• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қараша, 2020

Ауыл шаруашылығын қаржыландыру еселенеді

592 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығын дамыту – еліміздің мемлекеттік экономикалық сая­сатындағы басты бағыттарының бірі. «Қазақстан – 2050» стратегия­сын­да ауылшаруашылық өнім­де­ріне деген жаһандық сұраныс жағ­дайында Агроөнеркәсіптік кешен­ді ауқымды жаңғырту міндеті қойылды. Сәй­ке­сін­ше, 2050 жылға қарай елі­міз­дің ІЖӨ-дегі ауыл шаруа­шы­лы­ғының үлесі 5 есе ұлғаюы тиіс.

Ауыл шаруашылығындағы өнім өнді­рі­сінің жалпы көлемі соңғы бес жылда жыл­дық 3,1%-ға өскеніне қарамастан, салада әлі де аграрлық дақылдар өнімділігінің төмендігі, еңбек шығындарын ақтамайтын ес­кірген технологияларды пайдаланумен, сон­дай-ақ саладағы субъектілердің инно­ва­ция­лық белсенділігінің баяулығы мен еңбек өнім­д­ілігінің төмендігі байқалуда.

Ауыл шаруашылығы техникасын жаңар­ту­дың жыл сайынғы қарқыны республи­ка­да шамамен 2% деңгейінде тұр. Бұл ретте ЭЫДҰ елдерінде осы көрсеткіш – 10-12% ша­масында.

Банктер тарапынан секторды несиелеу көр­сеткіші әлі де жеткіліксіз. АӨК қар­жы­­лай тұрғыда қолдау тетіктері мемлекет ор­ган­­дары арқылы жүзеге асып келеді.

Биыл екінші тоқсанда Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің конъюн­к­туралық зерттеулерінің деректері бо­йынша респонденттердің 48% жеңіл­де­тіл­ген несие ең тиімді шешім деп есептейтіні анықталған. Қазақстанда бұл бағыттағы жұмысты «Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ атқарып келе жатқанын айта кет­кен орынды. Биыл маусым айының соң­ына қарай корпорацияның отандық агро­өнер­кә­сіп­тік кешенді несиелеу үлесі 52,6%-ды немесе 488,1 млрд теңгені құрады.

Былтырғы есептің деректеріне сүйен­сек, аталған корпорация жалпы сомасы 289,8 млрд теңгеге 8,3 мың қарыз алу­шы­ны қаржыландырды. Бұл 2018 жыл­мен салыстырғанда, 12%-ға артып, жос­пардан 16%-ға көп (250,2 млрд тг). Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнімдері өндірі­сін­де­гі негізгі субъектілерге несие беру көлемі бойынша жоспардың орындалуы тиісінше 226-214% аралығында байқалса керек.

2019 жылы несиелердің басым бөлігі «Кең дала» көктемгі егіс және егін жинау жұ­мыстарын несиелендіру бағдарламасы бо­йынша (60 млрд теңге) берілді. «Агро­биз­нес 5 бағыт» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 54,9 млрд теңгеге 78 жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда, етті мал шаруашылығын дамытуға – 10,5 млрд теңге (442 жоба), ет және өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге – 6,6 млрд теңге (16 жоба), сүт шаруашылығын дамытуға – 0,1 млрд теңге (3 жоба), суару жүйелерін сатып алуға – 1,1 млрд теңге (17 жоба), өсімдік шаруашылығын қаржыландыруға 36,6 млрд теңге (200 жоба) берілді.

Етті мал шаруашылығын дамытудың ұлт­тық бағдарламасын іске асыру шең­бе­рінде «Сыбаға» несие бағдарламасы әзір­ле­ніп, оның аясында корпорация 22,3 млрд теңгеге жобаларды қаржыландырды.

Бұған қоса несиелік серіктестіктер мен лизингтік компаниялар арқылы АӨК-ді қарқынды техникалық қайта жарақтандыру картасы шеңберінде ауыл шаруашылығы техникасын, сол секілді қажетті жабдықтарды сатып алу ісі қаржыландырылды. 2019 жылы 876,4 млн теңге сомасына 147 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын сатып алу үшін 6 АШТӨ несиесі берілді.