Кешегі алмағайып заманда шалғайдағы ауыл халқы үдере көшпесе де, көбі қала жаққа ойысқан. Енді міне, шекара шебіндегі Күршім, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай және Үржар аудандарының 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітіліп, бірқатар жұмыс қолға алынды. Жоспарға сай басталған жұмыстардың алғашқы нәтижелері туралы бізге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов айтып берді.
– Даниал Кенжетайұлы, шекарадағы бес ауданды қамтыған бағдарлама 2020-2024 жылдар аралығындағы бесжылдық кезеңге есептелген екен. Осы жылдарға қандай мақсаттар қойылды?
– Қай-қайсымыздың да түп-тамырымыз – ауылда. Дегенмен бір кездері тіршілік қамымен көпшілік ел ауылдарын тастап, қалаға қоныс аударғанын білеміз. Кейбір ауылдардың бос қалғаны да шындық. Біз өз тарапымыздан орталық және шет аумақтар арасындағы жағдайды теңестіру үшін даму мәселелерін терең зерделеп, Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Зайсан және Үржар аудандары халқының өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде ұсыныстар әзірледік. Облыс тұрғындары үшін шекара маңындағы аумақтарды дамытудың әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Оның үстіне облыстар ішінде өзге мемлекеттермен шектесіп жатқан ең ұзақ шекара – Шығыс Қазақстан аумағында. Өскеменнен алыс, Қытаймен шекаралас жатқан бес ауданның да даму қарқыны баяу. Бүгінгі таңда аталған шекаралас аудандарда 194 мың адам тұрады. Соңғы жылдары көші-қонға байланысты тұрғындар саны 17 мыңға азайған. Жалпы, халықтың ауылдық жерден кетуі облыстың барлық өңіріне тән. Бірақ қазір көшу саябырсып, тұрақталып қалды.
Шекара маңындағы ауылдарды дамыту жұмыстарын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше бақылауына алып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз жұмыс топтарын құрдық. Құрамына орталық органдар мен түрлі ведомстволардың өкілдері кірді. Кешенді даму жоспарын әзірлеу кезінде өңірлердегі мәселелерді, болашағын, әлеуетті және жасырын резервтерді зерттеу бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Халықпен кездесулер өтті, олардың ой-пікірлері тыңдалды. Жалпы аудандар мен облыс орталығының арасындағы жолдар жөнделіп, инфрақұрылымның қалыптасып келе жатқанын көріп отырсыздар. Ішінара ауылдар болмаса, көбіне интернет желісі де жетті. Құрылған әлеуметтік-экономикалық жоспарымыз жүзеге асса, ауыл халқының әл-ауқаты, әлбетте, артады. Қаладағыдай ыстық су, суық суы үйіне енгізілсе, жолы сайрап жатса, білім мен медицина сапасы артса, туған жерінен ешкім табан аудара қояды деп ойламаймын. Қойылған міндеттерді шешу үшін біз қолдағы барлық бюджеттік, бюджеттен тыс ресурстарды, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың құралдарын жұмылдырдық. Бес жыл ішінде кешенді жоспарларды іске асыруға барлығы 209 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Жұмыспен қамту жол картасы жобалары есебінен бұл сома 9 млрд-қа артып, 218 млрд теңгені құрады. Оның 70%-ы – бюджет қаражаты есебінен. Осы орайда салынған әрбір 7 теңге жеке инвестицияларға тиесілі екенін атап өту қажет.
Ағымдағы жылы 44,1 млрд теңге (бастапқы жоспар бойынша 37,6 млрд) бағытталды, оның ішінде бюджеттік қаржыландыру есебінен – 34,2 млрд теңге. Осылайша бес ауданның жылдық бюджеті кешенді жоспарлар қабылданғаннан кейін 1,5 есеге өсіп, 75 млрд теңгені құрады. Биылдан бастап 2024 жылға дейінгі жоспарларды іске асыру барысында 21 мыңнан астам, оның ішінде 8,6 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. Айта кету керек, карантиндік шектеулердің қиын кезеңінде басталған 2020 жылғы инфрақұрылымдық жобалар 5,5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыды. Олардың жартысы Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында екенін де ескерте кеткен жөн. 170 адам сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарына тегін қысқа мерзімді курстарда оқыды. «Еңбек» бағдарламасы аясында 1648 адам қоғамдық жұмыстармен қамтылды. Шекара маңындағы ауылдарда жұмыс істейміз деген жастарға мүмкіндік мол.
– Алға қойған мақсат түсінікті болды. Енді шекарадағы аудандарды дамытудың ең негізгі бағыттарына тоқталып өтіңізші.
– Шығыс өңірінде табиғат әртүрлі. Тау-тасы, орман-тоғайы, өзен-көлі бар жұмақ мекен. Қай ауданды алып қарасақ та, туризм саласын дамытуға өте қолайлы. Біріншіден, шекаралас аудандарда облыстағы төрт қорық аймағының үшеуі орналасқан. Атап айтсақ, Тарбағатай, Катонқарағай ұлттық парктері және Марқакөл қорығы. Олардың аумағынан 20 туристік соқпақ пен маршрут өтеді. Үржар ауданы емдік суы, батпағы бар Алакөлімен, Күршім ауданы қорық аумағындағы Марқакөлімен, Зайсан ауданы балығымен, Катонқарағай ауданы Берел қорғаны, Рахман көлімен танымал. Ал Тарбағатай ауданы Ырғызбай баба кесенесімен, Шимайлы петроглифтерімен белгілі.
Екіншіден, аумақтардың әрқайсысында әлі игеріле қоймаған қазба байлықтары бар. Облыс экономикасының кешенді саласы тау-кен өндірумен тығыз байланысты түсті металлургия болып табылатындықтан, жақын арада біздің назарымыз пайдалы қазбалардың кен орындарына барлау жүргізуге бағытталмақ. Бірінші кезекте бұл – Шығыс Қазақстанның жалпы ауданының 30%-ға жуығын құрайтын Зайсан көлін, Зайсан ойпатын қоршайтын аумақ. Ал жерасты қазба байлығы Зайсан, Күршім және Тарбағатай аудандарынан өтеді. Кен орындары мыс, алтын және кең таралған пайдалы қазбаларға бай болғандықтан, облыста оларды өндіру және қайта өңдеу үшін ірі орталық құрудың мол мүмкіндігі бар. Бұл – енді уақыт еншісіндегі жоспар.
Шикізат базасын одан әрі кеңейту жұмыс істеп тұрған өндірістерді қазіргі заманға сай ұйымдастыру, жұмыс орындарының санын ұлғайту көзделген. Инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалмақ.
Үшіншіден, бұл аумақтарда мал мен өсімдік шаруашылығы дамыған. Демек ауыл шаруашылығы өндірісі жергілікті халықты ғана азық-түлікпен қамтып қоймайды, экспортқа бағытталған өнім өндіру жобаларын да іске асыруға ықпал етеді. Бес ауданда 170 ірі және орта мал шаруашылығы, 24 өсімдік шаруашылығы тұрақты жұмыс істейді. Олардың негізінде ірі кешендер құру және одан әрі кластерлік даму үшін ұсақ шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарды тарта отырып, кооперация жасауға болады.
Жалпы кешенді жоспарлардың негізгі стратегиялық міндеттері – кәсіпкерлікті, туризмді, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сондай-ақ тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымды, сапалы білім беру және медицинаны, мәдениет және спортты, қызмет көрсету саласын дамыту.
Тұрғындардың тұрмысын туристер арттырады
– «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының аясында атқарылып жатқан жұмыстар өңірді дамытуға қалай ықпал етіп жатыр?
– Елбасының «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының міндеттері аясында шекара маңындағы аудандар аумағында тарихи-мәдени мұраны зерттеу және сақтау жөніндегі жарқын жобалар іске асырылуда. Жоғарыда атап өткендей, өңірде өткеннің бірегей тарихи ескерткіштері бар. Жыл сайын облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлінетін археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының облыстық бағдарламасы арқылы елеулі жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Солардың ішіндегі ең көрнектілері – Катонқарағай ауданындағы Берел қорғаны және Тарбағатай ауданындағы Елеке Сазы қорымы. Онда тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтардың жетекшіліктерімен сақ және көне түркі заманының жәдігерлері табылды. Шілікті, Елеке Сазы және Үржар ханшайымының реконструкцияланған «Алтын адамы» мыңдаған артефактілер «Ұлы Дала алтыны» атты арнайы экспозицияға біріктірілді. Өткен жылы ол Мәскеудегі мемлекеттік орталық мұражайында көрсетілді. Бүгінде Ұлыбританияның Кембридж университетінің «Fitzwilliam» мұражайында көрмені экспонаттау бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мұның бәрі бабаларымыздың әлемдік өркениеттің қалыптасуына үлкен үлес қосқанын көрсетеді.
– Соңғы жылдары өңірге туристерді тарту үшін көптеген жұмыс атқарылды. Ал бес аудан үшін қандай шаралар қарастырылған?
– Айта кетейін, туризм қоғамдағы барлық салаларға, бизнес нысандарының дамуына ықпал етеді. Әртүрлі қызмет ұсынатын жаңа кәсіпорындар қай уақытта да ашыла береді. Бұл жаңа жұмыс орындарын құрып, халықтың табыс деңгейін көтеруге әсер етеді.
Туризммен айналысамын деген кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау көрсетіледі. Жасалған жобасына сәйкес субсидия, кепілдік қарыз беріледі, инженерлік инфрақұрылым жүргізуге де мүмкіндік жасалады. Мысалы, Зайсан ауданындағы аңшылық және сауықтыру туризмін ұйымдастырумен айналысатын шаруашылыққа электр желісі тартылды.
Коронавирус індеті кезіндегі шекаралардың жабылуы ішкі туризмді дамытуға қолайлы болды. Биыл демалыс базаларының, қонақүйлердің иелері санитарлық шараларды сақтай отырып, туристерді қабылдап, жұмыс істеді.
Осы тұста Алакөлдің шығыс жағалауының дамуына жеке тоқталып өтейін. Бес жыл ішінде жағалауы жайлы курорттық аймаққа айналып, арбат салынды, туристік-ақпараттық орталық ашылды, мәдениет үйі мен мұражай қайта құрылды, 120 шақырым жол жөнделді. Жыл сайын жағалауға 13-15 жаңа демалыс үйлері тұрғызылып, ойын-сауық, тамақтану нысандары ашылып жатыр. Алдағы уақытта жыл бойы турист тарту жоспарланып отыр. Есептеп қарасақ, инфрақұрылымға шамамен 10 млрд теңге салынды. Алдағы төрт жылға екі есе көп бағыттау жоспарланған.
Келесі жылы көл жағалауында ашық аспан астындағы «AlazoneArena» сахнасы пайда болады. Онда 4 мыңға жуық орын бар, шамамен Юрмаладағыдай. Сондай-ақ жағалауда жаңа құрылыс аймағы анықталып, 60 гектар жерге инженерлік инфрақұрылым тартылады. Ол жерде заман талабына сай жайлы қонақүйлер салу жоспарланған. Бұл жер учаскелері инвесторларға жалға беріліп, кейіннен үздік жоба байқауы арқылы жеке меншікке берілуі мүмкін.
Саяхатшыларды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін жағалауға құны 1 млрд теңгелік жабдықтау желілері жүргізіледі. 2,4 млрд теңгеге жоғары вольтты желі құрылысы арқылы электр қуатының тапшылық мәселесі шешілді.
Бүгінде логистика толық қамтамасыз етіліп, әуе және темір жол бағыттары субсидияланып жатыр. Үржар ауылындағы әуежайды қайта жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта әуежай АН-24 және Як-40 әуе кемелерін қабылдап, 322 рейспен 25 мыңға жуық жолаушыны тасымалдаса, жоба аяқталғаннан кейін әуежай Fokker 50, Bombardier CRJ-200, Embraer EMB 120ER сынды әуе кемелерін қабылдай алады. Сөйтіп, рейстер саны 405-ке, ал жолаушылар ағыны 30 мыңға дейін артпақ.
Орта есеппен туристік аймаққа қазірдің өзінде жылына 600 мың демалушы келеді. Оларға шамамен 12 млрд теңгенің қызметі көрсетіледі. Оның ішінде жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 4 млрд теңгенің өнімін, яғни 2 мың тонна нан өнімдерін, жарма және макарон өнімдерін, 4 мың тонна картоп пен көкөніс, 1,5 мың тонна ет және ет өнімдерін, 5 мың тонна сүт және сүт өнімдерін, 200 тонна өсімдік майын сатып отыр. Алакөлге бір маусымда кемі бір млн демалушы келсе, үлкен жетістік болар еді.
Туризмге тоқталғанда, автомобиль жолдарының сапасы туралы айтпай кету мүмкін емес. Себебі көлік жолдарының сапасы, кез келген жобаның жүзеге асуына тікелей әсер етеді. Соңғы бес жыл ішінде біз шекара маңындағы аудандарда автомобиль жолдарын жөндеуге, салуға 2,4 млрд теңге жұмсадық. Ал кешенді жоспарларды іске асыру басталғаннан бері бұл сома 3 есеге артып, 6,7 млрд теңгеге жетті. 2020 жылы 268 шақырым жол жөнделді. Оның ішінде 12 елді мекенге кіреберіс жолдар және «Үлкен Нарын – Күршім» жол учаскесі бар. Сондай-ақ 13 ауылда 130 шақырым көше жөнделді.
Қуатты зауыт – бақуатты халық
– Халық енді-енді туризмге назар аударып, сол салаға бет бұрды. Бұл өңірдің экономикасына серпін берері анық. Десе де, ауыл тұрғындарының негізгі шаруашылығы – мал өсіру, егін егу. Ауыл шаруашылығында қандай оң өзгерістер бар?
– Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі бағыты сүт және ет екені белгілі. Соңғы 5 жылда салынған инвестицияның көмегімен халықтан сүт сатып алуды ақшалай есептесек, 17 есеге, өнім ретінде 13 есеге ұлғайттық. Өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылық жүктемесі 29%-дан 75%-ға дейін ұлғайды. Биыл кәсіпорындардың жүктемесін 87%-ға дейін қамтамасыз етіп, сүт бағытын дамытуымыз керек. Осы жылы Күршім ауданының фермалары 45 млн теңгеге 454 тонна сүт өндірсе, халық 85 млн теңгеге 854 тонна сүт өндірді, яғни екі есе артық. Ал Зайсан ауданында халық сүт қабылдау пункттері арқылы 85 млн теңгеге 850 тонна сүт сатты. Біз қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, сүт кооперативтерін одан әрі дамытамыз. Бұл – халық үшін тұрақты табыс көзі. Сөйтіп олар өз ісін кеңейту үшін жұмыс істей бастауы мүмкін. Халықтан сүт жинау жобасы өзінің тиімділігін растап, сүтті мал шаруашылығымен айналысудың пайдалы екенін дәлелдеді. Соңғы 5 жылда облыс тұрғындарынан сүт сатып алу 240 млн теңгеден 4 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
«Еңбек» бағдарламасы арқылы етті мал шаруашылығын дамыту қолға алынып, шекара маңындағы бес ауданда 452 жоба іске асырылды. Бір ғана Тарбағатай ауданында мал шаруашылығын жүргізуші шаруашылықтар 632 млн теңгеге 12 мың бас асыл тұқымды ұсақ мал сатып алды. Зайсан ауданында тұқымды түрлендіру үшін 10 мың бас ұсақ мал бар.
Ал ірі жобаларды іске асыру үшін «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» салалық бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Мәселен, Үржар ауданындағы «Алғабас» шаруашылығында жеңілдетілген шарттар бойынша бордақылау мақсатында 450 млн теңгеге мал сатып алынды.
Өсімдік шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес, экспорттық әлеуетті арттыруға және саланың тиімділігін арттыруға ықпал ететін дақылдардың алаңдарын ұлғайта отырып, егістікті әртараптандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы Президент Жолдауында табысты 1,5-2 есеге арттыруға мүмкіндік беретін тиімділігі жоғары өсімдікке көшу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруды тапсырған болатын.
Шығыс Қазақстанда өндірісті кеңейту және экспорт көлемін ұлғайту үшін ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Мысалы, әлемде бұршақ және майлы дақылдарға сұраныс жоғары. Сыртқы нарықтағы ең ірі тұтынушы – Қытай. Бұл мемлекет жыл сайын миллиондаған тонна майлы дақылдарды импорттауға дайын.
Бүгінде елімізде өсірілетін күнбағыстың 66%-ы біздің облыста өседі. Бұл дақылдың үлесі облыстағы жалпы егістіктің 23%-ын құрайды. Оны 40%-ға дейін ұлғайту өз қолымызда. Сондай-ақ өсімдік майларының әр түрін өндіру бойынша көшбасшы болуға да мүмкіндігіміз бар. Сол үшін де майлы дақылдарды қайта өңдеу үшін төрт ірі жобаны іске асыру басталды. Оларды іске қосып, қайта өңдеу көлемін жылына 700 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сонда шикізатқа деген қажеттілік туындап, егіс алқаптары кеңейеді. Қазірдің өзінде Зайсан ауданында 1 мың гектар күнбағыс, 400 гектар соя, 150 гектар жүгері өсіріледі. Катонқарағай ауданында «Жас Қанат» шаруашылығы 180 гектар алқапта жергілікті «Бірлік» соя сортын аудандастыруда. Егер тәжірибе жұмыстары сәтті аяқталса, бұл сорт аудан шаруашылықтарына таратылады. Жер жөнінде қорыта айтсам, шекара маңындағы аудандарда егіс үшін барлығы 300 мың гектардан аса жер пайдаланылып жатыр.
Жайлы баспана – басты назарда
– Халықтың басты мәселесі баспана екенін өзіңіз де айтып отырсыз. Шекарадағы кейбір аудандарда қаздай тізілген жаңа үйлердің бой көтергенін байқап қалдық.
– Бұл мәселелер – менің жеке бақылауымда. Елбасы «Ауылдарды дамытып, ауыл халқының әл-ауқатын арттырмай аграрлық секторды өсіру мүмкін емес» деп бірнеше рет айтқан. Ал өмір сапасын арттыру үшін алдымен баспана керек. Бүгінде облыстың шекаралас аудандарында тұрғын үй алу кезегінде 3 мың адам тіркелген. Аталған мәселені шешу үшін әрбір аудан бойынша құрылыс көлемі мен қаржыландыру көздері анықталды. Бюджет есебінен Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылында 7 екі пәтерлі үйдің құрылысы аяқталып, 30 пәтерлі үй салынып жатыр. Күршім ауданы Күршім ауылында 10 пәтерлі үйдің құрылысы мен абаттандырылуы аяқталып қалды. Оған қоса Марқакөл ауылында 24 және 36 пәтерлі үйлерге құжаттама әзірленді. Үржар ауылында 30 пәтерлі үй пайдалануға беріліп, 60 пәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Осы орайда айта кетейін, көп балалы отбасылар да ескерусіз қалмайды. Шекарадағы бес ауданда жеке құрылыс компаниялардың қаражаты есебінен көп балалы отбасыларға 15 мың шаршы метрге 71 екі пәтерлі және 6 бір пәтерлі үй салынуда. Құрылыс аяқталғаннан кейін бұл үйлерді шаршы метріне 140 мың теңге төлеп, сатып алғуа болады. Қалалық жерде осындай сападағы тұрғын үй құрылысының құны 240 мың теңгеге жетеді.
Жалпы, біз тұрғын үй құрылысының көлемін екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, яғни шекаралас аудандарда келесі жылы кемінде 150 екі пәтерлі үй салынады. Сөйтіп, бес жыл ішінде үш мыңға жуық кезекте тұрған азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
– Шалғайдағы халықтың көкейінде жүрген тағы бір мәселе – ауызсу. Жалпы коммуналдық шаруашылықта қандай жұмыстар қолға алынды?
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына келер болсақ, шекаралас аудандарда құрылыс-жөндеу қарқыны бәсеңдеген емес. Үржар ауданында шекара маңындағы – Бақты, Қабанбай, Көктал ауылдарында сумен жабдықтау құрылысы жүріп жатыр. Зайсан ауданының Айнабұлақ, Бақасу, Жарсу, Тасбастау ауылдарының желілері жаңартылуда. Күршім ауданы, Марқакөл ауылында жұмыстар аяқталды. Алты елді мекенде блокты-модульді су тазарту стансалары орнатылды, оның ішінде Марқакөл мемлекеттік қорығы орналасқан Ұранхай ауылына да орнатылды. Осындай стансалар Үржар, Тарбағатай және Зайсан аудандарының 12 ауылында орнатылды. Зайсан қаласы мен 9 ауылды газдандыру аяқталды. Ауданның тағы 8 елді мекенінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысы әлі жалғасып жатыр. Барлық ауданда көшелер мен скверлер абаттандырылып, көгалдандырылды, көше жарығы орнатылды.
Осылайша, ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының шекара маңындағы өңірлерді дамытуға, ішкі ресурстар мен Мемлекеттік бағдарламалар тетіктерін жұмылдыруға назар аударуының арқасында біз бес ауданда халықтың проблемаларын шешу мен бизнестің орнықты дамуына жағдай жасау бойынша үлкен жұмысты бастадық. Жылды жақсы нәтижелермен аяқтайтынымызға қуаныштымыз. Жалпы дамудың кешенді жоспарлары ауылдық жерде сапалы өмір сүруге жағдай жасайды деп айта аламын.
– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет. Шырайлы Шығысымыз өсіп-өркендеп, дами берсін!
Әңгімелескен, Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
Egemen Qazaqstan