• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Қараша, 2020

"Астана Балет" жаңа балеттің премьерасына дайындалып жатыр

243 рет
көрсетілді

6 және 7 қарашада "Астана Балет" театрында қазақстандық хореограф Анвара Садықова қойған "Желтораңғы туралы аңыз" бір актілі балетінің премьерасы өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz

"Көріп тұрғанымыздай, осы күні бұл тақырып өзекті болып тұр. Біз – адам мен табиғат арасындағы үндестікті табуға ұмтыламыз. Тамыры терең бойлаған желтораңғы ағашының өзі табандылық пен күш-қуаттың бейнесіндей. Ол түрлі қиындықтарға төтеп беріп келеді. Осы қасиет біздің халқымызға да тән: талай қиын-қыстау кезеңді басынан өткерген еліміз күш жинап, алға қарай ұмтылып келеді", дейді хореограф Анвара Садықова.

Балет либреттосын әйгілі ақын Бақыт Қайырбеков жазған. Спектакльдің әр көрінісі философиялық мазмұнға ие, ал, бейнелердің ішкі тереңдігі мен сыртқы сұлулығы айқын.

"Балетті шығаруыма Қуат Шілдебаевтың "Тораңғы мұңы" атты ғажайып туындысы түрткі болды. Композитордың музыкалық шығармалары белгілі бір ой мен идеяға жетелеп, түрлі күйге бөлейді. Мұнда мұң, зар мен сағыныш болғанымен, баршамыз қол үзбеуіміз тиіс үміт сәулесі де бар… Біз әр бейнені қазақ музыкалық аспаптарының терең мазмұнды әуезін суреттейтін пластикалық тілмен сипаттауға тырыстық. Мысалы, қобыз. Оның сарыны желдің күшімен даланы кезеді", деп атап өтті Анвара Садықова.

Балетмейстердің айтуынша, балеттің хореографиясы классикалық би мен  қазақ биінің үйлесімділігінен құралған. Ұлттық хореографияның стилі балет спектаклінің түрлі бейнелерін суреттеуде кеңінен қолданылды.

"Астана Балет" театрын құрған кезде, ұжым алдына қойылған мақсаттың бірі – ұлттық хореографияны насихаттап, тың ұлттық балеттер шығару еді. Бұл міндетін театр сәтті атқарып келеді: оның репертуарында үш ұлттық балет, "Ұлы Дала мұрасы" бағдарламасы бар. Ал, 6 және 7 қарашада көрермен назарына "Желтораңғы туралы аңыз" атты жаңа балет ұсынылады.

Спектакльдердің басталуы: 6 қараша, сағат 19:30. 7 қараша, сағат 18:00.

Премьера ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.