Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау саясаты аясында Ғылым қызметкерлері күніне орай 10 жас ғалымға пәтер кілттерін табыстады. Тұрғын үйлер Алматы мен Астана қалаларынан өтеусіз негізде берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазіргі уақытта Алматыдан баспана алған жас ғалымдар жаңа, толық жабдықталған пәтерлерге қоныстанып үлгерді. Олар мемлекет тарапынан жасалған қолайлы жағдай ғылыми жұмысқа еркін көңіл бөлуге мүмкіндік беретінін айтып, өз ризашылықтарын білдірді.
Салтанатты марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы ғылымның елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықаралық беделін нығайтатын негізгі фактор екенін атап өтті. Оның айтуынша, ғылым мен білімге инвестиция салған мемлекеттер әлемдік деңгейде алдыңғы қатардан көрінеді. Сонымен қатар Президент отандық ғылымның болашағы жаңа идеялар ұсынатын, ел дамуына серпін беретін жас әрі дарынды зерттеушілердің қолында екенін айтты.
Мемлекет басшысы белгілі ғалымдарды марапаттады
Қазіргі таңда жалпы саны 600-ден астам жас ғалым тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, оларға ғылыми гранттар беріледі және әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндігі қарастырылған.
Жаңа пәтер иелерінің қатарында еліміздің түрлі жетекші ғылыми ұйымдарының өкілдері бар.
Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті оқытушысы, PhD Мадина Құмарғазина энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздерін зерттеу бағытында еңбек етеді. Ол Scopus базасында жарияланған еңбектердің авторы және бірнеше патенттің тең авторы.
Сонымен қатар Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті қызметкері Арман Өмірзақов энергетика саласындағы зерттеулермен айналысады. Оның ғылыми еңбектері халықаралық журналдарда жарияланып, бірқатар патенттерге ие болған.
Қазақстанда ғалымдардың табысы қандай?
Ал Философия, саясаттану және дінтану институты ғалымы Шырын Тіленшиева мемлекеттік қолдаудың ғылымды дамытудағы рөлін атап өтіп, жеке баспананың жас зерттеушілерге үлкен мотивация беретінін жеткізді.
Шырын Мұратқызының ғылыми еңбек өтілі 13 жыл, ол Scopus және Web of Science базаларына енген жарияланымдарды қоса алғанда 9 ғылыми мақаланың авторы, оқу құралының тең авторы және авторлық құқық иегері. Ғалым халықаралық және ұлттық ғылыми жобаларға, соның ішінде «Жас ғалым» бағдарламасы аясында қатысқан. Сонымен қатар ол International Society for Quality-of-Life Studies ұйымының білім беру грантының иегері және 2021-2025 жылдары осы ұйымның мүшесі болды.
Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл бағдарлама жас ғалымдарды қолдаудың маңызды бөлігі болып қала бермек және елдің ғылыми әлеуетін арттыруға ықпал етеді.