Коронавирус індетінің таралуына жол бермеу үшін қалалық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті жауапты құрылымдармен бірлесіп тұрақты түрде елімізге шетелден келген азаматтарға мониторинг жүргізуде, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы әуежайында мегаполиске халықаралық рейстермен ұшып келген азаматтар арасында коронавирус инфекциясына тестілеуден өткені туралы анықтамасыз келгендерді анықтау жұмысы жалғасын тауып отыр.
Өткен аптадан бері, яғни 27 қазаны мен 3 қараша аралығында шетелден Алматыға 7682 жолаушысы бар 51 әуе рейсі келді. Анықтамасы жоқ 258 жолаушы анықталған.
COVID-19-ға ПТР тест нетижесі жоқ барлық 258 жолаушы коронавирус инфекциясына зертханалық тексеру үшін карантиндік мекемелерге оқшауланды. Зерттелген 258 тестінің 219-ы теріс нәтиже көрсетсе, 39-ы тексерілу барысында.
Әлемдегі эпидемиялық жағдайдың ушығуына байланысты Алматы қаласының әкімдігі қала тұрғындарын мүмкіндігінше шетелге сапарға шығуды уақытша тоқтатуды, сондай-ақ барлық санитарлық-эпидемиялық шараларды: маска режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтауды жалғастыруға шақырады. Тәуекел тобындағы халыққа, әсіресе 65 жастан асқан адамдарға үйден шықпау ұсынылады.
Әлемде эпидемиялық жағдай тұрақсыз, бірқатар елде ауруды жұқтырудың өскені тіркеліп отыр, осыған байланысты карантиндік режимді күшейту бойынша шаралар қабылдануда. Ашық деректерге сәйкес, Испанияда 26 қазаннан бастап ТЖ режимі енгізілді, қалаларда коменданттық сағат жұмыс істейді. Францияда карантин-1 желтоқсанға дейін. Франция билігі коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғаларының көбеюіне байланысты бүкіл елде осыған дейін енгізілген оқшаулау режиміне Парижде коменданттық сағат енгізуге ниетті. Германияда 2 қарашадан бастап бүкіл ел бойынша карантин енгізіледі. Австрияда 3 қарашадан бастап коронавирустың таралуын болдырмау үшін 30 қарашаға дейін екінші карантин басталды.