• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қараша, 2020

Аймақтың әлеуеті артса, әлеуметтің жағдайы оңалады

276 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында өңірлерді дамытуға орай жауапты міндеттер белгіленген болатын. Президент пәрмені аймақтағы істердің атқарылуына серпін беріп, облыс әкімдерінің жұмысын ширата түскені анық. Осы орайда өңірлерде жүзеге асқан шаралар легі баршылық. Енді әкімдер орындалған міндет пен қол жеткен нәтиже жайында жұртты құлағдар етіп, есеп беруге кіріседі.

Ал аймақтардың дамуы жа­йындағы баспасөз мәслихаты Президент жанындағы Орталық коммуникация қызметі алаң­ында өтеді. Алғашқы кезекте жур­на­лис­­тер алдына Алматы облы­сы­ның әкімі Амандық Баталов келді.

Дерек бойынша өткен 9 айда Алматы облысында өнеркәсіпте өсім 3,1 пайызды құрап, 846,7 млрд теңгеге жеткен. Ал ауыл шаруа­шы­лығындағы өсім 2,4 па­йыз болып, қаржылай құны 634,6 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ биыл қарқыны бәсеңдемеген сала­ның бірі – құрылыс. Бұл бағыт­тағы жұмыс көлемі 11,6 пайыз­ға артып, қаржылай көлемі 208,2 млрд теңге шамасында болып отыр. Істің ілгерлеуіне облыс эко­номикасына құйылған инвес­тиция көлемінің артуы да оң ық­пал еткен екен. Мысалға осы 9 ай ішінде 437,9 млрд теңге ин­вес­тиция тартылып, жалпы өсім 8,8 пайыз болған. Айтпақ­шы, Алматы облысының эконо­ми­калық дамуына өңірдің аграр­лық бағытпен шектеліп қал­май, индустриялық бағытқа бейім­де­луі де оң әсерін тигізіп отыр екен. Яғни аймақтағы өңдеу өнер­кәсібінің үлесі 87 пайызға жетті.

– Біздің бүгінгі міндетіміз – Мем­лекет басшысының Жолда­уын­дағы тапсырмаға сәйкес, әрта­­рап­тандырылған және техно­ло­­гия­ланған экономиканы қалып­тастыру. Осы мақсатқа қол жет­кізуде трансұлттық компа­ниялар маңызды рөлге ие. Қазір облыста трансұлттық компания­лар­дың жалпы сомасы 165 млрд теңге болатын, 4 мың жұ­мыс орнын құратын 9 жобасы жүзеге асырылуда. Оның үшеуі – «Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo» іске қосылды. Жыл со­ңына дейін тағы бір нысан – қуаттылығы жылына 60 мың тонна өнім шығаруға жететін «SSA Фид Миллс» құрама жем зауыты пайдалануға беріледі. Сондай-ақ қуаты жылына 1,2 млн тонна болатын облыстағы алғашқы цемент зауыты «Алацем» іске қо­сылмақ, – деп атап өтті А.Баталов.

Жалпы, биыл аймақта құны 153 млрд теңге болатын 71 жо­ба жүзеге асырылады. Жыл қоры­тындысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн теңгеден асады деген болжам бар. Оның ішінде шикізаттық емес экспорт көлемі 6 пайызға өсіп, қаржылай табыс 406 млн АҚШ долларына жетеді деп жоспарланып отыр. Осы жерде жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі өскенін айту парыз. Қазір бұл көрсеткіш 34 пайызға жеткен.

Жетісудың қолайлы табиғаты мен құнарлы топырағы ауыл шаруашылығының дамуына кеңінен жол ашып отыр. Облыста агроөнеркәсіп кешенінің ет пен сүт өндірісін бағытын арттыру, өнім өңдеу мен ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру стратегиялық мақсат ретінде белгіленген. Қазір ел бойынша өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің 17 пайызын Алматы облысы беріп отыр. Сондай-ақ Президенттің суармалы жерді ұлғайту туралы тапсырмасына орай облыста жалпы 138 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу жоспарланған. Өткен жылы 20 мың гектар қалпына келтірілсе, биыл тағы 20 мың гектар айналымға қосылады.

– Президенттің агроөнер­кә­сіптік кешенді дамыту туралы тапсырмасына сәйкес біз бұл бағытта төрт негізгі стратегиялық мақ­сатты белгіледік. Олар – ет пен сүт өндірісін арттыру, ауыл ша­руашылығы өнімдерін өңдеу мен ирригациялық жүйе­лерді қалпына келтіру. Нәтиже­сінде, облыста ірі қара мал басы 1,3 млн-нан, ал қой мен ешкі 4,2 млн бастан асты. Сүтті мал шаруашылығын дамыту мақ­сатында 26 мың басқа арналған 82 тауарлы-сүт фермасы құрыл­ған. Алайда ет өңдеу кәсіпорын­дарының жүктемесі 4 пайызға өсіп, 66 пайызды ғана еңсерді. Бұл бағытта мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз. Сол сияқты сүт зауыттарының жүктемесі 73,4 пайыз шамасында. Сондықтан біз 2025 жылға дейін ет өндірісін 500 мың тоннаға, сүт өндірісін 900 мың тоннаға дейін жеткізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша 25 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – дейді облыс әкімі.

Облыс дамуының бір көрсет­кі­шін аймақтағы тұрғын үй құры­лысына қарап бағамдауға болады. Мәселен, өткен 9 айда 712,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға беріліп, нәтижелі көрсет­кіш 7,6 пайызға өскен. Ал жыл­дық жоспар бойынша 938,8 мың шаршы метр тұрғын үй қолда­нысқа беріледі.

– «Нұрлы жер» бағдар­лама­сы шеңберінде тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұры­лым­дардың құрылысына 38,3 млрд теңге бөлінді. Жалпы, облыста барлығы 2 843 пәтерлік 566 тұр­ғын үй салынуда, оның 1 020 пәтері көпбалалы отбасыла­рына беріледі. 1 533 отбасы «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ 5-10-20» жеңілде­тілген бағдарламалары бойынша пәтер алады. Облыс орталығы Тал­дықорғанда 670 үйден тұра­тын коттедж қалашығының құрылысы жүріп жатыр. Биыл 345 үйді қолданысқа береміз. Әрі бұл аумақта мектеп, балабақша, балалар және спорт алаңдары салынуда, – дейді А.Баталов.

Биыл Алматы облысында «Жұмыспен қамту жол картасын» бойынша ауылішілік жолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Жалпы, жергілікті маңыздағы жолдарды салу мен жөндеу жұмыстарына Алматы облысында 62 млрд теңге қаржы қарастырылған. Мұнан бөлек, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал – Достық», «Күрті – Бурылбайтал» және «Ұзынағаш – Отар» республикалық жол­дарының құрылысы мен жаңғырту жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Барлық учаскедегі құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталуы тиіс. Яғни бұл іс жемісін беріп, транзиттік жүк тасымалы мен туристер легін арттыруға ықпал етеді. Жалпы, Алматы облысында «Жұмыспен қамту жол картасы» аясындағы 451 жоба әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған. Жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар аясында Алматы облысында 56,2 мың жұмыс орны құрылды, соның 30,1 мыңы – тұрақты жұмыс орны. Сондай-ақ өңірде «Еңбек» бағдарламасы бо­йынша 33 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұ­мыспен қамтыған азаматтар жұмыспен қамтудың белсен­ді шараларына тартылуда. Бұл мақ­сатқа 15,7 млрд теңге қарасты­рылған.

Айтпақшы, облыстағы ма­ңызды жұмыстың қатарында тұрғындардың табиғи отынмен қамтылуы тұр. Дерек бойынша жыл соңына қарай аймақтағы 1,2 млн тұрғын көгілдір отынға қол жеткізіп, табиғи газға қосылу көр­сеткіші 57 пайызға жетеді екен. Және облыста ауыз сумен қамту жүйелерінің құрылысы мен жөн­деуіне қатысты 17,9 млрд теңге бө­лініп, бұған 110 жоба іске асыры­луда. Осының нәтижесінде, 90 елді мекенде ауыз су сапасы жақсарады.

– Бүгінде Алматы облысы ауыл­дық елді мекендерді орта­лық­тандырылған ауыз сумен қамту бойынша көшбасшылар қа­тарына шықты. Яғни қамту көрсеткіші – 98,8 пайыз. Ал өңір халқының 80 пайызы ауыл­да тұрады. Сонымен қатар қазіргі күні газ облыстың 15 ауданы мен қаласына жеткізіліп, газ­дан­дыруға жататын 144 елді мекенге газ тартылды. Бұл жұмыс бойын­ша Талдықорғанда төртінші кезең аяқталуда, Балқаш, Қара­тал, Көксу, Кербұлақ және Ескел­ді аудандарында ауыл­ішілік желілердің құрылысы қар­қын­ды жүріп жатыр. Жыл соңына қарай облыстың 1,2 млн тұр­ғыны табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Әрине, бұған тоқ­мейілсуге бол­майды. Аймақта әлі бес ауданда газ жеткізілмеген. Бұл мәсе­лені шешу ол үшін «Ақсу – Сар­қан – Үшарал», «Шелек – Кеген – Нарынқол» бағытындағы газ құ­бырлары құрылысының құжат­тамалары дайындалуда. Соның нәтижесінде, тағы 300 мың адам газбен қамтылатын болады, – деді А.Баталов.

Қорыта айтқанда, Жетісу өңірі биыл да даму ырғағынан айныған жоқ. Ел экономикасына қомақты үлес қосып отырған аймақтағы еңбек дүбірі мен өндіріс екпіні бәсеңдемей, ілгерлей түскен.