Атырау облысының ғана емес, ел экономикасын өркендетудегі жетекші саланың бірі – мұнай-газ өнеркәсібі. Алайда мұнайды өңдеп, жанармай түрлері шығарылғанмен, әлі бұл сала еңсе тіктей алмай отыр. Нақтылай айтқанда, мұнай-химия өнеркәсібіне қажетті өнімдерге қол жеткен жоқ.
Кестеден кешіккен кешен
Осы орайда Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында «Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік циклдарын құру үшін инвестиция тартатын орталыққа айналуға тиіс. Бізде осы күнге дейін мұнай химиясы мен газды қайта өңдеу жүйесінің жоқтығы – ақылға қонбайтын қисынсыз нәрсе» деп, енді өнімді өңдірушіден өңдеуші елге айналудың кезеңі жеткенін нақтылап берді.
Шындығында, елімізде мұнай-химия өндірісін өркендетуге толық мүмкіндік бар. Өйткені осы салаға шикізат көзі – этанды өзге елден тасымалдаудың қажеті жоқ. Мұнай-газ өнеркәсібіндегі білікті мамандардың пікіріне сүйенсек, біздің елімізде өндірілетін газ құрамында химия өнеркәсібіне басты шикізат бола алатын этан қоспаларының үлесі шамамен 13-16 пайыз аралығында кездеседі. Қазақстанның кен орындарындағы ілеспе газ құрамынан этан, этилен, полиэтилен өнімдерін алудың экономикалық, сонымен бірге технологиялық тиімділігі жөнінде оқтын-оқтын айтылып қалады. Мәселен, жаңа дәуірдің жетілдірілген озық технологиясымен бір тонна этилен алуға 1,25-1,3 тонна көлемінде этан жұмсалатынын мамандар жоққа шығармайды. Бұдан өзге газ құрамындағы қоспалардан кем дегенде 20-ға жуық өнім өндіруге мүмкіндік бар. Демек еліміздегі дамуы кенжелеп қалған химия өнеркәсібін өркендетуге шикізаттық негіз бар деуге болады. Алайда біздің елімізде бұған дейін газ құрамындағы қоспалардан химия өнеркәсібі үшін түрлі өнім шығаратын озық технологиямен жабдықталған кешен болған емес.
Міне, сол себептен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның шикізаттық елден өңдеуші елге айналуы қажет екенін ұдайы айтып келеді. Тіпті Елбасының екі Жолдауында осы жобаға маңыз берілді. Соның бірінде Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенін құру туралы: «Құны 6,3 млрд доллар тұратын Атырау газ-химия кешенінің жобалық қуатына шығуын қамтамасыз ету қажет, ол жыл сайын 500 мың тонна пропилен мен 800 мың тонна полиэтилен шығаруды қамтамасыз етеді. Мұндай өнімді біз Қазақстанда әлі шығарған емеспіз» деген еді.
Бірақ Қазақстанды айтпағанда, ТМД кеңістігіндегі елдердің бірде-бірінде теңдесі болмайтын алып нысан құрылысын жүргізу мерзімі бастапқы мерзімінен бірнеше жылға кейінге шегерілді. Мұның себебін сол кездегі Мұнай және газ министрінің орынбасары Әсет Мағауов инвестиция тартумен байланыстырып еді. Себебі мұндай ірі жобаға салынатын инвестицияның көлемі өте ауқымды еді. Сондықтан бұл жобаны шетелдік инвесторлардың қатысуынсыз жүргізудің мүмкін емесі жоққа шығарылмады. Неге?
Біріншіден, мұны Қазақстанда да, ТМД елдерінде де іске аспағанымен байланыстыруға болады. Демек елімізде газ-химия кешенін тұрғызу алғаш рет қолға алынып отыр. Алайда әлем елдерінің экономикасына өз зардабын тигізген қаржы дағдырысы аталған жобаны іске асыруға кедергі келтірді. Тіпті кестеден әлденеше рет кешеуілдетті.
Екіншіден, Каспий теңізінің қазақстандық секторынан мұнай алу мерзімінің кешіктірілгені де әсер еткен секілді. Дегенмен Қазақстандағы мұнай-газ секторын, сонымен бірге химия өнеркәсібін биік белеске көтереді делінген жобаға инвестор тарту мәселесі тоқтаусыз жүргізілді. Жобаға бастапқыда инвестиция құюға арабтар да, қытайлар мен корейлер ұмтылыс танытты.
Ал газ-химия кешені жобасының операторы – «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» (KPI) ЖШС жұмысын 2008 жылы бастады. Бұл компанияның стратегиялық мақсаты – 2021 жылға қарай полипропилен, газ өңдеу мен мұнай химиясының басқа да өнімдерін тиімді және жоғары рентабельді отандық өндіруші болу. Ал газ-химия кешенінің жобасы ел Үкіметінің 2004 жылғы 29 қаңтардағы №101 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың 2008-2013 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде кейіннен ішкі және экспорттық нарықтарда өткізу үшін қосылған құны жоғары мұнай-химия өнімдерін өндіру кешені үшін бастапқы шикізат ретінде Теңіз кен орнынан газдың ауқымды көлемін пайдалану мақсатында әзірленді. Сол себептен бұл жоба «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасына, сондай-ақ Үкімет қаулысымен бекітілген стратегиялық инвестициялық жобалар тізбесіне енгізілді.
Үкімет тарапынан осындай бірнеше шешім қабылданған соң интеграцияланған газ-химия кешенінің бірінші кезеңін 2015 жылы, екіншісін бір жылдан кейін іске қосу жоспарланып еді. Алайда жобаның алғашқы кезеңі әлі күнге іске қосылған жоқ. Себебі кешеннің бірінші кезеңінде жүзеге асатын полипропилен өндірісінің құрылысы 2017 жылдың желтоқсанында ғана басталды. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Елді жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» жалпыұлттық телекөпір кезінде жарияланды. Жылына 500 мың тонна полипропилен өндіру жоспарланған бірінші кезеңінің құны 2,6 млрд АҚШ долларды құрап отыр. Оның құрылысын 2021 жылы аяқтау көзделіпті. Ал жаңа технологияларды іске қосу-реттеу 2022 жылдың бірінші тоқсанында атқарылып, жобалық қуатына 2023 жылы шығады.
«КРІ» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Денис Козыревтың айтуынша, мұндай кешенге ең озық технологиялық қондырғылар орнатылады. Әлемде полимер өндірісіне лицензия беруде бай тәжірибесі жинаған америкалық «Lummus Technology Inc.» компаниясымен келісімшартқа қол қойылған. Қазір мұнда орнатылып жатқан «CATOFIN» технологиясына негізделген пропанды дегидрациялау қондырғысымен (PDH) жылына 503 мың тонна пропилен шығаруға болады. Ал «Novolen» технологиясының полимерлеу қондырғысымен (PP) жылына 500 мың тонна полипропилен алынады.
Ең ірі кешеннің құрылысын жүргізетін мердігерлікке қытайлық CNCEC (China National Chemical Engineering Co.) компаниясы таңдалыпты. Ал серіктестіктің өзінде 205 маман жұмыс істейді. Ал кешен құрылысына 477 адам тартылған. Оның ішінде жергілікті 181 қызметкер бар. Ал шетелден келгендер – 296 адам. Айтқандай, елімізде қауіпті індет тіркелгенге дейін мұндағы құрылыста 2 173 адам (1 700-і – жергілікті, 473-і – шетелдік маман) жұмыс істеген екен.
Кешеннің алаңы Атырау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 33 км, Қарабатан бекетінен солтүстікке қарай 8-9 км жерде орналасқан. Учаске қолданыстағы темір жолға (9,2 км), автомобиль жолына (6,3 км), су құбырына, электр желісіне және тасымалдауға арналған құбырларға жақын орналасқан. Алаңдарды таңдау және учаскелерді жоспарлау кезінде жалпы кеңінен танылған халықаралық стандарттар мен оң инженерлік-техникалық тәжірибеге сәйкес барлық қауіпсіз қашықтық ескерілді.
Тек бір өңірдің ғана емес, ел экономикасына серпін беретіні күтілген алғашқы жобаға басшылық жасайтын «KPI» ЖШС басшыларының айтуынша, полиолефин құрамына полиэтилен, полипропилен, полиизобутилен, этиленпропиленді каучук секілді өнімдер жатады. Мұның ішінде химия өнеркәсібі үшін полиэтилен және полипропилен өнімдері кеңінен қолданылады. Сол себептен, Атырау облысындағы газ-химия кешеніндегі технологияларда аталған екі өнімді молынан шығару көзделіп отыр. Дәл осы екі өнім өнеркәсіптік және халық шаруашылығы мақсатындағы өнімдерді кең ауқымда шығаруға шикізат көзі бола алады деп түсіндіреді мамандар. Міне, осындай себептер бұл жобаға шетел инвесторларының қызығушылығын тудырды.
Аустриялық инвестордың аңсары
Кешеннің екінші кезеңіндегі полиэтилен шығару жобасына қанша қаржы салынатыны әзірге белгісіз. Бұрын оған 4,3 млрд доллар жұмсалатыны айтылған еді. Бірақ газ-химия кешенінің екінші кезеңінің құрылысын бастау мәселесі тіптен қозғалып отырған жоқ. Тіпті аустриялық «Borealis» компаниясы дәл осы жобаға инвестор ретінде қатысудан бас тартты. Бұл туралы биылғы мамырда белгілі болды. Әрине, компания басшылығы мұны коронавирус инфекциясымен байланыстыра жақауратқанмен, шын мәнінде мәселе басқада болып шықты. Басқаша айтқанда, аустриялық инвестордың аңсары тым асқақ екені белгілі болып қалды.
Энергетика министрінің орынбасары Мұрат Жөребековтің пікірінше, «Borealis» компаниясымен екі жылға жуық келіссөздер жүргізілген. Жобаны іске асыру үшін зауытты этан шикізатымен қамтуда инвесторға қолайлы баға ұсыну, сондай-ақ Үкіметтің қолдауы туралы келісім жасау қажет болды. Бұл құжат инвестициялық келісімнің бір түріне жатады. Онда негізінен инвестицияларды қорғау шарттары мен инвестор үшін әртүрлі преференция көрсетіледі. Бастапқыда «Borealis» компаниясы жобаның экономикалық тиімділігінің белгілі бір деңгейін кепілдендіру бойынша талаптар қойған.
Ал мұндай талаптарды орындау үшін мәміле конфигурациясы талқыланыпты. Егер жобаның құны бекітілгеннен жоғары болса, онда барлық артық шығынды қазақстандық әріптес ретінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ төлеу міндетін алуы тиіс екен. Бұған қоса шығарылған өнімнің әлемдік нарықтағы бағасы төмендеп, жоба тиімділігінің нақты деңгейі белгілі бір мәннен төмен болса, онда тағы да «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ дивидендтерді ассиметриялық бөлу жолымен, өз есебінен «Borealis» компаниясы тиімділігінің талап етілетін деңгейін қамтамасыз етуге тиіс болады.
Аустриялық инвестор өз мүддесі үшін осындай теңдессіз артықшылықты талап етуінің астарында не бар? Мәселен, Қазақстанның Үкіметі барлық даулардың халықаралық инвестициялық сотта қаралуына келісуі керек екен. Әрине, бұл сот инвесторлардың мүддесін ғана қорғайтыны даусыз. Сонымен қатар «Borealis» компаниясының басшылары инвесторлықты сылтау етіп, мемлекет тарапынан өздеріне келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін де шексіз артықшылықтар берілгенін қалайды. Бірақ қазақстандық тарап таразының басын өзіне бұрып, орасан зор артықшылықты иеленгісі келген аустриялық компанияның шарттарын қабылдаған жоқ. Дегенмен қазақстандық тарап ортақ мәмілеге келу үшін бірнеше нұсқаны ұсынды. Ал «Borealis» компаниясының шарттары мақұлданса, онда ел экономикасына орасан зор салмақ салар еді. Тіпті мұның экономикалық, құқықтық тәуекелі де тым жоғары болатын.
Рас, бір инвестор жобадан бас тартса, оның орнын өзгесі басады. Бір-бірімен бәсекелес инвесторлар осындай ұрымтал тұсты күтіп отырады. Осы тұрғыдан айтқанда, бір компанияның бас тартуынан еліміз ұтыла қоймасы анық. Себебі тоғызыншы территорияға инвестиция салуға ынталы компаниялар көп. Бұған Қазақстанның әлемдік нарыққа энергия ресурстарын ірі жеткізушінің бірі екені түрткі болатыны даусыз. Оның үстіне еліміздің қойнауында табиғи байлықтың түр-түрі бар. Мәселен, Қазақстан мұнай қоры жөнінен әлемде 12-орынды иеленіп отыр. Ал газ қоры бойынша 22-орында, уран молдығымен үштіктің бел ортасында тұр. Әлемде уран өндіруден бірде-бір ел біздің алдымызды орай алмайды. Көмір қоры да мол. Бұл байлықпен 8-орынды иеленеді.
Демек осындай табиғи байлықтың молдығы еліміздің инвестициялық әлеуетін еселей түседі. Ал мұндай әлеует ел экономикасына серпін беріп, серпінділік стратегиясына айналар жобаға тағы бір инвестордың кызығушылығын оятары даусыз.
Атырау облысы