреуі – ұстахана. Шынтуайтында, талант­тарға табалдырық, балағында биті барларға баспалдақ болған осы екі мектептен тәлім алғандар талай ортаны таң қалдырып жүр қазір.  Бір шәкірті, мықты журна­лист Қызғалдақ Айтжанова: «Бұ­лақ көзін ашу – Мәкеңнің миссия­сы. Бұл күні «Орталықтан» сабақ алып, соңыра астанаға ат басын бұрғандардың еңбек кітап­ша­сының алғашқы парақтарында «Орталықтың» мөрі, Мәкеңнің қолы тұр!» деп жазған еді. Шәкірт­тің шын пейілі осындай-ақ болсын.

Мағауия редактор газетке шын бе­­ріл­­ген жур­налист еді. Өле-­өл­ген­ше аузынан да, қолы­нан да «Орталығы» түскен жоқ. Бірде редакциядағы қойманың ішінен «Орталық Қазақстан» деген жазу теріс басылған сап-сары латунь клишені тауып алды. Әл­гі жәдігерге қарап ұзақ тұрды. Қо­лына алып салмақтап көрді. Бетін үлкен қолдарымен қайта-қай­та сипап, шаңын сүрткендей болды. Көзіне жас алғанын бай­қатқысы келмей әлдебір уақытта бізге қа­рап: – Бұл фирма, – деді. Сен­дер­ге жалғыз өтініш, мен редак­торлықтан кеткенше осы фир­маны ауыстырмаңдар. Бұл атауды мен өз атымнан әлдеқайда биік қоямын. Қарашы, шаң басып қалыпты, – деп сөзін басқа әң­гімеге бұрып жіберді.

Кейін сол клишені өзінің алпыс жасқа толған мерейтойында сахнаға алып шықты. Сол клишені ұстап тұрып сөз сөйледі. Міне, газетке адалдықты оның осындай әр іс-әрекетінен байқаушы едік. Адам­ды бөзіне қарап бағаламай, сөзіне қарап салмақтауды үнемі басшылыққа алған бас редактор ретінде Мағауия Сембайды бәрі «Мағаш аға» деп жақсы көрді.

Адамның мінез-құлқын жазуынан жазбай танитындар бар. Қол­таңбасы ірі кісі жомарт, қо­лы ашық, ақкөңіл, мәрт келеді екен. Мағауия Сембайдың жазуы қандай ірі болса, өзі де кесек сөй­лейтін азамат-тұғын. Бойы да, сойы да көп адамнан әлдеқайда жо­ғары жүрді. Түйенің үлкені көпір­ден таяқ жейді демекші, сол ірілігі үшін көп жерден құқай да көрді. Әкімдіктен әлденеше рет әдебиеттің әңгімесі үшін сөгіс алды. Сондағы тағылған бар айып мынау: классик Мұхтар Мағауин­нің «Шыңғыс ханын» басқаны үшін бас редакторлығына бәле жа­былыпты. Алайда біз айтқандай ірілігі ісінен көрініп тұратын «ма­ғауиншыл» Мағауияны бұл қудалау қайта қайрай түсті. Тағы бір ірілігі Тоқ­тар көкесін құшақтаған кезде көрінетін. Міне, өзі тұлғалы азаматты осындай екі алып қорғап тұр­ғанда оның ұсақ­талуға еш хақысы жоқтай.

Түйе демекші, Мағауия Сем­баймен түйе тақырыбында сөз талас­­тырып керегі жоқ. Төрт тү­ліктің ішіндегі түйе туралы бі­лімі ұшан-теңіз. Кейде бала сияқ­ты, үйдегі жең­гемізге тек түйе­жүн киім ғана алдыртады. Бас киі­мі, кеудешесі, шұлығына шейін түйе­нің жүнінен басылған.

Жұмысымыз ауысып елордаға аттанарда жолдасымыз екеуміз үйіне соқтық. Батасын беріп, қо­­лыма үлкен сөмке ұстатты. Сөйт­сем әлгі зат түйе жүн көрпе. – Ас­тананың қысы суық болады, жаурамай жүр, – деп ар­қам­­нан қақты. Жаурамасақ та Мағаш аға дүниеден өтті дегенде көзіміз жа­сау­рап, жанымыз құлазып қалғаны рас.

Мағауия Сембай нағыз редактор еді. Ол жұмыс барысын­да біздің тек мақаламызға ғана ре­дактор емес еді. Ол тіпті қол­астындағы журналистерден бөлек тегіс айналасына редактор болатын. Газет бетіндегі қате­ні қалай тез көрсе, қоғамдағы күр­делі мәселелерді де солай бір­­ден аңғаратын. Көріп қана қой­май түйіннің тарқатылуына жа­нын салатын. Ол қоғам келбе­тіне, адам бойындағы түрлі қасиет­терге редактор еді. Кей адам­дар редакторлықтан кеткен­нен кейін сол мансаппен бірге міне­зіндегі редакторлықты ұмыта бастайды. Ал Мағауия Сембай мінезіндегі редакторлық оның есімімен біте қайнасып кеткендей қасиет.

Жалпы, Мағауия Сембай қа­лып­тас­тырған мықты мектеп туралы жоғарыда айтып кет­тік. Сол ұс­­­та­­­хананың ұл-қыздары ұстаз есі­мін ешқашан ұмытпақ емес. Жуыр­да ізет­ті ізбасарларының құрас­тыруымен ре­дак­тор Мағауия Слан­бекұлының қа­ламынан туып, қал­тарыста қала берген бір топ әңгімесі мен тұғырлы тұлға туралы толғамдар қос кітап болып жарық көрді. Одан бұрын журналистер арасында  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Пре­зидент сыйлығының лауреаты Мағауия Сембай атындағы «Қолыма қалам алдым айтамын деп» байқауы ұйымдастырылды.

Ұстаз ұлағаты қай кезде де оның  со­ңын­дағы сүбелі сөзі мен адал шәкірт­терімен өлшенеді. Жоғарыдағы жинақтар осы сөзіміздің айғағы іспетті.