Арқаның төсіне керуенін тоқтатып, келешегін кеңінен ойлаған еліміздің ертеңі үшін елордамыздың ерекше рөл атқаратыны бесенеден белгілі. Мамыражай еліміздің маңызды ордасына айналған қасиетті қара шаңырағымыз қала тұрғындарына қаншалықты қадірлі болса, оның өсіп-өркендеуі, құлпырып дамуы соншалықты маңызға ие. Материалдық тұрғыдан бөлек, рухани байлығы да бас қаламыздың бағын еселеп тұратыны жасырын емес. Ендеше, еңселі елордамыздың адами құндылықтарды айшықтаған іргелі істеріне көз жүгіртсек.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығына 36 мыңнан аса адам жүгінді
Нұр-Сұлтандағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы 2019 жылдың тамызында ашылды. Мұнда отбасыларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мекеме мемлекеттік қызметтерді біріктіреді және оларды «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынады. Мамандар әр отбасымен жеке жұмыс жүргізеді. Ашық алаңда елорда тұрғындарына денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, білім беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті бастау бойынша жүйелі кеңестер мен көмек көрсетіледі.
Ашылған күннен бастап орталыққа 64 636 сұрақ бойынша 36 169 адам хабарласқан. Оның ішінде 53 595 мәселеге жүйелі кеңестер берілді, 11 041 мәселені шешуге шаралар қабылданды. Өтініш білдіргендердің 60%-ы (35 175) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, 8%-ы (5 051)тұрғын үй, 5%-ы (2 652)кәсіпкерлік, 4%-ы (2 044) заң көмегі, қалғаны жұмыспен қамту және басқа мәселер бойынша жүгінген.
Мәселелердің басым көпшілігін шешу бойынша шаралар қабылданды. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға құжаттар қабылданды. Бірыңғай жинақтау қорының қызметтері көрсетілді, тұрғын үй мәселелеріне, жұмысқа орналасуға, құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді.
Орталықта елорда тұрғындарына АӘК-ге өтінім беру, баспана кезегіне тұру және медициналық көмек алу бойынша кеңес беріледі. Тұрғындар мұнда заңгерлік және психологиялық көмек ала алады. «Жанұя» орталығы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетеді. Орталық алаңында «Кәсіпкер ана» атты қолдау көрсету орталығы аналарға өз бизнесін дамытуға септігін тигізеді. Онда мамандар өз ісін ашуға көмек көрсетіп, кәсіпкерлер мотивациялық бизнес-тренингтер өткізеді.
Сонымен қатар орталық базасында Нұр-Сұлтан әкімінің ашық қоғамдық қабылдауы жұмыс істейді. Ал аудан әкімдерінің, басқарма және басқа ұйымдар басшыларының азаматтарды қабылдауы кестеге сәйкес жүзеге асырылады.
Мекемеде кедергісіз орта жасалған. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған лифтілер бар. Арнайы ойын алаңы ашылған, онда орталық қызметкерлері балаларға қарайды.
Еңбек даулары Татуластыру орталығы арқылы шешілуде
Қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы қарым-қатынасты құру тәсілдері тек қызметкерлер жұмысының тиімділігіне ғана емес, сонымен бірге компанияның еңбек өнімділігіне де тікелей әсер етеді. Бұл, сайып келгенде, бүкіл ел экономикасына әсер етеді. Нұр-Сұлтанда еңбек қатынастарын қалалық Кәсіподақтар орталығы қадағалайды. Бүгінде бұл 454 бастауыш кәсіподақ ұйымын және 102 919 кәсіподақ мүшелерін, яғни әртүрлі саланың жұмысшыларын біріктіреді.
«Көбінесе бізге жалақыны кешіктіріп төлеу, еңбек келісімшартын бұзу және еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша хабарласады. Өткен жылы Кәсіподақтар Федерациясы Жоғарғы Сотпен меморандумға қол қойды және оның аясында біздің Кәсіподақтар үйінде Татуластыру орталығы ашылды. Бұл орталық тек еңбек сипатындағы ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық, отбасылық және әкімшілік кеңес береді. Онда медиаторлар, заңгерлер, психологтар жұмыс істейді», дейді Нұр-Сұлтан қалалық кәсіподақ орталығының төрағасы міндетін атқарушы Төлеген Күнәділов.
Оның айтуынша, екі жыл ішінде Татуластыру орталығына 5 мыңға жуық өтініш түскен. Олардың тек 5%-ы шешім таба алмады, қалған жағдайларда даулар сотқа дейінгі келіссөздер барысында шешілді.
«Кәсіподақтар кәсіподақ комитеттерінің төрағалары мен жұмыс берушілер кадр қызметі, заңгерлер, экономистерге арналған семинар-тренингтер өткізеді. Себебі даулы мәселелер жұмыс берушінің білместігінен туындайды», деп түсіндірді Т.Күнәділов.
Өткен жылы қалалық Кәсіподақтар орталығы 80 мыңнан аса семинар мен тренинг өткізіп, 1,5 мыңнан аса адамды қамтыды. Биыл пандемияға байланысты орталық жедел хабарламалар, интернет-платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы тәулік бойы кеңес берді.
«Кәсіподақтардың қазіргі жұмысы тек жұмысшыны қорғау ғана емес, сонымен бірге жұмыс берушімен жұмыс жасау. Өйткені жұмыс берушіге жағдай жасамай, қызметкерге жағдай жасау мүмкін емес. Яғни, кәсіподақ бұл тұрғыда әлеуметтік серіктес ретінде әрекет етеді. Пандемия кезінде елордалық кәсіподақтар өздерін нағыз серіктестер ретінде көрсетті. Мысалы, көптеген медициналық ұйымда және мемлекеттік мекемеде бюрократиялық сатып алу процедураларына байланысты санитайзерлермен және жеке қорғаныс құралдарымен уақытылы қамтамасыз ету мәселесі туындады. Кәсіподақтар сол сәтте көмекшілер ретінде әрекет етті», деді елордалық Кәсіподақтар орталығы басшысы.
Сонымен қатар ұйым әлеуметтік серіктестік жөніндегі қалалық комиссияда қызметкерлер мүддесін қорғайды. Жақын күндері елордада ДДҰ жұмысшылардың денсаулығын сақтауға және жақсартуға бағытталған «Салауатты жұмыс орындары» бағдарламасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нұр-Сұлтандағы қанатқақты жоба өндірістегі гимнастиканы, дене шынықтыру минуттарын және жұмысшылардың барлық санаттары үшін жұмыс күніндегі дене шынықтыру үзілістерін енгізуді көздейді.
Көп балалы отбасылардың балаларын тегін оқытады
Елордалық көп балалы аналар тарапынан көптеген әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі – оқушыларға арналған тегін оқыту курстары. Көп балалы отбасылар үшін күрделі мәселенің бірі – балаларға қосымша білім беру ақысын төлеуге ақшаның жетіспеуі. Мектеп пәндері бойынша репетиторлық, шет тілі курстарына қатысу – көбінесе көп балалы отбасылар үшін қолжетімсіз. Бұл мәселені шешу үшін Strong mothers қоғамдық қоры тегін білім беру курстарын ашқан.
Қор көп балалы аналар – Райгүл Серікбаева, Жанар Исанова және Ұлжан Мырзагелдиева бастамасымен құрылған.
«Жұмысты 1 маусымда бастадық. Өзім ағылшын тілінің мұғалімімін, шет тілінде сабақ жүргіземін. Маған екі ерікті студент көмектесуде. Сондай-ақ бізде көп балалы ана жүргізетін араб тілі курстары бар. Ол елшіліктердің бірінің аудармашысы және демалыс күндері сабақ береді. Ол Мысырдағы бакалавриат және Мароккодағы магистратураны бітірді. Көп балалы отбасылардың балалары ағылшын және араб тілі сабақтарына тегін қатысады. Бүгінгі таңда көп балалы отбасылардан әр отбасында он адамнан тұратын төрт оқушылар тобы құрылды», деп атап өтті Р.Серікбаева.
Орталықта 100-ден аса бала оқытылып, 10-нан аса адам жұмыс істейді. Strong mothers қоғамдық қорының екінші бағыты – еріктілік.
Алдағы уақытта қоғамдық қор көп балалы аналарды цифрлық сауаттылыққа оқытумен айналысуды жоспарлап отыр. Бұл олардың электронды мемлекеттік қызметтерді алуы, қажетті жәрдемақыларды ресімдеуі үшін қажет. Сондай-ақ қоғамдық қор көп балалы әйелдерге арналған бос жұмыс орындарының мәліметтер базасын жүргізуге ниетті. Сонымен қатар қор көп балалы аналарға заң қызметтерін алуға жәрдемдеседі.
«Жалғызбасты аналар көп. Олар балаларын күтіп-бағу үшін алимент тағайындай алмайды. Мұндай аналарға білікті заң көмегі қажет», деп атап өтті қор өкілі. Көп балалы аналармен құрылған тағы бір әлеуметтік кәсіпорын – «Алтын шаңырақ» тігін шеберханасы. Осы жылдың наурыз айында іске қосылған жобаның негізін қалаушы және жетекшісі – Әсия Оспанқұлова.
Сегіз баланың анасы өткен жылы қала әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында болып, елордалық аналардың басын қосып, өз ісін бастау идеясын айтқан. Нәтижесінде қала әкімдігі қолайлы орын бөліп, демеушілер тігін жабдықтарын сатып алуға көмектесті, тігін шеберханасы өз жұмысын бастады. Алғашында тігін шеберханасында 8 ана жұмыс бастаған. Қазақтың ұлттық киімдері, көрпе-төсегі, киіз басу, басқа да ұлттық өнімдерін заманауи үлгіде дайындайтын тігін шеберханасы жұмыс ауқымын кеңейтіп, алдағы уақытта жұмыспен қамту орталығы арқылы тағы да 5-6 ананы жұмысқа алуды жоспарлап отыр.
«Басқа аналарымызға үлгі көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар өзіміз жұмыс істеп қана қоймай, жұмыс орындарын құруға да ниеттіміз. Бастапқы кезеңде жобаға көрсеткен қолдауы үшін қала әкімдігіне, Алтай Көлгіновке алғысымызды білдіреміз. Алда үлкен жоспарлар бар. Бізге билік көмек қолын созды, енді өзіміз де басқа көп балалы аналарға көмектесе аламыз. Алдағы уақытта жас аналарымызға арнап оқу орталығын ашсақ деген ойымыз бар. 20-ға жуық анаға арналған оқу орталығында қолөнердің қыр-сыры үйретіледі», дейді Ә.Оспанқұлова.
Тігін шеберханасы басшысы кәсіпорын өзінің әлеуметтік мәртебесін көп балалы аналарды жұмысқа орналастырумен ғана емес, сонымен қатар халық үшін қолжетімді қызмет ұсынумен де дәлелдеп отырғанын айтады.
Елордада мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін «Бақытты шаңырақ» әлеуметтік жобасы іске қосылды.
«Біз мүгедек баласы бар бүкіл отбасын, яғни ата-аналарды, дені сау балаларды және ерекше балаларды қолдаумен айналысамыз. Біз оларға үй-жайлар мен жұмыс орындар ұсынамыз, олардың жұмыс істеуіне арналған жабдықтар тауып береміз. Бұл аналар өздері үшін жұмыс істейді және бизнестің қыр-сырын үйренеді, болашақта олар өздері кәсіп аша алатын болады. Ерекше бала тәрбиеленетін ата-аналарға ыңғайлы жұмыс кестесі қажет. Өйткені олар уақытылы баласын оңалтуға бейімдейді. Біздің қордың мақсаты – осындай отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту», деді орталық басшысы Ботагөз Сұлтанова.
Орталық маусым айында ашылды. Бүгінгі таңда онда 13 ана жұмыспен қамтылған. Жақында ұйымда жаңа жұмыс түрі – ерекше қажеттіліктері бар балалардың отбасыларына барып, оларға көмек немесе қолдау көрсететін үй көмекшісі қызметі ашылды.
«Кәсіпкер ана» кәсіп бастауға баулиды
Табысты компанияның дөңгеленуі көбіне бизнес иелері кәсібіне қажетті мамандықты игерген соң басталады. Кәсіпкер ретінде қалыптасу үшін жұмысты жүргізу тәжірибесіне қажетті ерекше ойлау қабілеті керек. Нұр-Сұлтандағы «Кәсіпкер ана» әлеуметтік жобасы халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы әйелдерге үйде жұмыс істеуді бастау және өз ісін дамыту үшін түрлі мамандықтар бойынша шеберлік пен дағдыларды меңгеруге көмектеседі.
«Біз әйелдерге кәсіпкерлік ойлауды дамытуды үйретеміз. Сол арқылы олар болашақта кәсіпкер бола алады. Бірақ жеке кәсіпкер болу үшін алдымен адам өзін-өзі жұмыспен қамтып, өз еңбегінің арқасында алғашқы ақшасын табуды үйрену керек», деді «Кәсіпкер ана» жобасының негізін қалаушы Айнұр Әмірхан.
Бүгінде елорда тұрғындары IT-бағдарлау, әлеуметтік желілерді ілгерілету, фото және бейнография, аспаздық, қолөнер, графикалық дизайнер, копирайтер, SMM маманы, коуч-психолог, тігінші, массажист, Монтессори әдістемесі бойынша күтуші және басқа да бағыттар бойынша кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруде. Барлығы 20-ға жуық бағыт бар. Сонымен қатар ұйымдастырушылар еңбек нарығындағы өзекті кәсіптерді қадағалап, оларды бағдарламалар тізіміне қосады.
«Мен 2019 жылы татуировка жасауды үйрендім. Қазір жұмыс істеймін, ақша табамын және адамдарды оқытамын. Сондай-ақ 555 мың теңге көлемінде грант алдым», дейді жобаға қатысушылардың бірі Гүлнар Есенова.
Еңбектенем деген адамға түрлі тетіктер табылатыны айдан анық. Тек жұмыс пен табысқа, мақсат пен мұратқа жетем деген ынта керек екенін айтады жобаға қатысушылар.
«Мен бір жыл бұрын жалғыз басты ана санатында оқыдым, мұнда жақсы сабақ алдым. Кейіннен өз біліктілігімді арттырдым және қазір осы орталықта сабақ беремін. Бұл – пайда табатын мамандықты алуға және болашақта ешкімге тәуелді болмай, жұмыс істеуге жақсы мүмкіндік», дейді маникюр шебері Альбина Досымова.
Жобада жаңа мамандық үйретуден басқа, қатысушыларды өздерін маман ретінде бағалауға үйретеді. Олармен психологтар да жұмыс істейді.
«Біз жұмыс істейтін санаттардағы әйелдерге психологиялық қолдау қажет екенін түсінеміз. Сондықтан бізде тұрақты негізде коуч-сессиялар, тренингтер өткізетін психологтар бар. Яғни, бұл мамандар, біріншіден, оларды әрі қарай кәсіпкерлік қызметке психологиялық тұрғыдан дайындауға көмектеседі. Екіншіден, әйелдерді өз ісімен айналысу үшін қызықтыру. Себебі клиенттер бірінші кезекте адамдарға барады», деді А.Әмірхан.
Курстардан өткеннен кейін қатысушылар сертификаттар алады және өз ісін бастай алады. Ұйымдастырушылар, сонымен қатар «Кәсіпкер ана» әйелдер қауымдастығын құруды жоспарлап отыр, оның аясында қатысушылар тәжірибе алмасып, бір-бірін жаңа нәтижелерге ынталандырады.
Жобада оқуға @kasipkerana_bot Telegram-боты арқылы өтінімдерді беруге болады. Бағдарламаның барлық жаңалықтарын @kasipker_ana Instagram парақшасынан қарап отыруға болады.
Естеріңізге сала кетейік, «Кәсіпкер ана» әлеуметтік жобасының таныстырылымы былтыр қыркүйек айында өткен болатын. Оның міндеті – көп балалы әйелдерге, жалғыз басты аналарға, аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға өз ісін бастауға көмектесу.