Корей Халықтық Демократиялық Республикасында елдің бұрынғы президенті Ким Ир Сеннің 120 жасқа дейін өмір сүруіне ықпал ету үшін қызмет еткен арнайы іріктелген дәрігерлер тобы болған. Бұл туралы Lenta.ru хабарлады.
Корея Республикасының «Чосон ильбо» газеті мәлімдегендей, бұл деректер аталмыш медициналық топтың жетекшісі болып, кейіннен Оңтүстік Кореяға қашып келген Ким Со Ённың кітабында жазылған.
Ким Со Ённың айтуы бойынша, Ким Ир Сен ұзақ өмір сүруді 65 жасқа келген кезінде ойлана бастаған. 1977 жылы ол елдің ең үздік дәрігерлерін жинап, олардың алдына осы тапсырманы қойды. Дәрігерлер адамның ұзақ өмір сүруіне шығыс медицинасында қолданылатын 1700 шөптің ықпалын зерттеп шыққан. Олар сондай-ақ президенттің ұзақ өмір сүруі үшін оған жақсы тамақтанып, жиі күлу керек деп шешкен. Сондықтан да Ким Ир Сен әрқашан көңіл көтеретін әртістердің өнерін тамашалаған екен. Дегенмен, дәрігерлердің жұмысы айтарлықтай нәтиже бермеді. 1980 жылдардың соңында Ким Ир Сен ми атеросклерозына шалдығады. 78 жасында ол дәрігерлерден үнемі өзіне жас балалардың қанын құйып отыруды талап еткен. Ким Со Ён бұл әрекеттер Ким Ир Сеннің қаны AB-дан B тобына ауысып, оның денсаулығының нашарлауына әсер еткенін айтады.
65 жастағы дәрігердің кітабында тек Ким Ир Сен туралы естеліктер ғана емес, сонымен қатар, адам өмірін ұзарту жөніндегі автордың ойлары жазылған. Ол адамға ұзақ өмір сүру үшін барлық жаман әдеттерден арылып, диета сақтап, жиі күлу керек деген шешімге келген екен.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Lenta.ru