Спорт пен шаруашылықты қатар игеріп, жібек баулы алтын қазығын ауылға қағып, өрісін қаладан тапқан Жұлдыз – жаңа заманның жасы. Төрт түліктің пайдасын түсініп, бабын табу – кез келгенге бұйдасын ұстатпайтын тірлік. Ал әр таңын түйе сауудан бастайтын Жұлдыз үшін мал шаруашылығы – өмірінің өзегі.
2005 жылы қаңтар айында Бекі ауылында туған Жұлдыз Өтепберген дзюдо шебері, ел чемпионы. Дзюдомен 6-сыныптан бастап айналысқан ол Ақтаудағы «Асмет Ұлас» жоғары педагогикалық колледжін дене шынықтыру мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда жалындаған жас – Ақтаудағы «TAIQOT» спорт клубында бапкер. Жас бапкер әр шәкіртінің болашағына үмітпен қарайды әрі спортшы ретінде өзі де әлем чемпионы тұғырына көтерілуді армандайды.
Отбасында бір әпке, бір іні, екі сіңлісі бар Жұлдыз қаладағы жаттығудан қолы босай сала, Бекіге қарай жол тартады. Мұнда оны төрт түліктің жағдайын жасау дейтін хоббиі күтіп тұрады. Мотоцикл мен көлік жүргізетін шаруа қызға атқа міну де аса қиындық туғызған емес. Саумал сауып, малды өріске жіберу, ауылда қалған боталардың бабын жасау, қора тазалау, кешкі өрістен келер төрт түлігін түгендеп ауылға әкелу, қоралау сынды жұмыс – мал шаруашылығын кәсіп еткен Жұлдызға қиын емес, қызық іс. Дала қызының шаруадан тынысы кеңейіп, жаны тыныштық табады.
«Ауылдағы еңбек адамды шыдамдылық, жауапкершілік пен табандылыққа тәрбиелейді» деп санайтын Жұлдыз Сауалбекқызы: «Мұндағы өмір маған ең алдымен – тыныштық. Ауылдың таза табиғатынан энергия аламын, ал мал баптау, төрт түлікті жайғау секілді жұмыс күш береді, ойды тазартады. Таңғы ас ішпестен бұрын түйе сауамын, себебі үйімнің берекесін арттырған төрт түлігім – мен үшін бірінші орында», дейді.
Спортзалда шәкірттерімен бірге жаттығып, ауылда ата-анасының көмекшісі болған қыз әлеуметтік желіде де белсенді. Instagram, TikTok желілерінде ауылдың тыныс-тіршілігі, малды күтіп-баптау, жаю, көлік жүргізу, мал өнімдерін дайындау бағытында әсерлі жазбалары мен түсірілімдерін жиі жариялап, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп жүр.
Көктем – табиғаттың қайта түлеп, төрт түліктің төлдеп, қораның қозы-лақ пен бота-бұзауға толатын кезі. Мал шаруашылығының машақаты қай мезгілде де аз емес, әйтсе де көктемнің малшыларға қат-қабат тосатын қиындығы тағы бар. Осы қиындықтың өзін қызықты әрі тартымды контентке айналдыру Жұлдыздың қолынан келді. Шаруаны дөңгеленте жүріп, тартымды сәтті әдемі кадрмен желіге жүктеп, оқырманын қуантуға да уақыт тапты.
– Ауыл өмірі – жан-жақты қалыптасудың бастауы. Оны желіге жүктеудегі мақсатым – ауыл тұрмысының мазмұнды әрі қызықты екенін көрсету. Мұндағы әр күн жаңа тәжірибе мен еңбекке толы, – дейді ол.
Арманы асқақ, мақсаты мол жас болашақта ауыл тұрмысы, мал шаруашылығына қатысты этнотуризмді дамытып, жеке кәсіппен айналысқысы келеді. Болашағын туризм саласымен байланыстырған Маңғыстау өңірінде бұл қажетті әрі ұтымды жоба болары анық.
«Інілеріміз бар еді, өзің сияқты шаруаның жайын білетін қыз болса жақсы ғой», дедім әңгіме соңын әзілге бұрып. «Желіге ауыл өмірін саламын деп осындай ұсыныстан бас көтере алмай қалдым», деп сәл жымиған Жұлдыз ішкі сырының шетінен жайлап хабар беріп құтылды. Ал біз іштей ұлттық болмысымызды заманауи жаңғыртып қана қоймай, алға жетелейтін Жұлдыздай қазақы құндылыққа қанып өскен жастарымыз көп болсын деп тіледік.
Маңғыстау облысы