Өткен бір мақаламызда волонтерлік қозғалыстың маңызын халықаралық деңгейде терең білетін Президент Қ.Тоқаевтың «Жан дүниесі таза емес, ойы лас адамдар волонтер бола алмайды» деген пікірін келтірген едік. Сөйтсек волонтерлер мәселесінің түйіні осы қозғалыстың ішкі мазмұнында жатқанға ұқсайды. Біз үнемі оның ішкі «болмысына» емес, тек сыртқы «пішініне» қарап келген тәріздіміз.
Неліктен волонтерлік жақсы дамыған елдерде адамдардың өзіне-өзі қол жұмсаудың деңгейі әлдеқайда төмен, ал олардың психологиялық денсаулығы, керісінше, жоғары деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Өйткені волонтерлік маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ондай қоғамда волонтерлердің қатарында көбіне өзіне сенімді, денсаулығы мықты, бақытты, психологиялық тұрғыда дені дұрыс адамдар қалатын көрінеді. Себебі олар – волонтерлікті мәнін жоғалтқан өмірді қайта табу деп түсініп, өздерінің алдарына басқаларға қызмет жасауды мұрат етіп қойғандар. Волонтерлік олардың өмірінде маңызды эмоционалдық рөл атқарады. Ол жұмыс волонтерлердің, әсіресе жастардың, жан дүниесіне жағымды әсер етеді.
Жалпы алғанда, волонтерлікпен айналысқан адамдардың өмірінде волонтерлік өшпестей із қалдырады, ол жастардың әлеуметтік бойкүйездігін жеңуге жағдай жасайды. Волонтерлік әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі ретінде адамның өзін өзі дамыту, өзін әлеуметтік тұрғыда маңызды және пайдалы сезіну, патриоттық сезімі мен рухын күшейтуге оның жаңа білім мен тәжірибе жинақтауына септігін тигізеді.
Волонтерліктің басты бағыттарына ізгілік, басқаларға деген қамқорлық, қолдауды қажет ететіндерге риясыз немесе өтеусіз еңбек кіреді. Нәтижесінде, волонтерлер жеке тұлға ретінде жетіліп, патриоттық сезімге ие болып, ұлттық-мемлекеттік мүдделерді түсінуге, жалпыадамзаттық және рухани-өнегелік құндылықтарды бойына дарытып, оларды дамытуға күш салады. Қоғамдағы мәдениетаралық төзімділік артып, біреуге деген теріс ниеттілік пен төзбеушілік, қастандық азайып, жастардың қоғамға жат қылықтары кеми түседі. Волонтерлер әлеуметтік қызмет көрсету кезіндегі жұмыстарында игілік, кеңпейіл, ашық, ізгілік пен еріктілік, бейресмилік, ынталылық, жігерлілік, нысаналылық, мейірім, ықылас және рақым сияқты адами дүниелерді негізге алады.
Олай болса, моральдық-этикалық тұрғыдан да волонтерлік қоғам өміріне қатысудың заңды жолы болып табылады. Өйткені волонтерлер арасында адамдардың құқықтары мен ар-намысына, олардың ұлттық және мәдени ерекшеліктеріне құрметпен қарауға басымдықтар берілген. Волонтерлік қызметтің басты уәжіне мейірбандық, атқарған жұмысынан қанағат алу, жаңа мүмкіндіктер мен мұрат-мүдделерге ұмтылу, жаңа кәсіби қасиеттерді дамыту, өз тәжірибесімен бөлісу, өзін өзі сыйлаудың пайда болуын жатқызуға болады. Сайып келгенде, волонтерліктің негізін еріктілік, тәуелсіздік, бірлік, жан-жақтылық, адамгершілік, әділдік, бейтараптық сияқты қағидаттар қалайды.
Волонтерлер өмірге терең қарағандықтан, волонтерліктің де маңызы тереңіректе жатады. Ол бейбіт өмір, өркендеу, серіктестік және адамдардың басқа да өмірлік сұрақтарымен тығыз байланысты. Ендеше, волонтерлер қоғамда сенімділік тудырады, оның бірлігі мен ынтымағын арттырады. Өйткені волонтерлер – шын мәнінде бастамашыл, қызметін сол өз бастамалары негізінде жүргізетін белсенді адамдар. Оларға қоғамының, елінің проблемаларына немқұрайды қарау тіптен тән емес. Саналы таңдау жасаған волонтерлер басқа адамдардың адами қасиеттерін жеке басының ерекшеліктерін құрметтейді, өз жұмысының сапасына, оның өз мерзімінде орындалуына жауап береді. Волонтерлердің өмірлік ұстанымдарына ортақ іске адал болу, атқаратын тапсырмаларын түсіну, жұмысын шын жүрекпен істеу және еріктілік кәсібін мақтан ету жатады. Бұл – олардың жан байлығы молдығының көрсеткіші.
Адамгершілік пен азаматтық тәрбиеден нәр алған волонтерлердің басқа адамдардың игілігіне бағытталған қызметтерінде сөзі мен істерінің бір болатындығының айғағы болмақ. Волонтерлер үшін ең маңыздысы, біреуге көрсеткен көмегінің сол адамның жағдайын сәл де болса жеңілдетуге өз септігін тигізгені және ол тегін, өз еркімен істелгені болмақ. Волонтер қызметінің басты қағидаты – еріктілік. Ол қызметтің құндылығы мен маңыздылығы ең алдымен волонтердің өзіне қажет және оның мәні зор.
Волонтерліктің белсенді дамуы қоғамда басқалар үшін өмір сүру, адамгершілік, еңбекқорлық, өз идеясы мен ісіне берілгендік сияқты жағымды өзгерістерге әкелері сөзсіз. Ендеше, волонтердің тұлғасы басқаларға қарағанда үйлесімдірек болып келеді. Оның өзге адамның жан дүниесін түсіну мен жай-күйін ұғыну қабілеті, өзін әлеуметтік ортада ұстай білу, сол ортадағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната алу қабілеті молырақ. Олар басқалармен салыстырғанда қоршаған ортаны бақылап, қорытындылар жасап, үйрену мен тиісті қорытындылар жасауға бейім. Сондықтан волонтерлер басқа адамдардың мінез-құлқын жақсы түсінеді. Еріктілердің бойында коммуникативтік және ұйымдастырушылық бейімділіктің дамуы мен көмек көрсетуге деген қызығушылық талпыныстың деңгейі жоғары.
Жалпы, волонтерліктің маңызы мен ықпалы туралы сөз қозғағанда, олардың жеке адамға тигізер әсеріне емес, керісінше, ең алдымен, бұл қозғалыстың дамудың күн тәртібіне және қоғамның дамуына ықпал ету мүмкіндіктерін ескерген абзал. Өйткені оның қоғамдық келісімді нығайтып, қоғамды біріктіре алатындай әлеуеті мол. Өзінің мәні бойынша волонтерлік азаматтық қоғамды алға жылжытуға, оның институттарының қалыптасуына, солайша азаматтық белсенділікті дамытуға тікелей әсер етеді.
Волонтерлік – ар-намыс кодексін қатаң ұстанатын өмір салты. Волонтердің істері басқа адамдардың жағдайын жақсартып, қоғамда үнқатысу мен ынтымақтастықты орнатуға әкелуі керек. Олардың өз жұмысы үшін мақтау немесе сол атқарылған шаруаның бағасына тең немесе одан артық болатын заттай сыйақы талап етуге құқығы жоқ. Дегенмен, волонтерлердің жұмысы барлық жағдайда тіптен де төленбейді деуге болмас. Әдетте олар жұмыстарына ақы алудың орнына тәжірибе, білім мен кәсіби дағдыларды игергенді, пайдалы жеке байланыстар орнатуды төлемақы ретінде қабылдағанды дұрыс көреді. Осылайша волонтерлер кәсіби тұрғыда қалыптасып, үлкен әлеуметтену мектебінен өтуде.
Тағы бір көңіл аударарлық жайт, волонтерлер өзінің саяси немесе діни тиістілігін көрсетуге де, көрсетпеуге де құқылы, ал бірақ волонтерлікті өздерінің наным-сенімдерін насихаттау үшін пайдалануға жол берілмейді. Ерікті жалғыз қалса да, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуі керек. Егер дағдарыстық жағдай орын алған кезде ол жерге бірінші болып волонтерлер келіп, жергілікті қауымдастықтармен оның зардаптарын еңсеруге күш салып, көп уақытқа дейін сонда болып, кетпей, ақырына дейін қалады. Олай болса, нағыз волонтер – ол адамгершілік пен саламатты өмір салтының, төзімділік пен ықпалдастықтың, сол сияқты саналы таңдау мен риясыздықтың үлгісі. Сондықтан волонтерлердің әрекеті бүкіл адамзатқа тиесілі деп түсінген жөн. Олар үшін пікірлес адамдардың барынша көп болғаны маңызды. Оның жақтастарының қатарының өсуі, бәлкім, біздің қоғамның шын мәнінде рухани-адамгершілік тұрғыда жаңғыруына әкелері сөзсіз.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ, саяси ғылымдар докторы