Әлқисса. Анаубір алмағайып заманда Елбасы бүкіл әлемді шарлап мемлекетке инвесторлар тартты. Ол шақта өзгелер жаһан картасында Қазақстан деген елдің барын білмейтін. Бодандықтың бұғауы енді үзілген кез ғой. Қазақстанға ақша салуға бола ма? Құйылған қаржының қайтарымы қандайлық? Өзі қырық құрау секілді түрлі ұлттан құралған ел екен. Ертеңі бар ма, жоқ па? Осы секілді қадау-қадау сауалдар Қазақстанға қарай бетін бұрған инвесторлардың санасын шимайлағаны анық. Елбасы сан сауалға жауап тауып, қаржысы барларды Қазақстанға тартты. Егер сипаттап айтар болсақ, бұл сахарада жаяу жүріп жоқ іздегенмен бірдей дүние еді. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Әлем Қазақстанды тұрақтылықтың мекені ретінде таныды. Сондай-ақ, қылтың-сылтыңы жоқ, әуре-сарсаңға салмайтын әріптес деп білді. Осы ретте елімізде инвесторларға жасалған жайлы жағдайдың ерекше орын алғаны жасырын емес.
Әлқисса. Анаубір алмағайып заманда Елбасы бүкіл әлемді шарлап мемлекетке инвесторлар тартты. Ол шақта өзгелер жаһан картасында Қазақстан деген елдің барын білмейтін. Бодандықтың бұғауы енді үзілген кез ғой. Қазақстанға ақша салуға бола ма? Құйылған қаржының қайтарымы қандайлық? Өзі қырық құрау секілді түрлі ұлттан құралған ел екен. Ертеңі бар ма, жоқ па? Осы секілді қадау-қадау сауалдар Қазақстанға қарай бетін бұрған инвесторлардың санасын шимайлағаны анық. Елбасы сан сауалға жауап тауып, қаржысы барларды Қазақстанға тартты. Егер сипаттап айтар болсақ, бұл сахарада жаяу жүріп жоқ іздегенмен бірдей дүние еді. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Әлем Қазақстанды тұрақтылықтың мекені ретінде таныды. Сондай-ақ, қылтың-сылтыңы жоқ, әуре-сарсаңға салмайтын әріптес деп білді. Осы ретте елімізде инвесторларға жасалған жайлы жағдайдың ерекше орын алғаны жасырын емес.
Қызылорда облысының қазіргі экономикалық жағдайы бөркіңді аспанға атып қуанатындай емес. Себебі, аймақ экономикасының тоқсан пайыздан артығын мұнай мен газ және уран құрап отыр. Былайша айтқанда, облыс экономикасы осы үш салаға ғана байланып тұр. Ал бір кездері күрішімен мақтанатын аймақтың ауылшаруашылық саласы аса бір өнімді дей алмайсың. Қалған салалар да қалт-құлт етіп әрең келеді. Мәңгілік сұрақ: енді не істеу керек? Қырымбек Көшербаев облыс тізгінін алғаннан бастап аймақ экономикасын әртараптандыруды қолға алды. Осы ойдың нақты нәтижесі ретінде Қызылордаға инвесторларды шақырды. Солайша, өмірге «Байқоңыр» инвестициялық форумы келді. Оның біріншісі жыл басында өткен. Бұрнағы күні ІІ форум өз жұмысын жалғастырды.
Форумда өңірдегі металлургия, энергетика салаларын, көлік логистикасын, кен өндіру саласындағы аутсорсингті, құрылыс индустриясы мен балық шаруашылығын өркендетудің, сондай-ақ, Байқоңыр қаласын дамытудың мүмкіндіктері қарастырылды. Ал жиынға Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров, орталық мемлекеттік органдардың, республикалық, халықаралық ғылыми және бизнес ұйым өкілдері қатысты. Инвестициялық форумды ашқан облыс басшысы аймақтың ресурстық мүмкіндіктері мен транзиттік әлеуеті, минералдық шикізат көздері туралы баяндады.
– Мемлекет басшысының келісімі бойынша аймақта металлургия өндірісінің бірқатар салалары құрылатын болады. Облыс аумағындағы ванадий кеніші әлемдегі 5 ірі кеніштердің қатарына енеді. Мамандардың пікірінше, аймақ осы шикізатқа қажетті әлемдік сұраныстың 25 пайызына дейін қамтамасыз ете алады. Мырыш пен мыстың да қорлары бар. Сол сияқты, алтын, молибден, цирконий және титан қорлары да жеткілікті. Кадмий, германий, күміс пен селен, темір, фосфорит, цирконий-титан кендері табылды. Шалқия қорғасын-мырыш кен орны еліміздегі ірі кеніштердің бірі. 2015 жылға қарай облыста Қазақстан уранының едәуір бөлігі өндірілетін болады. Осының барлығы біздің өңірді болашақта кемел келешекке жетелейтін алтын қорымыз болып табылады. Қазіргі таңда біз осы ресурстардың бірқатар бөлігін аймақ экономикасына тарту бағытындағы жұмыстарды бастадық, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Аймақ басшысы облысты дамытуға ұлттық компаниялардың көмек көрсететінін айтты. Мысалы, «Самұрық-Қазына» қоры «Шалқия Цинк» жобасына атсалысуды жоспарлап отырған көрінеді. Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы теміржол инфрақұрылымын дамыту және оған қажетті өнімдерімен қамтамасыз ететін бірқатар, оның ішінде қосалқы бөлшектер, түрлі детальдар шығаратын өндіріс орындарын құру жөнінде белсенді жұмыстар жүргізуде. «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясы өңірді дамытуға, әсіресе, уран өндірісі мәселелеріне атсалысқалы отыр. «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі өңірдегі ең ірі индустриялық жобалардың біріне қатысуға шешім қабылдауда. Металлургия кластеріне қатысты ойларын ортаға салған аймақ басшысы одан соң «Байқоңыр» ғарыш айлағына қатысты пікірін де іркіп қалмады.
– Байқоңырда Ресейдің жетекші ғылыми орталығын құрудың, жоғары технологиялық сектор қызметін қалыптастырудың барлық жағдайы бар. Сондықтан, біз ақпараттық-технологиялық және телекоммуникациялық жүйедегі технологиялар мен инвестицияларға ынталымыз,– деді ол.
Елбасының тапсырмасына сәйкес Байқоңыр ЭКСПО-2017 көрмесіне келген қонақтар мен қатысушылардың көріп, тамашалайтын нысанына айналады. Бұл қаланың даму тарихының тағдырын шешіп, уақыт өте келе әлемнің көптеген елдерінен туристер толқынын тартатын орталыққа айналуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жерде туристік инфрақұрылымдарды, яғни қонақ үйлер мен ойын-сауық орталықтарын және зымыран сапарын бақылауға арналған көру алаңдарын салу секілді көптеген жұмыстарды жүзеге асыру керектігіне тоқталды.
Облыс аумағынан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің ең ұзын бөлігі өтеді. Бүгінде облыс аумағынан салынып жатқан автобан құрылысы бітуге жақын. Бұл жерде Қызылорда облысының елді мекендерінің 85 пайызы халықаралық көлік дәлізінің бойына орналасқанын ескеру керек. Одан кейін «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол желісі Еуропа елдері мен Парсы бұғазы бағытына тауарларды экспорттауға мүмкіндік береді. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2020 жылға дейін аймаққа 2 миллиард доллар шамасында қаржы салуды жоспарлап отыр. Тасжолмен қатар теміржолдың да аймақты көлденеңнен кесіп өтетінін айтқан абзал. Аймақтың әуе кеңістігі арқылы көптеген әуе жолдары өтеді. Қызылорда қаласының әуежайы қазірдің өзінде ірі салмақтағы әуе кемелерін қабылдай алады. Ал келер жылдан бастап қазіргі заман талабына сай халықаралық терминал салу жоспарлануда. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының құрылысы тек қана облысты ғана газдандырып қоймайды, сонымен қатар, экономиканы дамытуға қосымша серпін береді. Таяу жылдары инфрақұрылымдық бағыттарға инвестиция тартуды арттыру көзделіп отыр. Оның үстіне мемлекет жеке инвесторлардың тәуекелін бөлісуге әзір. Сондай-ақ, концессия тәсілдері, мемлекет пен жекенің әріптестігі үлгісіндегі басқа да жолдар қолданылуы мүмкін. Осының бәрі инвесторға Қызылордаға келіп, бизнеспен айналысып, өзінің қаржысын арттырып, аймақтың экономикасын дамытудың басты кепілі емес пе?!
Облыс әкімі экономика мен еңбек нарығындағы алдағы құрылымдық өзгерістерге уақыт өткізбей шешім қабылдау қажеттігіне тоқталды. Қазірдің өзінде техникалық мамандардың тапшылығы сезілуде. Бұл мәселеге жауап ретінде «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясымен бірлесіп уран өнеркәсібі үшін мамандар дайындайтын колледж құруды жоспарлауда. «Тренингтік орталықта мұнай-газ саласы үшін білікті жұмысшы кадрларын дайындайтын болсақ, сондай-ақ, колледж құру арқылы жаңадан пайда болған металлургия саласына мамандар даярлаймыз. Біз ынтымақтастыққа мүдделі барлық тараптарды бірлесіп, тиімді жұмыс істеуге шақырамыз. Біз отандық және шетелдік инвесторлардың кез келген дәйекті ұсыныстарын қолдаймыз», – деп қорытындылады сөзін облыс әкімі.
Форумда Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров «жасыл экономика» тұжырымдамасы, оны іске асырудағы негізгі бағыттар туралы сөз сөйледі. Ауаның ластануын азайту, су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру, энергия тиімділігін және энергия үнемдеуді арттыруға бағытталған іс-шараларға тоқталды. Еліміздің табиғатын жақсартатын экономиканың жаңа салаларының пайда болуынан, табиғатқа көмектесуге және пайда келтіруге бағытталған жаңа технологиялардың қолданысқа енуінен үлкен игіліктер күтуге болады. «Жасыл экономиканың» негізгі ұстанымы – сарқылуға айналған ресурстарды үнемді тұтынуды және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануды көздейді.
Сонымен бірге, басқосуда Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев, Корея Республикасының елшісі Пэк Чу Хён, «KAZNEX ІNVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ аймақтық әріптестік жөніндегі басқарушы директоры Нұрболат Сейтмағамбетов, тағы да басқа қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Ресейдің Федералдық Ғарыш агенттігі Байқоңыр ғарыш айлағындағы басқарма басшысы Анатолий Белоконь ғарыш қақпасындағы қаланы дамытудың уақыт талабына жауап беретін заманауи бағыттары туралы айтып өтті. «Байқоңыр» брендін бүкіл әлем әлдеқашан мойындаған. Агенттік өкілі әйгілі брендтің мүмкіндігі пайдаланылмайтынына тоқталды. Сондықтан, кешенді бірігіп пайдалану жөніндегі жол картасында осы мәселеге баса көңіл бөлінген.
Өзінің жарты ғасырдан астам тарихында ғарыш қақпасындағы қала туристерді тартатын мәдени мұралармен толықты. Қалаға туристерді әкелу үшін теміржол, әуежай, автокөлік жолы бар. Айлақтағы ғарыш мұражайында адамзаттың аспан көгіне жасаған сапарлары туралы егжей-тегжейлі мағлұматтар алуға болады.
Форумда инновациялық жобаларды жүзеге асыратын кәсіби мамандар дайындау туралы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті тау-кен институтының директоры Қанат Рысбеков өз пікірін жеткізді. Облыста кадр тапшылығы сезілген салаларға маман дайындау жолға қойылған. Арнайы гранттар бөлу арқылы мамандарды оқыту одан әрі жалғаса бермек. Институт директоры алдағы оқу жылында оқу бітіретін түлектерге арнап Қазақ ұлттық техникалық университетінің гранттарын ұсынды.
Одан кейін форум жұмысын секциялық отырыстар жалғастырды. Форум жұмысына арнайы келген Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Геология және жер қойнауы комитеті төрағасының орынбасары Ақбатыр Надырбаев облысымыздағы металлургия кластерін дамыту жөніндегі идеяны іс жүзіне асыру үшін жер қойнауындағы кен байлығын игеру мәселесін шешу керектігін баса айтты. «Ол үшін осы өңірде орналасқан кен орындарының қорын зерттеп, оны игеру технологиясын шешіп, өндіруге жарайды деген қорытындыға келіп өндіріске беру керек, – деді комитет төрағасының орынбасары.
Секция жұмысында сөз алған «Мәскеу болат және қорыту институты» Ұлттық зерттеу технологиялық университетінің профессоры Александр Федоров бұл салада өздерінің мол тәжірибесі барын және алдағы уақытта өңірге қажетті мамандарды оқытуға дайын екендіктерін жеткізді. Соңында облыс әкімдігі мен «Сырдария авто», «ELІT Astana group», «Global Alatau Group» ЖШС-мен бірге «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралінің бойындағы инфрақұрылым жүйесінде құрылыс нысандарын жүргізу туралы, сонымен бірге «Евразия» Банкімен өңір халқының әлеуетін арттырумен жалпы экономикасын дамыту мақсатында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.
Ал «Өңірдің транзиттік мүмкіндіктері дамуға жол ашады» тақырыбында өткен секция жұмысы барысында еліміздің, оның ішінде аймақтың көліктік инфрақұрылымының жетістіктері мен проблемалары, саланы дамытудың мүмкіндіктері қарастырылды. Бірқатар баяндамалар жасалды. Мәселен, «Көліктік логистиканы дамытудың ұлттық орталығы» АҚ инвестиция департаментінің директоры Жәнібек Нұрсейітов «Қазақстанның логистикалық мүмкіндіктерінің стратегиясы» тақырыбындағы баяндамасында аталған компанияның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінде компания транспорттық логистика кешенін дамыту мен жаңалау бағытында ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Ол бойынша ең бірінші жұмыс жаңа теміржол құрылысын жүргізу болып табылады. 2014 жылға жалпы аумағы 2500 шақырымды құрайтын жаңа теміржол жүйесін пайдалануға беру жоспарлануда. Үш жылдан бері жеке секторды қатыстыра отырып А және В класы бойынша отандық транспорттық-логистикалық жүйені қалыптастыру көзделуде. Өз кезегінде сөз алған «Turkuaz Іnvest» ЖШС директорының орынбасары Нұрлан Досев Қызылорда қаласындағы әуежай жолаушылар терминалы құрылысының жобасы жайында әңгімеледі. Баяндамашы біздің әуежайдың болашағы зор екенін атап айтты. Олардың болжамы бойынша облыста 2020 жылға қарай жолаушылар легі 723570 адамды құрайтын көрінеді. Яғни, 2010 жылмен салыстырғанда жеті есеге артпақ. Бұл орайда жүк тасымалы да еселене түспек.
«Қазақстандағы теміржол саласын дамытудың жоспарлары» бойынша баяндама жасаған Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік және теміржол комитеті басқармасының басшысы Ернар Мәулетханов «Жезқазған-Бейнеу» теміржол құрылысы, Арал ауданына қарасты Сексеуіл стансасының өркендеуі, ол арқылы өтетін жүк тасымалының ұлғаюы, жалпы, теміржол саласын дамыту бағытында жан-жақты әңгімеледі.
Секциялық жұмыс соңында сұрақтар қойылып, ой-пікірлер ортаға салынды. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев екі меморандумға қол қойды. Оның алғашқысы, америкалық «Мэдисон интернейшнл» компаниясымен электр сақтайтын жарық диодты шамдар өндіретін зауыт құрылысын салу бойынша, екіншісі, «Меррис Ассет Менеджмент» компаниясымен тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын жаңғырту мен қайта қалпына келтіру жобасын жүзеге асыру бойынша екіжақты әріптестік байланыс орнату болып табылады.
Форум аясында өткен күріш және ет-мал шаруашылығы секциялық отырысында орталық мемлекеттік органдардың, республикалық және халықаралық ғылыми және бизнес-ұйымдардың өкілдері баяндамалар жасады.
«ҚазАгроӨнім» АҚ өкілі Әнес Баққожаев «Ет және мал шаруашылығының дамуы мен келешегі» жайлы баяндамасында бордақы ет өнімдерінің экспортқа шығуы жайлы жағымды жаңалығымен бөлісті. Атап айтсақ, Орал, Семей, Ақтөбе облыстарының ет бағытындағы мал шаруашылықтары көршілес Ресейге өз өнімдерін шығарып жатыр. «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамымен екіжақты сауда-саттық мәмілеге отырған олар тиімді бағамен ет өнімдерін ұдайы түрде сыртқа шығармақшы. Сондай-ақ, Әнес Ахатұлының айтуынша, мал терісі мен жүнін де пайдаға жаратып экспортқа шығару мақсатында Иран мемлекетімен келісімге келген. Мал шаруашылығымен айналысатын жеке қожалықтарды бірігіп жұмыс істеуге шақырған ол шаруаларға ешқандай кедергі болмайтынын жеткізді.
«Оңтүстік-Батыс ғылыми-зерттеу институты» директорының орынбасары Нұридин Әлібаев ет бағытындағы шаруашылықтарда кездесетін кедергілер мен оны шешу жолдарына қатысты өз ұстанымын айтып өтті. Сондай-ақ, институт зертханасында күрделі шағыстыру нәтижесінде пайда болған жаңа елтірілі-етті «Ордабасы» қой тұқымымен таныстырды.
«Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты» директоры Серікбай Өмірзақов қолданыстағы күріш сорттары мен жаңа буданды тұқымдардың ерекшеліктерімен таныстырып өтсе, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директоры Сәкен Әбенов облыс көлемінде беріліп жатқан қаржы жобаларымен таныстырып, шаруа қожалықтарына тиімді ұсыныспен берілетін несиені алуға шақырды.
Шара соңында екіжақты келісім негізінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ пен «Байқоңыр» «АгроХолдингі» серіктестігі 2 миллиард 300 мың теңге қаржыға меморандумға отырды. «СП АзовАралАгроМаш» ЖШС және «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы ауылшаруашылық техникасын жергілікті жерде құрастыру мақсатында келісімшартқа қол қойды.
Форумның екінші күнгі жұмысы Байқоңыр қаласында жалғасты. Жиынға келген қонақтар алдымен ғарыш айлағына саяхат жасады. Мұражайды, ұшу алаңдарын тамашалады. Сонан соң Байқоңырдың туристік орталыққа айналуына қатысты мәселені талқылады. Ғарыш айлағына тиесілі аймақтың өзі Голландия секілді мемлекеттің жерінен үлкен екен. Осының өзінен-ақ адамзаттың алғаш ғарышқа сапар жасаған жерінен туристерге қызықты орындардың көптеп табылатыны белгілі болса керек. Ең бастысы, туристер кейбір мемлекеттегідей ғарыш құрылғыларын макет арқылы тамашаламайды. Мұнда бәрін өз көзімен көріп, өткен тарих пен бүгінгі күннің кереметтерін сезіне алады. Бүгінде Байқоңырға жылына мыңнан аса турист келеді екен. Әрине, бұл өте аз. Жиын кезінде осы санды едәуір арттырудың жолдары қарастырылды. Ал ол үшін Байқоңырда барлық жағдай бар. Кезінде әскерилер пайдаланған көптеген ғимараттар босап қалды. Осы бос ғимараттарда қонақүй, ойын-сауық орталықтарын ашуға болады. Сонымен қатар, қалада екі әуежай бар. Олардың шетелден келген қонақтарды күтіп, шығарып салуға толық мүмкіндіктері бар. Ресейлік және қазақстандық мамандардың ойы бір жерден тоғысты. Екі тарапта Байқоңыр қаласын дамытып, болашақта туристік әлеуеті мол аймаққа айналдыруға болатынын біліп бәтуаласты.
Сонымен, инвестфорум өз мәресіне жетті. Айтылған істің бәрі нәтижелі болуы заңды емес. Бастысы, аймақтың металлургиялық кластеріне жан кіріп, Байқоңыр әлемдік деңгейдегі туристік орталыққа айналса, онда форум жұмысының сәтті болғаны. Ал біз осы мәселелердің нақты орындалатынына сенеміз.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.