Қазіргі кезде көп тұрғындардың пошта қызметіне көңілі толмайды. Әсіресе, шалғай ауылдардағы әлеуметтің дені жазылған газет-журналдарының уақытында келмейтінін айтып жиі шағымданады. Журналист ретінде аудан, ауылдарға барып, тұрғындармен кездескенде де көпшіліктің айтатындары сол.
Расында да ақшасын төлеп, жазылған соң әркім де өзі алатын басылымды дер кезінде оқығысы келеді. Бүгінде интернеттің заманы десек те, әлі күнге дейін аға буын өкілдері кез келген жаңалықты сайттардан емес, газеттерден оқиды. Алайда кей жағдайда оның өзі де мүмкін болмай отыр. Бұл ретте көпшілік пошта қызметінің жұмысын сынға алып жатады. Оқырманның базынасы орынды да.
Жуырда ғана Шу қаласындағы «Қосқұдық» ауданының тұрғыны Думан Қияшұлы есімді оқырман газеттің үйіне уақтылы келмейтінін айтып, редакцияға хат жазған болатын. Сол хатында ол «Қосқұдық» ауданындағы пошта қызметінің нашарлығын, тіпті жұмыс істемейтіндігін айтқан. «Қайбір жылдары сіздердің редакция газет бағасының жарты құнын тасымалдаушы ұйым алатынын жазған болатын. Ал енді газетті таратып беруге келгенде «Қазпошта» бөлімшесі немқұрайдылық танытып отыр. Біраз жыл бұрын аптасына бір рет таратты. Кейінірек айына үш рет әкелетін еді. Соңғы кезде газеттерді айлап әкелмейді. Поштаға себебін білуге барған сайын квитанцияны тексеріп, «жеткізіп береміз» деген сөзден әрі аспайды. Айтатындары – «айлық аз, бізге ешкім жұмысқа келмейді» деген сөз. Тіптен «газетке не үшін жазыласың?» дегенді де шығарды. Сонда сол қызметкер айлықты не үшін алатынын білмегені ме?.. Бара берген соң, жақында пошта қызметкері 2,5 айлық газеттерімізді алып келді. Газет-журнал жылына бір рет алатын отын-су емес қой. Айта берсең поштаның кемшіліктері жетерлік», дейді ол.
Шынында да, тұрғынның базынасы орынды. Егер шынымен жазылған басылымдарын уақытында ала алмай отырса, кім де болсын шағымданады. Мәселенің анық-қанығын білмекке әуелі Шу аудандық пошта торабының басшысы Анархан Срайыловаға хабарластық. Ол «Қосқұдық» ауданындағы пошта бөлімшесі таңертеңгі сағат 10:00-ден 15:00-ге дейін ғана жұмыс істейтінін, 4 хат тасушының бар екенін айтты. «Жалпы, аудан бойынша 20 бөлімше бар. Шу қаласында 4 бөлімше жұмыс істейді. Бірақ бізге бейсенбі күні шығатын газет-журналдар сенбі күні бір-ақ келеді. Біздің қызметкерлер оны жазылған кісілердің үйлеріне жеткізіп береді», дейді Анархан Срайылова. Яғни, бейсенбі күні шыққан кез келген газет Тараз қаласынан Шу қаласына екі күннен кейін ғана жетеді. Оқырманның шағымы осы жерден басталады. Газет-журналдың кешігуі, тұрғындардың қолына дер кезінде тимеуі мәселесінің бірінші себебі.
Бірақ тиісті басшылардың сөзінше, мұның бірнеше себебі бар болып шықты. Әйтпесе, пошта қызметкерлері кез келген басылымды уақытында әрбір үйге таратуға мүдделі екенін жеткізді. «Қазпошта» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалы пошта, логистика және өндіріс бөлімінің басшысы Гүлмағиза Кервеневаның айтуынша, облыстың Мойынқұм, Шу, Қордай сияқты шалғай аудандарындағы ауылдарға республикалық «Egemen Qazaqstan» газетін күнбе-күн жеткізу, тарату мүмкіншілігі жоқ екен. Бөлім басшысы оның себебін аталған басылымның облысқа тарайтын таралымы Шымкент қаласында басылатынымен түсіндірді. Бұл республикалық «Казахстанская правда» газетіне де қатысты. Тіпті шалғай аудандарды айтпағанның өзінде, облыс орталығынан аса қашық емес Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында да мұндай мәселе бар екен. Нақты айтқанда, газеттер бұл жаққа да уақытында бармайды. Қос аудан тоғыз жолдың торабында тұрса да жайы осындай. «Аталған газеттер аудандарға маршруттар шыққанға дейін, яғни түнгі сағат 2:00-ге дейін келіп жеткен аралықта шалғай ауылдарға таратылады. Ал Тараз қаласы бойынша және Жамбыл, Талас, Сарысу, Байзақ, Жуалы аудандарына қарасты ауылдарға газеттер келіп жеткен күні таратылады. Облыстық газеттер Тараз қаласының өзінде басылатындықтан, оларға қатысты мұндай мәселе жоқ», дейді ол. Сондай-ақ, бөлім басшысының айтуынша, кейбір редакциялардың өзі газеттерді баспаханаға кешіктіріп жібереді екен. Содан да газет оқырман қолына кеш тиеді. Ал «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалы қызметтерді үйлестіру бөлімінің басшысы Жанат Әшірімбет бүгінде облыс бойынша 106 мың 248 дана газет-журнал таратылатынын жеткізді.
«Жамбыл облысы бойынша 238 құрылымдық бөлімше бар. Соның ішінде Тараз қаласы бойынша 36, ал аудандар бойынша 202 бөлімше халыққа қолайлы қызмет көрсетеді. 2018 жылдан бастап «Қазпошта» акционерлік қоғамы серіктестік желіні дамытуды белсенді түрде бастады. Қазіргі уақытта облыста 43 серіктес бөлімше ашылды. Олардың көпшілігі аудандарда орналасқан. «Қазпошта» қызметін ұсына отырып, кәсіпкерлер өздерінің бар кәсібіне қосымша табыс алуға мүмкіндік алады. Біздің серіктестік желіміз белсенді түрде өсіп келеді және ай сайын «Қазпошта» брендімен бірлесіп жұмыс жасағысы келетін шағын-орта бизнес өкілдерінің саны артып келеді», дейді «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Дидар Абдухалиұлы. Тұрғындардың сауалына пошта басшыларының жауабы осындай. Олар қай кезде де оқырмандарға жазылған газет-журналдарын уақытында таратуға күш салып келе жатқанын айтады. Тек әлгіндей мәселелер ғана аудан, ауылдардағы тұрғындарға басылымдардың уақытында жетуіне кедергі келтіреді екен.
Жамбыл облысы