Мемлекет тарихы институтында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың, генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының докторы, профессор Абай Тасболатовтың және Мемлекет тарихы институты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдарының қатысуымен «Елбасы және Қазақстан Республикасының Қарулы күштері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Депутат Б.Ертаев өз сөзінде 1992 жылдың 7 мамырында Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылғанын, оны жасақтау оңайға түспегенін айтты. «Қолымызда тозған техникаға толы қоймалар, тәжірибелі ұшқыштар мен жанар-жағармайдың жоқтығынан ұшпайтын ұшақтар, басқарусыз әуе қорғаныс жүйесі қалды. 1992-1998 жылдар аралығында Қарулы Күштерімізді қайта құрып, 1999 жылдан бастап, оны түбегейлі реформалауға көштік. Нәтижесінде Қарулы Күштеріміз аз ғана уақыттың ішінде ел қорғанына айналды», деді ол.
Б.Ертаев айтқандай, өткен жылдарда біздің мемлекетіміз басты мәселені – қазіргі кезде бүкіл әлем мойындаған тәуелсіз, дербес мемлекет құру міндетін шешті. Оның қауіпсіздігінің кепілі – Қарулы Күштер болып табылады. Тәуелсіздігіміздің іргесі мықты болуына бірден-бір себепкер – Қазақстанның Қарулы Күштерінің мықты болуы.
Генерал-лейтенант Абай Тасболатов жастарға патриоттық тәрбие беру мәселесін қозғады. «Біздің бабаларымыз кең-байтақ жерімізге көз алартқан жауларын білектің күшімен, найзаның ұшымен ғана емес, ақылмен де, парасаттылықпен де, даналықпен де жеңген. Сондықтан, жастарды солардың үлгісінде тәрбиелеуіміз керек. Біздің еліміз Халықаралық аренада өзіндік орны бар беделді мемлекет. Осының барлығы асыра сілтеп айтқандық емес, Елбасымыздың арқасы», – деді А.Тасболатов.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Елбасының Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін дамытуға ұдайы қамқорлық жасап отырғанын баса айтты.
– Мемлекет тарихына қатысты мәселелер зерттеліп, жазылып жатыр, осы ретте әскери тақырыпты да назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Осындай мәселелерді талқылап, саралау үшін сіздерді бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз, – деді дөңгелек үстелдің модераторы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған. Ол сонымен бірге, қазақтың жанымен, қанымен, ержүрек батырларының ерлігімен сақталған, қорғалған атамекеніміз, қасиетті қазақ даласы – бабаларымыздың ұрпағына қалдырып кеткен асыл мұрасы екенін, осының барлығы Елбасының көп жылғы қажырлы еңбегінің, қажымас қайратының, сарқылмас күшінің арқасында өсіп-өркендеп келе жатқанын тілге тиек етті.
«Егемен-ақпарат».