Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз мəжілісінде Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz
– Бүгінде қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Яғни, соңғы екі тәулікте коронавирус індеті тіркелмеді. Ал 1 тамыздан 3 қарашаға дейін COVID-19 белгілерімен пневмонияның 1006 жағдайы тіркелді. Қазіргі таңда коронавирусты анықтау мақсатында 3 компьютерлік томография аппараты сатып алынды. Қалалық инфекциялық ауруханаларда орнатылған КТ-ға алғашқы науқас алдағы жұма күні түсіріледі, деді Б.Жолдасбекұлы.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласы республикалық рейтингте жедел жәрдем қызметінің уақытылы келуі, сәтті реанимация және санитарлық машиналардың жабдықталуы бойынша алғашқы үздік үштіктің қатарында тұр.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 2020 жылдың 24 наурызынан 3 қарашаға дейінгі аралықта COVID-19 ауруының 5 240 жағдайы тіркелген (2662 симптоматикалық, 2578 симптомсыз). Ал 5 152 науқас емделіп шыққан.