Елдің өркендегенін білдіретін инфрақұрылымның бірі – жол. Әсіресе, шетел инвесторлары көп келетін Атыраудай мұнайлы өңір үшін жаңарған жолдың маңызы зор. Оның үстіне Атыраудың аумағынан асып, Ресейдің Астрахань облысы арқылы өтетін халықаралық көлік қатынасының дәлізі де бар. Сол себептен «Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы» тас жолын жаңғырту мәселесі көптен бері қозғалып келеді. Бұл жолдың жайы Елбасының да, Президенттің де назарында тұр.
Аталған жолды қайта жаңғырту Атырау қаласының шекарасынан басталып, Құрманғазы ауданындағы Ганюшкин ауылына дейінгі 616-833 шақырымындағы учаскеде іске асырылуда. Жоба төрт участкеге бөлінген. Жолшылар жер төсемін салу, жасанды құрылымдар мен төменгі қабатын орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, жобаның мердігерлері ретінде бірнеше компания тартылған. Олар – «Лянкяран Йол Тикинти» ААҚ, «Todini Construzioni Generali S.p.A», «Ant Insaat Maden Sanayi A.S.» және «Сине Мидас Строй» БК» ЖШС. Жол құрылысын Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландырып отыр. Ал «Renardet S.A» бірлескен кәсіпорны & Aarvee Associates Architects Engineers & Consultants Pvt. Ltd», «ZS Engineering» ЖШС техникалық бақылауды жүзеге асырады.
Жобаға сәйкес, жолдың 217 шақырымдық учаскесінде 8 өткел салынып, 63 су құбыры орнатылмақ. Осынша шақырымға созылатын тас жолды реконструкциялау 2023 жылы аяқталады. Сол кезде бұл тас жол екі жолақты қозғалысы бар екінші техникалық санатқа сәйкес болады. Бұл, әрине, жолдағы уақытты айтарлықтай қысқартып, өңірдің транзиттік әлеуетін арттырмақ. Бұдан бөлек жергілікті тұрғындарға жол бойындағы сервистік қызмет көрсетуді дамытып, кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік береді.
Министрліктің мәліметі бойынша Атырау өңірінен Ресей шекарасына дейінгі аралықтағы жолдың ұзындығы 277 шақырымды құрайды. Былтыр құрылыс жұмыстары Ресей шекарасынан бері қарай 60 шақырымдық учаскеде басталған болатын. Ондағы қозғалыс жыл соңына дейін ашылады деп күтілуде. Бұл учаскедегі қайта жаңғырту жұмыстары республикалық бюджеттің қаражатына жүргізіліп жатыр.
Жол салу жұмысы Атырау қаласының маңындағы шағын ауылдарда да қолға алынып отыр. Мәселен, жол мәселесі 1 мыңға жуық ауласы бар Береке ауылындағы басты проблеманың бірі еді. Мұнда асфальттың жоқтығынан жаңбыр жауса, жолдың бәрі ми батпаққа айналып шыға келеді. Енді тұрғындар сол қиындықтан құтылмақ. Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ержан Хайноллаевтың айтуынша, жақын арада ауылда 19 шақырым асфальт төселеді. Бүгінгі таңда ауылдың 13 көшесінде жолдың негізгі төсемі дайындалды. Бұл аулада 42 көшеге асфальт төселеді.
Шаһар аумағында, оған іргелес елді мекендерде салынып жатқан жолдың сапасын Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев бақылауына алды. Әкімнің тапсырмасымен асфальт төсеу процесі видеоға түсіріліп, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне есеп ретінде жіберіледі. Осыған орай мердігердің ұсынысымен жол сапасын бақылайтын зертхана жұмыс істейді. Осындай бақылаумен Еркінқала ауылдық округінің төрт көшесінде 3,1 шақырым жол асфальтталды. Бұл ауылда ұзындығы 60,2 шақырым жолды жөндеу жоспарланыпты.
Қала іргесінде жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандарда да жол құрылысы қарқын ала бастады. Мәселен, «Ақсай-2» шағын ауданының 29 көшесінде 27,8 шақырым жол жөнделді. Енді тағы 16 көшеде 15,3 шақырым асфальт төсеу көзделіп отыр. «Тасқала-3» ауылының тұрғындары үшін жол құрылысы сәл ертерек аяқталады. Жыл соңына дейін жобада қарастырылған 8,8 шақырым төселеді. Сондай-ақ «Атырау-1» кентіндегі 24 көшеде 19,5 шақырым жол төсеу жұмысы аяқталды. Ал жақында 33,3 шақырым тротуар салу бойынша жоспарланған жұмыстар іске асырылады.
Сонымен қатар Дамба-2 ауылында 2,2 шақырымдық 7 көшеге асфальт төсеу жоспарлануда. Осы ауылға қоңсы қонған «Жаңаталап-1» шағын ауданындағы 24 көшеде 21,1 шақырым пайдалануға берілді. Бұл жұмыстарды мердігерлікке таңдалған «Атырауинжстрой-АИС», «КазахДорСтрой» және «Атыраукөлік» серіктестіктері жүргізіп жатыр.
Атырау облысы