Ұлыбританияда бірнеше секунд ішінде коронавирусты анықтайтын тест жасалды. Жаңа тестті Лоуборо университетінің ғалымдары мен TOXY-triage жобасымен жұмыс істеген әлемнің түрлі елдеріндегі дәрігерлердің нәтижелеріне сүйене отырып дайындаған.
Британ ғалымдары жақында коронавирус инфекциясын бірнеше сағат емес, бірнеше секунд ішінде анықтаудың қарапайым әдісі пайда болуы мүмкін екенін растайды. Тесттің толық орындалуы бірнеше минутты алады. Уэльсте жасалған тыныс алу тесті Covid-19 вирусын тыныс алу жолдарының басқа да инфекцияларынан бірден ажыратады. Шотландия мен Германияда өткізілген жаңа тесттің сынақ нәтижелері медициналық Lancet журналында жарияланған. Оны жасаушы Imspex Diagnostics компаниясы қаржы табылса, сынақ құрылғысы алты айда пайдалануға дайын болатынын мәлімдеді.
«Тест нәтижесінің тез дайын болатыны тек ауруханаларда емес, әртүрлі жағдайларда қолдануға мүмкіндік береді. Оның әлеуеті авиацияда, жалпы көлікте, мигранттармен жұмыс кезінде көрінеді. Тыныс алу үлгісін тез алуға болады, ол инвазивті емес, сізге арнайы дайындалған адам қажет емес, бірнеше минут ішінде сіздің қолыңызда тест жауабы болады», дейді құрастырушылар.
Бұл құрылғы бастапқыда өкпенің қатерлі ісігі сияқты ауруларды диагностикалау мен бактериялық және вирустық инфекцияларды тез ажырату үшін тесттер әзірлеу кезінде қолданылатын технологияға негізделген. Алайда әлемді жайлаған пандемия басталғаннан кейін фирма коронавирусты диагностикалауға арналған тест жасауға шешім қабылдады. Зерттеушілер мұндай құрылғы Covid-19 вирусын басқа инфекциядан қаншалықты ажырата алатынын сынап көрді. Құрылғы тыныс алу үлгісін талдайды, тұрақсыз химиялық элементтерді іздейді, олар респираторлық аурудың түрін анықтайды. Тесттер осы элементтердегі Covid-19 қолтаңбасын анықтай алды, ол кейінірек басқа инвазиялық тестілеу әдістерімен расталды. Жалпы, тестер коронавирусты астма немесе бактериялық пневмония сияқты басқа аурулардан ажырата отырып, 80% жағдайда вирусты анықтай алды.