Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасаттылық департаментінің басшысы Ғанижан Асанұлы мен агенттік жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Ырза Тұрсынзада Қызылорда облысындағы іс-сапары аясында Сырдария ауданында болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Меймандар аудан орталығында азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Open space форматында жұмыс жасайтын жаңа сервистік әкімдіктің қызметімен танысты.
- "Сервистік әкімдіктің" басты мақсаты қызмет алушыларға қолайлы және кедергісіз жағдай жасау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу. Бұл халықтың мемлекеттік органдар жұмысына деген сенімін арттырып, сыбайлас жемқорлық көріністерінің түбегейлі жойылуына мүмкіндік береді, – деді Ғанижан Асанұлы.
Меймандар аудан активімен кездесіп, өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Сапар барысында осы аудандағы Нағи Ілиясов атындағы ауылына аялдап, тұрғындармен сұхбаттасты.