Қарағанды қаласында екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Александр Ильич Балабас ғасырлық мерейтойын атап өтті. Құрметті датаға орай әскери қызметшілер ардагерді арнайы құттықтап, Қорғаныс министрінің хатын табыстады, деп жазады Egemen.kz.
Қазыбек би ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, полковник Қайрат Тәттекенов мерейтой иесіне Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыс етіп, оның ерлігі мен Отан алдындағы еңбегіне жоғары баға берді.
«Сіздің өмір жолыңыз – табандылықтың, еңбекқорлық пен елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Осындай тағылымды ғұмырды кейінгі ұрпаққа жеткізу – маңызды міндет», деді ол.
Александр Ильич Балабас 1926 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1942 жылы шахтада сызбашы болып бастап, 1943 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылған. 1944 жылы ол даңқты қолбасшы Константин Рокоссовский басқарған 2-Беларусь майданы құрамындағы 415-атқыштар полкінде қызмет етіп, бірқатар ауыр ұрыс қимылдарына қатысқан.
Майдандағы ерлігі үшін ардагер Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған.
Әскерилер майдангерді ғасырлық мерейтойымен құттықтады
Соғыстан кейін елді қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласып, Қарағанды өңіріндегі түрлі мекемелерде ұзақ жыл еңбек етті. Әр жылдары №1 құрылыс басқармасында, «Саранскпромстрой» ұйымында жүргізуші, облыстық клиникалық ауруханада бухгалтер, «Қарағандыуглесбыт» мекемесінде экономист болып қызмет атқарып, кейін жоспарлау бөлімін басқарған.
Бүгінде ғасыр жасаған қария – үлкен әрі тату отбасының тірегі. 3 бала тәрбиелеп өсірген ардагерден 4 немере, 5 шөбере тараған. Ұрпақтары майдангер аталарын әрдайым мақтан тұтып, оның өмір жолын өнеге етеді.
Қостанайда 100 жастағы қарт майдангер дауыс берді